Күнгейдің маржаны – Сайрам–Өгем Избранное

Пятница, 03 Август 2018 04:47 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5496 раз

Оңтүстік өңірінің саяхатшыларды қызықтырып, өзіне магниттей тартатын туристік әлеуеті жоғары. Күнгейде орналасқан «Сайрам-Өгем» мемлекеттік ұлттық табиғи паркінде, тау бөктерінде демалғысы келетіндердің қарасы жыл сайын көбеюде.

Сахит 2

Статистикаға назар салсақ, биылдың өзінде өңірімізге еліміздің басқа аймақтарынан және алыс-жақын шетелден 125 мыңға жуық турист келген. Соның 10 мыңнан астамы осы ұлттық паркке ат басын бұрған екен. Ал бұл былтырмен салыстырғанда 55 пайыз көп.
Табиғаттың бар кереметін бойына жинаған Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі 2006 жылы ұйымдастырылып, оған Түлкібас, Төле би және Қазығұрт аудандарының табиғаты көрікті жерлері енеді. Аумағы 149 мың гектар саябақты ұйымдастырудағы басты мақсат – Батыс Тянь-Шань тау жоталарындағы ғылыми тұрғыдан құнды табиғат байлықтарын қорғап қалу, қалпына келтіру және республикадағы экологиялық туризмді дамыту. Бұл парктің аумағынан Өгем, Сайрам су, Қасқасу, Біркөлік, Машат, Дәубаба және Көкбұлақ өзендері ағып өтеді.
– Бүгінде ұлттық паркке қызығушылардың саны артып, тіпті шетелдік туристтер де осында демалуға келе бастағаны біз үшін үлкен қуаныш, - дейді «Сайрам-Өгем мемелекеттік ұлттық табиғи паркі» мекемесінің директоры Сахит Қынтаев. - Ұлттық табиғи парк 2006 жылы Өгем, Төлеби және Түлкібас орман және хайуанаттар әлемін қорғау мемлекеттік мекемелерін қосу арқылы құрылған. 2006- 2008 жылдар аралығында бізге келетін қонақтардың саны мыңнан асса қуанатын едік. Қазір туристер саны анағұрлым көбейді және сапалы қызмет көрсетуде атқарылып жатқан жұмыс та орасан. Бекітілген аумақты күнде аралау, парктің табиғи байлығын сақталуын қамтамасыз ету, браконьерлерлердің алдын алу мен экскурсия барысында туристерді бастап жүру, өрт қәуіпсіздік шаралары осы парктегі инспекторлардың міндетіне кіреді. Тәжірибелі гидтеріміз жолсерік болып қана қоймай, мұндағы әр өсімдік пен ағаш жайлы көптеген мәлімет беріп, қоршаған ортамен таныстырады. Айта кетейін, парк аумағында 10 туристік соқпақ және тауда атпен серуендеймін дейтіндерге 20-ға жуық ат дайын, - дейді Сахит Жақсымбекұлы.

Сайрам-Өгем табиғи ұлттық паркке келген туристер саны:
2016 жылы – 19 780 адам
2017 жылы – 23 441 адам
2018 жылдың бес айында – 10 166 адам.

– Табиғат аясында демалғысы келген адам паркке мемлекет тарапынан белгіленген тариф бойынша ақысын төлеп кіре алады. Бұл жерде сүтқоректілердің 60-қа жуық түрі мен құстардың 300-ге жуық түрі мекендейді, олардың көбісі «Қызыл кітапқа» енгізілген. Табиғатты аялап, болашақ ұрпаққа сол күйі жеткізуіміз керек. Барлық тіршілік иесінің өсіп-өнуіне тыныштық қажет. Сондықтан туристерге ұлттық парк жерлерін ластауға, ұялар мен апандарды бүлдіруге, ағаштар мен бұталарды кесуге, сындыруға жол берілмейді. Осындау қамқорлықтың нәтижесі де жоқ емес. Мәселен, аймақта жойылып бара жатқан аңның бірі - қар барысы парк қызметшілері тарапынан қойылған фото-қақпандарда бой көрсете бастады. Бұл – біз үшін керемет жаңалық. Бастысы, демалушылар қоршаға ортасына зиян тигізбеуін қатаң қадағалаймыз, - дейді парк директоры Сахит
Жақсымбекұлы. – Айта кетейін, табиғат аясына келіп жатқан жастар өздерін қалай ұстауды біледі, зиянды әрекеттерге бармауға тырысады. Меніңше, бұл жастардың мектеп пен отбасында алған тәлім-тәрбиесі мен елімізде жүргізіп жатқан идеологияның нәтижесі деп ойлаймын.

