Құрылысшының сыры Избранное

Пятница, 10 Август 2018 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 77 раз

1942 жыл. Шіліңгір шілде. Қасиетті Қазығұрт тауының Солтүстік-батыс баурайы. Сылдырап аққан Атбұлақтың жағасы.
Нұржанның отбасында шекесі торсықтай ұл бала дүниеге келді. Ауыл ақсақалы келіп, азанын айтып, сол құлағына «Есімің Анарбек деп» үш рет сыбырлап кетті. Әкесі майданда.

Kurylys-1

Асыраушысы – анасы колхозда жұмыс істейді. Өзінен екі-үш жас үлкен немере ағаларының соңынан еріп жүріп, ертерек мектепке барып, жеті жылдықты 1954 жылы бітірді. Әулеттегі үлкен-кішісімен келісе отырып анасы Қалдығыз Шымкент қаласынан келіп, шөп-жоңышқа алып жүретін Ирсали деген көптен бері араласатын танысына қосып, оқысын деп шаһарға жіберді. Тоқаев көшесінде орналасқан Қарсыбай Спатаев атындағы орта мектепке қабылданды. Ұстаздары С.Тілеуқабылов, А.Баймурзин, М.Тасова және өзгелері де өте жақсы жандар еді. Білім беру мен бірге өз балаларындай бауырларына басып тәлім-тәрбие берді. Өмір бойы ұмытылмастай болып жадында қалды. Мәңгілік есінде, көз алдында.
Үйді сағынасың. Асыр салып ойнаған ауылыңды аңсайсың. Барғың келіп тұрады. Қаладан алыс, 30-35 шақырымдай. Көлік жүрмейді, қайдан болсын, жол жоқ. Өгіз арба, ат арба қатынайтын көмескі жол. Екі-үш бала болып айына бір рет барып тұратын. Кейде жүгіріп, кейде жарысып, көбіне аяңмен, 9 сағаттай жүріп отырып, түнгі сағат 11-ден аса баратын. Ауылға таянған жерде қыр бар. Сол қырдан аса бергеннен ауылдың ала төбеттері шулап қоя беретін. Біздерге қарсы жүгіреді. Жақындап келгенде аттарын атай бастаймыз. Біздерді тани қалады да қоршап алады. Құйрықтарын бұлғақтатып, бұлталаққа сала шайқала түсіп, тұмсықтарын көтеріп, от шашып тұрған көздерін қадап, құлақтарын ойнататын. Көрісіп болған соң алға тартамыз. Арландары алдында, қалғандары оңды-солды артында ауылға алып кіреді. Әр үйге – өз үйіңе ертіп барады. Өз шарбағыңа келгенде әлгі жеті қазынаның бәрін ұмытып кетесің. Қайқайып тұрған қақпаны шалқайта келіп ашасың. Жолыңды тосып, шала ұйқыға бас қойған анаң шарбақтың сықырын естіп орнынан тұра үй есігін айқара ашып саған ұмтылады.
Иә, осылайша күзі бар, қысы бар, көктемі бар - айына бір рет ауылға барып жүріп үш жыл да өте шықты. Әр барған сайын анасы ерте тұрғызып, шайын ішкізіп аталарыңа, әжелеріңе барып сәлем беріп кел деп жұмсайтын. Кейбір шаңырақта болып жатқан той-томалақ, қуаныш болса құтты болсын айтқызатын. Дүниеден озған ауылдастарының дастарханына барып, Құран оқытатын.
Ақсақалды, ақжаулықты, дуалы ауыз қариялардың ақ батасын алып марқайып қалса, «осы да адам» бола ма дегенде әкесін ойлап ренжитін, ал қазалы үйден қайтқанда солармен бірге қайғыратын. Осылай өмір мектебінен өтіп жүріп, ауылға бара жатып, қатты қыста суыққа ұрынып, тоңып үйіне жетіп құлады. Суық өтіп кеткенін білген анасы ауылдан көкнәр тауып әкеліп ішкізіп, аман алып қалғаны есінен шықпайды. Көкнәр, қазақи ем-домның шипасын көрді. Ем қонбағанда не болар еді.
Шымкент политехникалық техникумын бітіріп, әскерге кетті. Балтық жағалауында Отан қорғау борышын өтеді. Үлкен жауынгерлік мектептен өтті. Шымкентке орала салып жұмысқа орналасты. Енді қашанғы анасы мен ағасына масыл бола береді. Аумағы жарты қаланы алғандай «Бүкілодақтық екпінді нысан» - цемент зауытының құрылысы жүріп жатқан. Мердігер мекеме «Индустрой» құрылыс-монтаж басқармасына мастерлікке қабылданды. Қайнаған жұмыс, үш ауысыммен істейді, былайша айтқанда күні-түні үзіліссіз жалғасуда. Ауылда, әскерде бұлшық еттерін ойнатып шынығып келген ынталы жас маманға білімін енді іс-жүзінде шыңдай түсу керек болды. Уақытпен санаспай күні-түні құрылыс алаңында жұмысшылармен бірге болатын. Жобалау инстуттары жасап берген сызбаларды, жобаларды бірге талқылайтын әрі жүзеге асыратын. Жобалардан да жаңылыс кеткен кемшіліктер табылып тұратын. Бұны ортаға алып түсінбегендерін көп сұрайтын. Бұл болса оқулықтарға жүгінетін. Осылай жүріп білімін көтеру үшін Қазақ химия-технология инистутының құрылыс инженері факультетінің кешкі