Қазақты сансыратқан қанды қасап Избранное

Среда, 30 Май 2018 04:21 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 216 раз

Қазақтың тарихы тереңде жатыр. Еліміздің өткенінде нелер болып, нелер кетпеді десеңізші... Халқымыздың өткен жолында мәртебелі дәуірлермен қатар «тар жол тайғақ кешкен» қасыретті кезеңдердің де аз болмағаны ащы ақиқат. Сондай ақтаңдақтың бірі – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін, ашаршылық кезең. Сонау «Ақтабан шұбырынды, Алқакөл сұлама» заманынан әупірімдеп шыққан халқымыз «репрессия» қаһарына ұшырап, осынау кең жаһан далада жойылып кету қаупіне ұшырады.

Қасірет-1

1925 жылы қыркүйекте
Қазақстанға басшылық қызметке Ф.Голощекиннің келуі елдегі жағдайды одан бетер ушықтырды. Голощекин
Қазақстанды кеңестік өзгерістерден тыс қалған деп санап, елде «Кіші Қазан» төңкерісін жүргізу саясатын ұстанды. Оның жүргізген саясаты ұлт зиялыларын жаппай қуғындауға ұласты. Голощекин өзіне қарсы шыққандарды қызметтерінен алып, республикадан қуды, олардың көзін жоюды қолға алды. Осылайша саяси қуғын-сүргін Қазақстанда 1928 жылдың ортасынан Алаш қозғалысына қатысқан қайраткерлерді тұтқындаудан басталды. Оларға «буржуазияшыл-ұлтшыл» деген айып тағылып, әртүрлі мерзімге түрмеге қамалды, ату жазасына кесілді, еріксіз жер аударылды. Ұлт қайраткерлеріне негізінен КСРО-ны құлату үшін жасырын контрреволюциялық ұйымдар құрды деген заңсыз жала жабылды. Сонымен қатар молдалар мен діндарларды «басқаша, бөтен ойлайтындар» деп айыптады.
Жалпы, зерттеушілердің деректеріне сүйенсек, 1927-1953 жылдар аралығында
Қазақстан бойынша 125 мыңнан астам адам қуғын-сүргінге ұшыраған. Солардың ішінде 25 мың адам ату жазасына кесілді. Арасында қазақ зиялылары, ғалымдар, мәдениет және саясат саласының қайраткерлері болды. Қуғын-сүргін жылдарында бүкіл елде 953 лагерь мен қоныс мекендері болған. Қазақстанда 11 ГУЛАГ лагері орналасты.
Саяси қуғын-сүргіннен зардап шеккен елге ашаршылық та жығылғанға жұдырық болып тиді. 1920 жылдардың соңында және 1932-1933 жылдар аралығында қасақана ұйымдастырылған жасанды зауалдан, әсіресе қазақ халқы қатты зардап шекті. Мұны 2012 жылы Елордада «1932-1933 жылдардағы ашаршылық құрбандарының рухына тағзым» монументалды сәулетті көркем композициясының салтанатты ашылу рәсімінде Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев баса айтқан болатын. Мемлекет басшысы «Кеңес Одағы аумағындағы 1932-1933 жылдары болған ашаршылық адамзат тарихындағы ең қасіретті кезеңдердің бірі еді. Сол кездерде Қазақстанда ғана емес Ресей, Украина, Беларусь жерлерін қамтыған алапат ашаршылық 7 млн адамның өмірін жалмады. Қазақ сондағы жасанды зауалдан ең қатты зардап шеккен халықтың бірі еді» деген еді.
Қанды қасап кезеңде қазақ жеріне тұтас халықтар жер аударылды. ХХ ғасырдың бірінші жартысында Қазақстанға миллиондаған адам күшпен көшіріліп әкелінді. Олардың арасында кәрістер, финдер, немістер, поляктар, күрдтер мен қарашайлар, месхеттік түріктер, кавказдықтар және басқа да көптеген ұлыстар бар. Үздіксіз жалғасқан саяси науқандар мен қуғын-сүргіннен есін жия алмай жатқанына қарамастан, қазақ халқы, тағдырдың тәлкегіне түскен барша ұлыстарды бауырына басты. Кеңестік биліктің пәрменімен қазақ жеріне қоныс аударған сол этностар өкілдерінің барлығы бүгінде біздің бауырларымызға, отандастарымызға айналды. Тар жерде табысқандардың ұрпағы – кең жерде келісіп, бүгін тағдыры бір Қазақстан халқы деген ұлы елге айналды. Бейбітшіліктің бесігі атанып, бүкіл әлемге танылды. Төрт тарапты түгел мойындатып, өсіп-өркендеу жолына түсті...
Осылайша 31 мамыр Қазақстанда ашарлықта қаза тапқандарды еске алу күні ретінде аталып өтіледі. Жер-жерде зұлмат заманның құрбандарын еске алуға арналған митингілер ұйымдастырылады. Солардың бірі – Шымкенттегі саяси қуғын-сүргін және ашаршылық құрбандары музейі.
– Біздің тарихымызда өткен ғасырдың 30-жылдары еліміз КСРО халықтарының үлкен түрмесіне айналған қасіретті кезең ретінде қалды, – дейді музейдің директоры Батырғазы Серғазиев. – Сол түрмелерге жалпы саны 5 миллионнан астам адам қамалып, азапталды. Ал ұлтымыздың бас көтерер тұлғаларының саяси қуғын-сүргіні 1954 жылға дейін созылды.

