«Қорқытқа» қобыз тарту еткен қолөнер шебері Избранное

Пятница, 27 Июль 2018 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 80 раз

Қолөнер – қазақтың ұлттық құндылықтарының бірі. Осы бағытта тер төгіп жүрген жандар аз емес. Солардың бірі «Бақыттың кілті – еңбекте» деп білетін Талғат Дүйсенбеков.

DSC 2516

Өмірінің жиырма төрт жылдан астам уақытын ұсталыққа арнаған қарапайым қолөнер шебері аталмыш кәсіптің арқасында көптің алғысына бөленіп келеді. Миллионды шаһардың өнерпаз тұрғыны ағаштан ұлттық аспаптар жасайды. Дарақтан түйін түйген шебердің есімі көпке таныс болмаса да өнерін бағалайтын, шеберлігін мойындайтын қала тұрғындары жетерлік. Олар Талғат ағаны он саусағынан өнер тамған шебер, ағаш ұстасы деп құрметтейді.
Биыл алғаш рет ел болып тойлаған ұлттық домбыра күні жоғары дәрежеде аталып өткені баршаға мәлім. Ерекше мерекеде қаламыздағы дендрологиялық саябақта қолөнершілер көрмесі ұйымдастырылып, мыңнан астам бұйым ел назарына ұсынылды. Қолөнершімен осы күні таныстым. Кішкентайынан әке жолын қуып өскен қолөнер шебері өзі жасаған бұйымдарын көпшілікке таныстыра отырып, кәсібінің сырымен бөлісті.
– Қолөнерге бала күнімнен әуес болдым. Әкем суретші еді. Сол кісінің қасында жүргенде көп нәрсені жадыма құйып, өмірлік сабақ алдым. Үйрендім. Кейін Әбілхан Қастеев атындағы өнер колледжіне оқуға түстім. 1989 жыл болатын. Алғашқы ұстазым әкем болса, кейін нағыз мамандардан кәсіби білім алып шықтым. Киелі шаңырақ менің өнерімді шыңдай түсті, - дейді шебер өнер жолына келген уақыттарды еске алып.
Талғат ұстаның негізгі машықтанғаны – қобыз аспабын жасау. Дегенмен ұлттық аспаптардан домбыраны да шебер жасап шығады. Бүгінде өзі жасаған жұмыстарының бірегейі 2003 жылдары қызмет еткен Қызылорда облысында сақтаулы тұр. Қорқыт ата кесенесі мен университет мұражайынан қолөнер шеберінің нар қобызын көруге болады. Ұзындығы 1 метр 10 сантиметр музыкалық аспап қажырлы еңбек пен асқан сабырлықтың жемісі дейді шебер. Бұл істі екінің бірі таңдамауының өзіндік сыры да бар.
«Ұсталы ер озар» деп қазақ бекер айтпаса керек. Талғат аға қазақ пен домбыраның егіз ұғым екенін еске алды. Ата-бабамыздан келе жатқан дәстүрдің ұмытылмай, жаңғыруына өз үлесін қосып жүргенін мақтаныш тұтады.
– Ұлттық аспаптар бұрындары әр қазақтың үйінен табылған. Олар киелі. Аяқ астында жатпай, тек төрде ілініп тұрған. Біздің отбасымыз да осынау ұлттық өнерді жалғастырып, ұлттық аспаптарды жасау арқылы халқымызға пайдамыз тисе дейміз. Елбасымыз айтқан рухани жаңғыру деген де осы емес пе?!
Талғат Дүйсенбековтің ізін ұлы Самат жалғастыруда. Шеберханада көмектесетін де сол.
– Шебер болғысы келетін адамда ең алдымен ынта болғаны ләзім. Қазір баламның да өнерге деген қызығушылығы оянып, біраз еңбектеніп жүр. Сабақтан босаған уақыты мен демалыс күндері қолғабыс жасап, көмектеседі. Жасаған туындылары да жаман емес, - дейді ата кәсібін жалғаған баласына разы болған шебер.
Ұлы екеуі жасаған қолөнер бұйымдарын, ұлттық аспаптарын Талғат ағаның жұбайы сатады. Бұйым жасауға қажет ағаштарды Оңтүстіктің аудандардағы таулы, орманды жерлерден алдыртады. Ерекше дарынының арқасында біраз көрмелер мен белестерді бағындырған ол көз майын тауысып жасаған бұйымдарын арзан бағаламайтынын жасырмады.
– Бір қобызға 2 ай уақыт жұмсасам, домыраға кемі 3 ай уақытым кетеді. Көз майын тауысып, шын ынтаңмен жасаған жұмыстарымды кейде мен сұраған сомадан аз бағалайды. Мәселе ақшада емес, еңбек пен өнерде жатыр. Шынтуайтында негізгі кәсібім де осы. Бала-шағамның ас-ауқаты мен күнкөрісіміз.
Осы кезде жанында тұрған ұлын әңгімеге тартып, болашақ мақсаттарымен бөлісуін сұрадым.

DSC 2487

– Мен №72 жалпы орта мектептің 9 сыныбына өттім. Он жасымнан бастап әкемнің шеберханасындағы шәкіртімін, - дейді Самат Махмуддинов. – Өмірлік те, қолөнерлік өнерінен де тәжірибе аламын. Бұған дейін домбыра, гитара сынды музыкалық аспаптарды үйрену үшін арнайы үйірмелерден сабақ алдым. Қазір екі аспапта да ойнауды меңгердім. Енді оларды өз қолыммен жасау маған бір жағынан қызық көрінді. Әкем кескінін сызып, дайындап береді. Мен соны ары қарай жалғастырамын.
Самат Талғатұлы болашақта екі мамандықтың біріне таңдау жасамақ. Әзірге ата кәсібін үйреніп жүрген ол ғарышқа сапар шегіп ұшқыш болуды да армандайтынын айтты. Ойын балаларына ілеспей, шеберханада көбірек уақыт өткізгенді құп көреді. Онысына өкінбейді де.
Міне, ұлттық домбыра күнінде үлгі аларлық отбасымен осылайша таныстым. Бұл – тұнған өнер. Иә, өнер – құдірет. Құдіретті бәрі мойындайды. «Әр қазақтың шаңырағының төрінде домбыра тұруы керек» дегенді ұран етіп ұстаған халықпыз ғой. Қазақ аман тұрғанда ұлттық өнерді ұлықтап жүргендердің де жағдайлары жаман болмас. Ұлттық өнеріміздің өрісі кеңейе берсін!