Елорда тойы – елдіктің тойы Избранное

Пятница, 18 Май 2018 05:36 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 207 раз

Елімізде Астана қаласының 20 жылдығын тойлау басталып кетті. Жалпы, Елорда тойы – елдіктің тойы. Астана – ғылым-білім, мәдениет пен руханияттың орталығы. Осы жылдың маңызды оқиғаларының бірі – Астананың 20 жылдығы. Таяуда Елордада сәулеті келіскен тағы бір ғимарат ел игілігіне берілген еді. «Сарыарқа» ауданында орналасқан жаңа мешітті ҚР Президенті Нұрсұлтан Назарбаев та тамашалап көрді. 20 жылдық қарсаңында Астанада Global Challenges Summit 2018 XI Астана экономикалық форумы өтіп жатыр.

news image 13850

Биылғы форумға әлемнің әр елінен 500-ге жуық спикер қатысады. Олардың арасында Францияның экс-президенті Франсуа Олланд, БҰҰ-ның бұрынғы бас хатшысы Пан Ги Мун, Аррle компаниясының негізін қалаушы Стив Возняк, Дүниежүзілік банктің Еуропа және Орталық Азия жөніндегі бас экономисі Ганс Тиммер және т.б. беделді тұлғалар бар.
Елбасы форумда сөйлеген сөзінде «Мегаполистер дәуірі келе жатыр. Олар инвестиция, білікті мамандар мен технологиялар үшін тартысқа түседі» деп атап өтті. Жиында 11 жаһандық сын-қатер мәселесі талқыға салынбақ. Яғни, алғашқы екі күні күн тәртібіндегі жаһандық мәселелерге арналады, ал үшінші күні спикерлер алты бағыт бойынша еліміздің мамандарымен бірлесе отырып жұмыс істейді. Сондай-ақ, форум аясында жалпы құны 20 млрд доллардан асатын 300-ден астам меморандум мен келісімдерге қол қою жоспарланып отыр. Форум жұмысы 19 мамырда аяқталады.
Ал Есіл өзенінің оң жағалауында орналасқан мешіт мерейлі мерейтойға орай пайдалануға берілді. Қаланың руханиятын биіктетіп отырған мешіт ғимараты дәстүрлі өрнектер мен декоративті элементтер қолданыла отырып, постмодернизм стилінде салынған. Қабырғалары үшбұрыштана сүйірленіп, диаметрі 26 метрлік күмбезбен жалғасқан. Ең бастысы, мұнда ғимаратты электр қуатымен және жылумен қамтамасыз ету баламалы энергия көздері арқылы іске асады. Жаңа мешіт 750 адамға лайықталған. Мешіт ғимаратының ауданы – 2248 шаршы метр.
Жалпы, Астананың 20 жылдығын тойлау жыл басынан басталған-тын. Сәуір айында Елбасы елорданы одан әрі дамыту мәселелері жөнінде кеңесте Астана мерейтойын атап өту аса маңызды шара екенін айтты. Оған салмақты қарауды талап етті.
– Біз тарихи тұрғыдан қысқа мерзім ішінде тиісті инфрақұрылымы бар, миллион адам мекендейтін нағыз мегаполис тұрғыза алдық. Астана – бүкіл жер шарының назарын өзіне аударып, әлемдік деңгейдегі маңызды шаралар өткізе алатын, дүние жүзіне танымал қала. Тұрғындарының саны 1 миллионнан асты. Халық санының өсуімен қатар тұрғын үй құрылысы да жанданып келеді. 20 жыл ішінде 20 миллион шаршы метр тұрғын үй, 53 жаңа мектеп және 26 аурухана пайдалануға берілді. Әрине, бұл – қала әкімшілігінің, құрылысшылардың, сәулетшілер мен осы үдеріске атсалысқан көптеген адамның маңдай терінің жемісі. Қыруар еңбек жатыр, күндіз-түні, аязда, боранда тынбай тірлік істеген құрылысшылар, монтажшылар, қаланың ішін өңдеген адамдар және біздің де көптеген еңбегіміз бар, – деді Елбасы.
Мемлекет басшысы тартылған инвестиция көлеміне, шағын және орта бизнестің өркендеуіне оң баға бере отырып, тұрғын үй-коммуналды шаруашылық саласына уақтылы бақылау жасау, көлік инфрақұрылымы мен жеңіл рельсті көлік желісінің құрылысын дамыту, демалыс орындары мен білім беру нысандарын салу, қаланың экологиялық проблемаларын шешу және қалдықтарды қайта өңдеу жүйелерін дамытуға пәрмен берді.

