Ассамблея – бірліктің бренді Избранное

Понедельник, 04 Июнь 2018 03:41 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 81 раз

Шымкент қаласында «Әлеуметтік бес бастама – бейбіт өркендеу мен қоғамдық келісімнің кепілі» тақырыбында облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясы өтті.

 DSC7570

Бұған дейін Елорда төрінде Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХVI сессиясы өткені белгілі. «Бес әлеуметтiк бастама – қоғамның әлеуметтiк бiрлiгiнiң тұғыры» тақырыбымен өткен мәжілісте Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев Қазақстан қоғамының бірлігін одан әрі нығайту қажеттігіне айрықша тоқталған-ды. Өңір басшысы Президент жүктеген сол бірқатар мақсат-міндеттердің облыста жүзеге асырылу барысын тағы бір түсіндіріп өтті.

6

– Елбасының байыпты бастамалары – әлеуметтік мемлекет құруды көздейді. Ол әрбірімізге әлеуметтік жауапкершілік жүктеп, ауызбірлігімізді одан әрі бекемдеуге жетелейді. Қазақстандықтар Тәуелсіздік берген толағай табыстарға куә. Басты жетістігіміз – биыл 20 жылдығы аталып өтетін еңселі Елордамыз. Ал алтын құрсақты аймақ тұрғындарының саны тәуелсіздік жылдарында миллионға артса, бүгінде шырайлы Шымкентіміз миллиондық белесті бағындырды, – деді Жансейіт Түймебаев.
Облыс әкімі төрағалық еткен сессияға қала, аудан әкімдері, облыс және қалалық мәслихат депутаттары, этно-мәдени бірлестік төрағалары мен зиялы қауым өкілдері қатысты.
М.Әуезов атындағы ОҚМУ ректоры Дария Қожамжарова «Қазақстан халқы Ассамблеясы» туралы Заңға енгізілген өзгертулер мен толықтырулар жайлы баяндама жасады.
Ал ҚР Ұлттық Банкі әзірлеп жатқан «7-20-25» бағдарламасы туралы Банктің ОҚО филиалының директоры Әнуар Ботанбеков баяндады.
– Несие бойынша сыйақы мөлшерлемесі жылына 7%-дан аспауы тиіс болса, алғашқы жарна 20%-дан аспайды. Ал несие мерзімі – 25 жылға дейін. Бағдарламаның «7-20-25» деп аталуы осыны білдіреді. Салыстырмалы түрде айта кетсек, қазіргі ипотеканың сыйақы мөлшері орта есеппен 14-16%-ды құрайды. Ал алғашқы жарна – 50%-ға дейін жетеді және төлеу мерзімі 15 жылдан аспайтын. Жаңа бағдарлама баспанамен қамту мақсатында тиімді жұмыс істемек. Сонымен қатар «7-20-25» бағдарламасы аясында бонус көлемін ұлғайту үшін «Нұрлы жер» бағдарламасына қосымша қаржы қарастырылмақ, – деді Банк директоры.
Облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ХХI сессиясында республикалық «Дустлик» өзбек этномәдени бірлестігінің төрағасы Икрам Хашимжанов Қазақстандағы Өзбекстанның жылына орай, бауырлас елдер арасындағы байланыс жайлы пікірін ортаға салды. Ол: «Мамыр айында өңірімізге келген Өзбекстан делегациясын облыс әкімі Жансейіт Түймебаев жылы қабылдап, бар құндылығымызды көрсетті. Қазақтың салт-дәстүрі мен ұлттық ас мәзірінен дәм ұсындық. Сонда тарихи, кәсіпкерлік бағытта өрбіген сапардан зор әсер алған делегация мүшелері «Біз сіздерді дәл осы деңгейде күте алар ма екенбіз» деген таңданысқа толы ішкі ойын жасыра алмады» деді.
Елордадағы Ассамблеяның ХХVI сессиясында көтерілген «Қазақтану» жобасы туралы тақырыпты «Цеснабанк» АҚ қызметкері әрі қазақ шаңырағының келіні Юлия Дробязко тарқатты. Сонымен қатар Президент бастамасында айтылған жатақхана салудың маңызына М.Сапарбаев атындағы ОҚПИ оқытушысы Арзу Гурбанова тоқталды.
– Санасын тұрмыс билеген жастардан жасампаздық күту қиын. Мемлекет басшысы бес бастаманың бірін «Жоғары білім алудың қолжетімділігі мен сапасын арттырып, студент жастардың жатақханадағы жағдайын арттыру» мәселесіне арнағаны сондықтан. Біздің облыстағы жоғары оқу орындары 26 жатақханамен қамтамасыз етілген. Ал студенттер саны 150 мыңнан асады. Бүгінгі таңда 7600 студентке жатақхана қажеттілігі туындап отыр. Яғни, тағы 17 жатақхана қажет. Міне, осы тұрғыда біздің өңір Президент саясатын алғашқылардың бірі болып қолға алды, – деген Арзу Арифқызы барша этнос өкілдерінің атынан пейілі кең, дархан қазақ халқына алғысын айтты.
Жиында облыстың қоғамдық-саяси өміріне белсене қатысып, елеулі үлес қосқан облыстық кәріс этно-мәдени бірлестігінің төрайымы Роза Пак пен облыстық грузин этно-мәдени бірлестігінің төрағасы Заал Бочорашвили облыс әкімінің Алғыс хатымен марапатталды. Сондай-ақ облыстық Қазақстан халқы Ассамблеясының ғимаратында «Әр этностың бренді» жобасы аясында жергілікті тауар өндірушілердің көрмесі ұйымдастырылып, «Бірлігі бекем ел озады» тақырыбындағы бейнефильм көрсетілді. Облыстық этномәдени бірлестіктердің қатысуымен дайындалған концерттік бағдарлама көпшіліктің назарына ұсынылды.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.