Еңбегі ерен Нұрбай аға Избранное

Пятница, 18 Май 2018 05:25 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 214 раз

Жыл сайын елімізде сан мың түлек мектеп бітіріп, жоғары оқу орнының студенті атанады. Дегенмен, солардың арасында білімге құштар жандардың болғаны көңілге қуаныш сыйлағанымен, олардың қатарында жұмысшы мамандықты таңдайтындары әлі де болса аз екені жасырын емес.

IMG-20180516-WA0024

Осы тұста еңбек мамандығын таңдауда Оңтүстіктегі Мақтаарал ауданының тумасы Нұрбай Өмірбеков ағамыздың ерен еңбегі үлгі болса дейсің. Нұрбай
Қыдырбекұлы жұмысшы маман атанып қана қоймай, жол төсеп, көпір салумен елдің ықласына бөленіп жүрген азаматтардың бірі, ел ағасы. 1978 жылы орта білімін бітіргеннен бастап мақта өсіру бойынша ауыл шаруашылығында, 2002 жылдан бері жол саласында үздіксіз қызмет етіп келеді. Облыс пен мемлекет басшыларынан алғыс хат алып, 2015 жылы III дәрежелі «Еңбек Даңқы» орденінің иегері атанған. Бүгінде 4 перзенттің асқар тау әкесі, 12 немеренің сүйенер тіреуі.
– Қазір Қазығұрт ауданындағы Жігерген ауылында 12 адамнан құралған бригадамен 11 шақырым жол салып жатырмыз. Таңғы 6-7-ден бастаған жұмыс қас қарайғанға дейін жалғасады. Кішкентайымнан еңбекқор болып өскеннен болар, балаларым да ата жолын таңдады. Үш ұлым да өзім сияқты механизатор болып жұмыс істейді. Күн ұзақ ерінбей еңбек етіп, соның жемісін көріп жүрміз, – дейді «Шымкентдострой» ЖШС-нің механизаторы.
Елбасы Н.Назарбаевтың «100 нақты қадам» Ұлт жоспарындағы қоғамды еңбекпен қамту бағытындағы 20 нақты тапсырмасы ел азаматтарын еңбек етуге шақырады. Жұмыстың үлкен-кішісі болмайтыны сияқты аймақтағы қай нәрсенің де өзегі еңбекпен көркейері сөзсіз. Осыған орай Президенттің еңбек туралы пайымдары үлкен-кішінің бәрінің діттеген ойынан шыққан мәселе. «Мен не бітірдім, не істедім?» деп кәдімгідей алаңдаған егде кісілердің дегбірсізденген күйін көргенде, ерекше толқып кетеді екенсің. Олар қиындықты да, жоқшылық пен жалқаулықты да – барлығын тек еңбек майданы жеңерін тілге тиек еткенде, ата-бабаларымыздың кейінгі өсиет етіп қалдырған адал тірлік хақындағы асыл мұралары сананы тағы да отты сәулемен толтырады.
– Қай саланың болмасын өзіндік қиындықтарымен қатар артықшылықтары болады. Жол төсеп, көпір салу – сауапты іс. Кейде қолдан күш кетіп, физикалық тұрғыда шаршасақ та, рухани жағынан жасап жүрген жұмыстарға іштей қуанамыз, – деген ел ағасы еңбегін бағалайтын басшыларға алғыс айтуды ұмытпады.
– Осындай іскерлікті бағалайтын кәсіп орыннан бастап, қала-облыс басшыларына, Елбасымызға мың алғыс айтамын. Елімізде бйбітшілік болғай. Татулықта берекелі тірлік жасап, келер ұрпаққа үлгі-өнеге қалатын адал еңбек етсек деймін. Халқымыз аман болсын! – деп аяқтады сөзін «Еңбек Даңқының» иегері.