Іс-шаралар жыл бойы өтеді

Әрине, бұл тойдың жөні басқа. Той десе ішкен асын жерге қоятын халықпыз. Елбасы да елдіктің тойын байыпты етіп тойлауды, барлық облыстар өз үлесін қосу керегін де ескерткен. Әрі шектен шықпай, мазмұнды шараларға мән берілуі тиіс.
Астана қаласының әкімі Ә.Исекешевтің айтуынша, Президент Әкімшілігінің жетекшілігімен мемлекеттік комиссияның бірқатар отырыстары өткен. Жалпы дайындық алгоритмі, іс-шаралар мен қоғамдық қауіпсіздік мәселелері бекітілген. Биылға жалпы 645 іс-шара жоспарланып отыр. Солардың ішіндегі ең маңыздылары – 3 шілде күні өтетін Жібек жолы елдері қалаларының мэрлері қатысатын форум, 4 шілде күні өтетін Дүниежүзілік мұсылмандар форумы, 5 шілде күні өтетін Қаржы орталығының халықаралық тұсаукесері және тағы да басқа форумдар, конференциялар, спорттық және мәдени іс-шаралар. Мәдениет министрлігі ұйымдастырып отырған елордалар парады да маңызды жоба. Қазіргі уақытта Мәскеу, Бейжің, Анкара өз келісімдерін беріп отыр.
ҚР Мәдениет және спорт министрі Арыстанбек Мұхамедиұлы да Астананың 20 жылдық мерейтойына жоспарланған шаралар жыл бойы өтетінін хабардар еткен. Оның сөзінше, маусым-шілде айлары шараларға толы болады, одан кейінгі айлар бос болып қалмас үшін іс-шаралар жыл бойына біркелкі қылып бөлінеді. Жалпы, еліміздің беделін көтеретін іс-шараларды ұйымдастыруға басымдық беріледі.

Астана – ашық диалог алаңы

Астана бәйтерек

«Астана» сөзі қазақ қолданысына араб тілінен енген. Оның араб тіліндегі түпкі мағынасы «жұмаққа барар жолдағы табалдырық» дегенді білдіреді. Қазақ ақын-жырауларының сөз қолданысында астана «байтақ ел, бақ қонған жер» деген мағына береді екен.
Бүгінде Астанада Орталық Азиядағы ең биік ғимараттардың біріне айналатын «Абу Даби Плаза» ғимараты салынып жатыр. Оның биіктігі 320 метр, 88 қабаттан тұрады. Ғимараттардың құрылысында энергия сақтау технологиялары пайдаланылады. Жалпы, Елорда құрылыс ауқымы жөнінен елде көш бастап тұр.
Соңғы жылдары Астана бейбітшілік пен ынтымақтастыққа шақыратын бүкіләлемдік сұхбат алаңына айналды. Астананың Қазақстан мен Еуразияның дәл ортасында орналасуы, Шығыс пен Батысты, Оңтүстік пен Солтүстікті байланыстыруы оның жаһандық бейбітшілік пен сұхбат алаңына айналуына мүмкіндік береді. Сол себепті Әлемдік және дәстүрлі діндер съезі, Астана экономикалық форумы, Рухани келісім форумдары, Дүниежүзі қазақтарының құрылтайы, VII Қысқы Азия ойындары, ЭКСПО – 2017, т.б шаралардың Астанада өтуі кездейсоқ емес. Астана XXI ғасырдағы ғылым-білім, мәдени орталығы болуымен қатар ғаламдық сұхбат алаңына айналды. 2010 жылы Еуропадағы қауіпсіздік және ынтымақтастық ұйымының (ЕҚЫҰ) тарихи саммиті өтті.
Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың ел астанасын оңтүстіктен солтүстікке көшіруі дұрыс шешім болғанын тарих дәлелдеп берді.
Астана, одан бөлек, бұқаралық спорт әрі халықаралық спорт сайыстарының ордасына айналған. Көптеген спорт түрлерінен әлем чемпионаттары мен Азия чемпионаттары ұйымдастырылуы сөзімізге дәлел. Ұлттық спортты насихаттауға арналған «Қазақстан барысы» жобасы ел күтетін бірегей жобаға айналды.
Астана – Еуразия жүрегі. Астананы ресми көшіру 1997 жылғы 10 желтоқсанда жүзеге асты. Президенттің 1998 жылғы 6 мамырдағы Жарлығымен
Ақмоланың атауы Астана болып өзгертілді. Жаңа астананың халықаралық тұсаукесері 1998 жылғы 10 маусымда өтті. 1999 жылы
Астана ЮНЕСКО шешімімен «Әлем қаласы» атағын алған еді.
Қаланың тарихи қалыптасу кезеңі де ерекше оқиғалардың бірі. 1998 жылдың өзінде жаңа елордаға көшіп көшіп келгендердің саны 14 мыңға жетті. Олардың дені 20 мен 40 жас аралығындағы жастар еді. Қалаға тағдырдың жазуымен тарихи отанынан аулақта өмір сүруге мәжбүр болған қазақ диаспорасы өкілдері де келе бастады. Әсіресе, Ақмола, ОҚО және Қарағанды облыстарынан адамдар ағыны күшейе түсті. Осылайша Астана біртіндеп техникалық және гуманитарлық интеллигенцияның шоғырланған орталығына айналды.
Қазір қала экономикасының негізі – сауда, өнеркәсіп өндірісі, көлік, байланыс және құрылыс салалары. Шаһардың өнеркәсіп өндірісі негізінен құрылыс заттарын, азық-түлік өнімдерін шығару мен машина жасау ісі төңірегіне шоғырландырылған. Құрылыс металл бұйымдарын, пайдалануға дайын бетон және бетоннан жасалған құрылыс заттарын шығару жөнінен алдыңғы орынды иеленеді. Кәсіпкерлік мәдениеті қарыштап дамып келеді – Астанада 128 мыңнан астам шағын және орта кәсіпкерлік нысаны жұмыс істейді.

