Версия для печати

Су салғырттықты кешірмейді... Избранное

Пятница, 13 Июль 2018 03:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2722 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Күн ысып, жаз күшіне әбден мінді. Қызығы мол, шыжығы да аз емес шомылу маусымы қызған шақ. Шыжығы деп отырғанымыз – суда болатын қауіпті жағдайлар. Әсіресе, жазда жиі өкіндіретін, тіпті, соңы қайғылы аяқталатын суға бату оқиғалары. Мұндай өкінішті жағдайлар не себепті орын алады? Осындай келеңсіздіктің алдын алу үшін қайтпек керек?

IMG 8263

ЖҮЗЕ АЛМАЙТЫНДАР...

Жыл басынан бері Түркістан облысы мен Шымкент қаласында 17 адам суға батқан. Ең өкініштісі, олардың 11-і – балалар. Төтенше жағдай саласы мамандарының айтуынша, қайғылы жағдайдың көбісі адамдардың салғырттығынан болатын көрінеді. Мысалы, суға батқандардың көбісі шомылуға рұқсат берілмеген суға түскен. Немесе балаларын су жағалауында қараусыз қалдырған.
– Шомылуға рұқсат берілмеген деп, құтқарушы-сүңгуірлер қадағаламайтын, арнайы құрал-жағдай қарастырылмаған су көздерін айтамыз. Ал ондай су көздері өңірімізде өте көп, - дейді облыстық төтенше жағдай департаментінің жедел-құтқару жасағы басшысының орынбасары Рауан Дүйсенбеков. – Әсіресе, өзендер мен көлдер, егістікті суаруға арналған үлкен арық-каналдар жеткілікті. Ал олардың ешқайсысының бойынша сүңгуірлер кезекшілікте тұрмайды. Сондықтан шомылып жатқан адамдардың қауіпсіздігін ешкім бақыламайды. Яғни, тұрғындардың өздері жауапты болуы тиіс.
Жалпы, Қазақстан бойынша 50 мыңға жуық су көзі бар. Олардың барлығына дерлік адам шомылып жатады. Былтыр құтқарушылардан алған мәліметке сүйенген журналистер еліміздегі ең қауіпті су көздерінің тізімін жасаған. Сол тізімде өңіріміздегі Сырдария өзені де бар.
– Айта кетейік, судағы қайғылы жағдайдың жартысынан астамы Арыс, Сырдария секілді ағысы қатты өзендер мен ірі каналдарда тіркеледі. Жуырда ғана қайғылы оқиғалардың бірі сол Сырдария бойында болды, - деп жалғады сөзін Рауан Раушанұлы. – Жергілікті тұрғын қасына туыстарынан жасы кәмелетке толмаған 5 баланы ертіп алып, дарияның ортасындағы шағын аралға бар. Сонда шомылып жүріп, екі інісі суға тұншығып жатқанын көреді. Алдымен ересектеуін құтқарып, одан кейін 5 жасар баланы жағаға лақтырып үлгерген. Ары қарай өзі суға батып кете барды. Өкініштісі сол, 5 жасар сәби белінен келетін суға түсіп, ол да су жұтып, көз жұмды. Халқымызда өлгеннің соңынан сөйлеу әдеті жоқ, дегенімен, бұл оқиғаға адам салғырттығы ең басты себеп болып тұр.