2

Жазықсыз опат болғандардың арасында халқымыздың ойшыл ұлдары – Ахмет Байтұрсынов, Міржақыпов Дулатов, Мағжан Жұмабаев, Жүсіпбек Аймауытов, Халел Ғаббасов, Мұхамеджан Тынышпаев, Халел Досмұхамедов, Жақып Ақбаев, Тұрар Рысқұлов, Нығмет Нұрмақов, Сұлтанбек Қожанов, Ұзақбай Құлымбетов, Ораз Жандосов, Әбілхайыр Досов, Смағұл Сәдуақасов, Темірбек Жүргенов, Әлихан Бөкейханов, Сәкен Сейфуллин, Ілияс Жансүгіров, Бейімбет Майлин, Құдайберген Жұбанов, Санжар Асфендияровтар болды.
Тарихшының айтуынша, қаралы күнге арналған іс-шаралар биыл екі күн бойы өтеді. 30 мамыр күні ОҚМПУ-да ғылыми семинар ұйымдастырылмақ. Оған белгілі тарихшылар мен ғалымдар қатысып, «Алаш Орда» өкілдерінің өміріне, қазақ жеріндегі ашаршылыққа қатысты белгісіз тарих беттерін баяндайтын болады. Жиынға, сонымен қатар, алашордалықтардың ұрпақтары да қатысады деп күтілуде.
Ал 31 мамыр күнге ауқымды бағдарлама жоспарланған. Іс-шара таңертең Шымкенттегі «Қасірет» мемориалынан басталады. Мұнда зұлмат жылдарда опат болғандардың ескерткішіне гүл шоқтары қойылып, рухына тағзым жасалады. Аласапыран жылдардың құрбандарын еске алу бұдан кейін саяси қуғын-сүргін құрбандарының музейінде жалғасады.

3

...31 мамыр – ХХ ғасырдың басында талайды сарсаңға салып, қасірет шектірген саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні. Бұл дата 1997 жылы Қазақстан Республикасының Президенті Нұрсұлтан Назарбаевтың Жарлығымен бекітілді. Бұл қадам – жазықсыз жапа шегіп, қазақты егеменді ел етеміз деп еркіндікке ұмтылған ерлердің алдындағы борышты өтеуге, парызды ақтауға арналған жұмыстардың бастауы. Себебі, саяси қуғын-сүргін құрбандарын еске алу күні Қазақ халқы үшін айрықша маңызға ие. Қанқұйлы жылдардың оқиғасын, оның жазықсыз құрбаны болған адамдардың есімдерін мәңгі ұмытпай, оларды әрқашан есте сақтау, өткенге салауат етіп, ақтаңдақтар ақиқатына тереңірек мән беріп, ұғыну – бүгінгі ұрпақ парызы.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.