Өгем тау жотасы – альпинизмнің бесігі

Сайрам-3

Таулы аймақта 10 туристік бағыт ұйымдастырылған, жалпы ұзындығы 701 шақырымды құрайды. Оның 250 шақырымы - жаяу, 263 шақырымы - аттылы және 186 шақырымы автомобильді бағыт. Серуендеудің түрін өзіңіз таңдайсыз. Табиғи парктің ең тамаша тұстарының бірі - теңіз деңгейінен 2300 биіктікте орналасқан Төменгі Сайрам су көлі. Оның қазаншұңқыры гитара тәріздес. Судың мөлдірлігі соншалық, тіпті, ең терең жердің өзінде көлдің түбін көруге болады. Келетін туристердің де назарын тартып тұратын осы көл.
– Мақпалкөл мен Сусіңген көліне қарағанда Сайрам су көліне бару жеңілдеу. Туристер мен демалушылар сол көлге көп келеді. Ал Өгем өзені 3000-4000 м биіктегі мәңгі қар басқан Сайрам тау жотасынан бастау алады. Сондай-ақ, өңіріміздегі ең биік шың да (биік нүктесі 4299 метрлік Сайрам шыңы) альпинисттердің сүйікті жаттығу орнына айналған. Бұл шың оңтүстік альпинизмның бесігі саналады, мұнда тауға өрмелеуге қолайлы жолдар бар. Тек техникалық дайындыққа мұқият болу керек, - дейді Сахит Жақсымбекұлы.
Сайрам-Өгем паркінде туристер үшін 6 демалыс үйі, бірнеше киіз үй және 90-ға жуық демалыс алаңқайы жұмыс істейді. Сусіңген және Мақпалкөл көлдеріне атпен бару үшін 2 туристік соқпақ ашылған.

Қошқаратаның бастауы – Сусіңген көлі

Сусіңген көлі – көпке танымал болғанымен, жету жолы қиын, Өгем тауының інжу-маржаны саналады. Теңіз деңгейінен 1907 м биіктікте, Өгем жотасының оңтүстік бөлігінде орналасқан. Аумағы - 3 500 ш.м. Жыл сайын жазда суы аздап тартылып, кейін суы қайта толады. Көлге көп бұлақтан бастау алған Сусіңген өзені келіп құйылады. Халық аузындағы кей аңыздарға сенсек, осы көлден сіңген су Шымкент қаласының ортасындағы Қошқарата өзенінен және Қазығұрт тауының етегіндегі Ақбура бұлағынан бастау болып шығады екен. Көлде дақты форель-осман балығы тіршілік етеді. Көлге ең жақын ауыл – Өгем елдімекені. Мұнда жететін тура жол жоқ, жаяу немесе атпен баруға тура келеді.
Ұлттық парктің басшылары экологиялық туризмді бұдан ары дамыту мақсатында алдағы уақытта қосымша туристік бағыттар ашуды, мініс аттарының санын көбейтіп, қысқы туризмді ұйымдастыруды жоспарлап отыр. Бұл қадамдар саябақтың туристік әлеуетін одан ары арттыра түспек. Шынында да туған өлкеміздің табиғаты әлемдегі мақтаулы елдердің ғажайыптарынан кем емес!..

Последнее изменение Пятница, 03 Август 2018 08:19