САЛҒЫРТТЫҚ

a8af9e00d619fb2e88bb227782d6eff3 L

Құтқарушы маманның ашына айтқан мәселесі – адамдардың өз өміріне салғырт қарауы. Рұқсат берілмеген жерге шомылғанымен қоймай ересектердің кейде суға ішімдік ішіп алып түсетіні ешкімге жасырын емес. Ондай сәтте олар балалары түгілі өздеріне жауап бере алмайды.
– Ең сорақысы, өзен немесе көлге батқан адамның денесін іздеп жүрсек, ауылдастары дәл сол жерде суға шомылып жатады, - деп ашынады құтқарушы. – «Ау, біз мұнда батқан адамның денесін іздеп жатырмыз» десек, адамдар сөзімізге мән де берместен, дәл қасымызда суға түсуін тоқтатпайды. Бұған не дерсің? Біз ешкімге суға түсуге тыйым сала алмаймыз. Қолдан келетіні тек ескерту. Түсіндірумен ғана шектелеміз. Адамдардың шомылудағы жауапкершілігі мәселесі, әсіресе, ауылды жерде ақсап тұр. Еркін өскен тұрғындар ауыл маңындағы өзен-көлдерге шомылуын тоқтатқан емес. Ал біз оларға тек шомылудағы қауіпсіздік ережелерін түсіндірумен ғана шектелуге мәжбүрміз. Табиғаттың өзен-көлін былай қойғанда
Шымкенттегі жекеменшік шомылу орындарына да біздің әміріміз жүрмейді. Ол – ол ма, былтырға дейін сондай демалыс орындарына барып, судан құтқарушы болуы керек деп айтқан ескертуімізге ешкім құлақ аспады. Шағын және орта кәсіп иелерін қайта-қайта тексермеу керек деген нұсқауды біліп алған. Ал адам өмірінің қауіпсіздігіне немқұрайлы қарайды. Себебі, адамдар құзырлылардан ғана аяқ тартады. Ал біздің иығымызда погон жоқ. Сондықтан, шағымдарымызды ескерген төтенше жағдай департаментінің арнайы киімдегі мамандары мен әкімшілік өкілдерімен бірге барып айтқан ескертуімізден кейін ғана бірқатар жеке кәсіпкерлер түсініп, өздеріне қарасты су қоймаларына құтқарушылар іздей бастады.
Айтқандай, судағы қауіпсіздік мәселесі Оңтүстікте ақсап тұр. Оның себебі, біріншіден, біздің өңір халық тығыз қоныстанған аймақ саналады. Екіншіден, ауа райы жылы Оңтүстікте шомылу маусымы басқа өңірлерден ерте басталып, кеш аяқталады. Одан қалса балықшылардың қара күзге дейін өзен-көлдерде қайықпен балық аулайтыны тағы бар. Суға бату оқиғаларына тек шомылушылар ғана емес, жеңіл қайыққа мінген сондай балықшылар да тап болып жататыны содан. Бұған қоса қайғылы жағдайлардың көбісі дер кезінде көмек болмауынан да күрделене түседі.
– Бізге шақырту түскен соң дабыл бойынша тез арада көтеріліп, оқиға орнына аттанамыз. Мекенжайдың алыс-жақындығына байланысты кейде 15-20 минутта, кейде 2-3 сағатта барамыз, - деп жалғады сөзін құтқарушы Рауан Раушанұлы. – Біз оқиға орнына барған соң суға кеткен адамның денесін іздейміз. Ағысы қатты, суы лай өзендерден денені табу қиын. Кейде сағаттап, кейде бірнеше күн бойы іздейміз. Өкінішке қарай, сондай сәттерде біз құтқарушы емес, сүңгуір ретінде суға кеткен адамның денесін іздеуші ғана болып қаламыз. Себебі, дер кезінде судан шығарылмаған адам тұншығып қалады...

ҚАНША ҚҰТҚАРУШЫ БАР?

Құтқару демекші, жоғарыда көрсетілген 50 мыңға жуық су көзінің ішінде тек 178-інде ғана құтқарушылар кезекшілікте тұрады. Біздің өңірде ондай су көздері екеуі – Тоғыс және Шардара су қоймалары. Шардарада 9 құтқарушы кезекшілікте тұрады.
– Ал Тоғыстағы құтқару бөлімшесінде 4 бөлім қызмет атқарады. Әрқайсысы 6 адамнан құралған бөлім бір тәулік кезекшілікте тұрып, ауысыммен жұмыс істейді, - дейді Рауан Дүйсенбеков. – Олардың құрал-сайманы, суға түсетін арнайы киімдері мен қайықтары сақадай-сай. Жалпы, біздің жедел-құтқару жасағында 98 қызметкер бар. Олардың 94-і – шұғыл қызметкер. Солардың 31-і Тоғыста кезекшілікте тұр. Құтқарушылар Шымкенттегі базада және осы екі орында ғана кезекшілікте отыратынын ескерсек, шалғай ауыл-аймақтағы ағайынның өз қауіпсіздігіне өзі мұқият болғаны абзал.

Последнее изменение Среда, 25 Июль 2018 06:42
Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.