бөліміне оқуға түсті. Жұмыс пен оқуды қатар алып жүрді. Прораб, учаске бастығы, басқарманың бас инженері лауазымына жоғарылады. Кірпіш зауытының, асбест-цемент конструкциялары комбинатының, №1 және №2 темірбетон бұйымдарын шығаратын зауыттарының құрылыстарын жүргізді. Қаншама әлеуметтік нысандарды қосыңыз. Атының өзі құлағыңды түруге мәжбүр ететін бұл өнеркәсіптік кешендердің құрылысын жүргізу жас маманға мол тәжірибе берді. Күрделі құрылыс саласының ірі маманы болудың іргетасын қалады. Ақбура әулиенің етегінен қайнап шығып жатқан бұлақтың нәрі, әулиенің қасиеті бойына дарымады дейсізбе. Серт бергендей алған бетінен бұрылмады, қайтпады, қайта ауыр сала құрылыстың тұңғиығына құлаш ұра берді. Қазіргі атқарып жүрген жұмыстарының бәрі алғашқы баспалдақтар болатын. Еуропатектестердің бәрі өсіп кетіп жатты. Онымен шаруасы болған жоқ. Өзі таңдаған кәсібі жолында өсуге, жетілуге ұмтылғаны өте қуанарлық жайт болды. Өрлеу-өсу алдында күтіп тұр еді. Осылай жүре берер ме еді, егер 1975 жылдың наурыз айында өзінің бұрынғы учаске бастығы В.И.Мишурин жолықпағанда. Құлынтайдай шұрқыраса кеткен екеуі жөн сұрасып болған соң ол - «Чимкентсельстрой – 25» тресінің басқарушысы, мұны №2505 жылжымалы механикаландырылған құрылыс мекемесіне басшы болуға ұсыныс жасап шақырды. Бұл келісімін берді. Бірінші басшы. Отырып қалған мекеме екен, орнынан тұрғызу оңай болған жоқ. Бұрынғы жұмыс орнынан білікті маман жұмысшыларды, білімді, ұйымдастыру қаблеті мықты бригадирлерді шақырды. Күн-түн демей жүріп, жыл соңында жоспарларын абыроймен орындап шықты.
Солай, ауыл құрылысы саласының да өзіндік қиындықтары мен ерекшеліктері бар болып шықты. Бір шаруашылықтағы нысандарды бітіре сала екінші шаруашылыққа өтесің. Бір ауданнан екінші ауданға барасың. Осылай жүріп жер таныды, ел таныды, көптеген азаматтармен араласты, достар тапты. Бұлар халық шаруашылығының әр түрлі саласының жауапты өкілдері басшылары, партия жетекшілері болатын. Әсіресе Бөген ауданындағы 21-партсъезд атындағы кеңес шаруашылығындағы 1200 сауынды сиырға салған тауарлы-сүт фермасы. Бұл алғашқы келген жылдарының бірі болатын. Жұмысты белсенділікпен, бар ынта-жігерімен қолға алғандары сондай, Кеңес Үкіметіндегі бекітілген нормативтік-құқықтық актілерге сәйкес үш жылда бітіретін нысанды бір жылда бітірді. Енді пайдалануға-тапсырыс берушіге өткізу үшін мемлекеттік акт керек. Ол үшін облыстық ауыл шаруашылығы басқарамасының, облыстық банктің, облыстық санитарлық эпидемиологиялық станцияның, осы секілді аталған құрылысқа қатысы бар 17 мекемеден қол жинау қажет. Жүгіріп жүріп, өкілдерін алып, келіп біткен ферманы көрсетіп, айтқан ескертулерін түзеп, қолдарын жинады. Енді келешекте, шағаладай аппақ ауыл болып тұрған тауарлы-сүт фермасын пайдаланатын кеңшар директорының қолы керек. Барды. Әр түрлі сылтау айтып, қол қоймай жіберді. Қайта айналып тағы барды, енді орнында жоқ. Ұстатпайды. Бір күні шалғайдағы бір бөлімшесінде таңертеңгі лездеме өткізіп отырған жерінен ұстап алды. Әрең дегенде қолын қойдырды. Көптеген шаруашылықтар республикалық бюджеттен бөлінетін қаржыға қол жеткізе алмай жүргенде мына басшының қоғамдық мүлікке деген көзқарасын түсіне алмады.
Облыс басшыларына баяндады. Олар қабылдау актіні республикаға барып бекітуді бұның өзіне жүктеді. Осылайша Қазақ ССР Ауыл шаруашылығы министрінің алдынан бір-ақ шықты. Министр құрылыс саласына жауап беретін орынбасарына қарап, «Мына азаматқа не бере аламыз» деді. Ол қаржы жөніндегі орынбасарға қарады. Қаржы жөніндегі орынбасар «жеті айлыққа дейін сыйлық беруге болады» деді. Министр «Олай болса мына мемлекеттік актіні бекітуге және ПМК басшысына жеті айлық беруге бұйрық дайындаңдар» деді. Бір сағаттың ішінде бәрі бітті. Енді Анарбек құстай ұшып өзінің салалық ауыл құрылысы министріне барды. Бұл енді өзінің қара шаңырағы ғой. Министр өте жақсы қабылдады. Жабдықтау басқармасының бастығына базада тұрған екі «Волга» ГАЗ-24 машинасының біреуін беруді бұйырды. Әрі жеті айлық сыйақыны мұнда да берді. Арқасынан қақты.