Келешегі кемел

Деректерге көз салсақ, Арқа төсіне көшіп келген жылдары Астанадағы тұрғындар саны 290 мыңдай болған. Ал қазір қала тұрғындарының саны миллионнан асты. Статистика бойынша, ішкі көші-қон есебінен бас қаламызға қоныс ауыстырғандар саны 1999 жылдан бастап қарқын алады. Қазіргі уақытта қала тұрғындарының саны 1 млн адамнан асады. Олардың 82 пайызы – қазақтар. Орташа есеппен алғанда жыл сайын қала тұрғындарының саны 25-30 мың адамға артуда.
2030 жылға дейін Астанада халықтың саны 2 миллионға жетеді. Бұл туралы Елбасы Қазақстан халқы Ассамблеясының XXVІ сессиясында мәлімдеген еді. Ал 2050 жылға қарай қала халқы қаншаға жуықтамақ?
– Жақында біз қаланың даму болашағын қарастырған едік. 2030 жыл жылға дейін қала халқы 2 миллионға жетеді деген болжам бар. Осылайша Астанада 2 миллион адам, Алматыда шамамен 3 миллион адам болады. Дәл осындай ірі қалаларда ғылым, білім, мәдениет пен технологиялар дамиды. Урбанизацияны тоқтата алмаймыз. Адамдар қалаға көшкісі келеді. Астана да үлкен «қазанға» айналды. Бұл жерге адамдар Отанымыздың түкпір-түкпірінен келіп, өз жұмысын, өз бақытын, өз баспанасын тапты, – деген еді Елбасы.
Сондықтан қала әкімшілігі алдында коммуналдық және басқа да қызметтердің жұмысын үздіксіз ұйымдастыру міндеті тұр. Оған қоса мемлекет азаматтарының саны барлық аймақтарда біркелкі болу үшін мемлекет басшылығы үйлесімді демографиялық және миграциялық саясатты жүзеге асыру бойынша жан-жақты шаралар қабылдауды жоспарлап отыр.
Астананың болашағы жарқын. Елбасы айтқандай, Астана – жаңа, серпінді дамып келе жатқан Қазақстанның бейнесі, жаңарудың, республикамыздың тәуелсіздігінің нышаны. Осы тұрғыдан алып қарағанда, Отанымыздың әр азаматының болашақтың қаласы – сүйікті Астанамыздың гүлденуіне өзінің қайталанбас үлесін қосуға мүмкіндігі бар.
Жалпы, Елорда тойы – елдіктің тойы. 20 жыл деген жас жігіттің ғұмыры. Ендеше, уақыт сәтімен жас мегаполис көркейе берер. Астананың дамуына еліміздің барлық өңірлері атсалысуы тиіс.