Шымкентте жаңа теміржол вокзалы салынады Избранное

Среда, 23 Май 2018 09:34 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 282 раз

Шымкенттің Бас жоспарына сәйкес шаһарда тәулігіне 20 мың жолаушы өткізетін жаңа айналма теміржол вокзалы салынады.

333333

Мемлекет басшысының «Төртінші өнеркәсіптік революция жағдайындағы дамудың жаңа мүмкіндіктері» атты Жолдауына сәйкес жүзеге асырылған жобаны халықаралық топ әзірлеген. Жоба жетекшісі – экономика ғылымдарының докторы, профессор Алихан Бижанов, жобалаушылар құрамында техника ғылымдарының докторы, профессор, «Байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институты» ЖШС директоры
Алтайбек Оразбеков, ҚР сәулетшілер одағының ОҚО филиалының төрағасы Асқар Мамырбаев және «Қазақстан темір жолы» Ұлттық компаниясы» АҚ өкілдері бар.
Заманауи үлгіде бой көтеретін екінші теміржол желісінің техникалық құрылысының сипатын Оңтүстік Қазақстан облысының әкімі Жансейіт Түймебаевқа байланыс жолдарын дамыту ғылыми-зерттеу институтының директоры А.Оразбеков таныстырды. Мамандар теміржол желісін салу кезінде көлік салудың және пайдаланудың озық цифрлық технологиялары пайдаланылады деп отыр. Бұған қоса инновациялық технологиялар, соның ішінде жоғары технологиялық цифрлық инфрақұрылымды енгізу көзделген.
Айта кетейік, Шымкент қаласының Бас жоспарына сәйкес Батыс Еуропа – Батыс Қытай халықаралық көлік дәлізінің бойында салынуы тиіс вокзалдың жобасы аясында «Шымкент-2» жаңа теміржол вокзалы мен жүкті сұрыптау станциясы және үлкен автовокзал салынады деп жоспарлануда. Сонымен бірге жалпы алаңы 16 гектарды құрайтын жобада қонақ үй мен әкімшілік ғимарат, 1000 автокөлікке арналған тұрақ қарастырылған.
Жетекшілер бұл жобаны Шымкент қаласының 2020 жылғы ТМД елдерінің мәдени астанасы жылына орай іске асырып, пайдалануға беру мүмкіндігі бар дейді. Ал облыс әкімі бұл жобаның әлеуметтік маңызы бар екенін айтып, жаңа вокзалдың жолаушыларға қызмет көрсетуді жақсартуға және туристерді аймаққа тартуға мүмкіндік беретінін атап өтті. Облыс әкімі осыған байланысты тиісті ведомство басшыларына жобаны жүзеге асыру үшін жұмыс тобын құруды тапсырды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.