Kurylys-2

Министр сыйлаған машинаның жаңадан шығып жатқан кезі. Облыс басшыларының өзінде де жоқ. Құрылыс саласына жауап беретін облыстық партия комитетінің хатшысына барып, ақыл-кеңес сұрады. Ол қолдап, құттықтап, пайдалана беруіне рұқсат берді. «Бұл сенің таза, адал еңбегіңнің жемісі» деді.
Осылай еңбек қазаны қайнап жатты. Облыстық партия комитетімен келісе отырып, министр «Чимкентсельстрой-25» тресіне бас инженер етіп тағайындады. Жұмыс көлемі бұрынғыдан да кеңейіп, арта түсті. Ерте тұрып, аудандарды аралап, кештетіп қайту дағдыға айналды. Білімін арттыруды да ұмытпады. В.В.Куйбышев атындағы Москва құрылыс инженерлері инистутын да табысты аяқтап, дипломын алды. Күрделі құрылыс деп аталып тұрғанындай, бұл саланың терең, көпқырлы, күрделі екеніне көзі жетті. Құрыш қолды құрылысшылар деген атақты халық тегін бермеген екен. Кейбір мамандар шыдамай, басқа салаға ауысып кететін. Қалай шыдасын, өзі уақытша салынған жұқа тамда немесе вагондарда тұрады да арнайы жобамен салынған әсем ғимараттардың кілтін тапсырыс берушіге салтанатпен табыс етеді, өзі жаңа жерге қоныс тебеді де келесі нысанның құрылысын бастайты. Күздің күні ме, әлде қыстың қақаған аязы ма, онымен санаспайды, барлығы ел үшін, халық үшін. Осылай жалғасып кете береді. Құрылысшы болу оңай емес. 1979 жылы облыстық жөндеу құрылысы тресіне басқарушы етіп ауыстырды. Жеті жылдан соң өз ұясы болып қалған 25-ші тресіне қайта оралды басшы қызметіне. Адал қызметші. Еліміз егемендік алған кезде Шымкент қалалық әкімдігінің құрылыс бөліміне басшылық жасады. Осы мекемеден зейнеткерлікке шықты.
Ұзақ жылдар еткен еңбегінің арқасында күрделі құрылыс саласының корифейлерімен араласты, жақсы жолдас болды. Олар: Ташқараев Әбдіғани, Айманов Тыныштық, Алдияров Абдулла, Тшанов Амалбек, Спатаев Әбдіманап, Орманов Анарбек, Пірімбетов Әли, Нұржанов Әжіхан, Төленов Әуесхан, Әбуов Әбдімүтәліп, Молдияров Щедрин, Бегімбетов Тұрғанбек, Өмірәлиев Махмут және басқалары. Бұлар – облысымыздың көркеюіне өзіндік үлесін қосқан азаматтар.
Москвада оқығанда академик ұстаздарының «Құрылыс салу – даму, тек дамитын ел ғана құрылыс салады!» деп айтқан қанатты сөздері жадында мәңгілік сақталып қалды.
– Секе, – дейді Анарбек Нұржанұлы, – бір-екі күн араламасам мен Шымкентті танымай қалатын болып жүрмін. Облыс әкімі Жансейіт Қансейітұлы мен қала әкімі Ғабидолла Рахматоллаұлының қаланың қай бұрышына қолы тиіп кетсе сол жер ертеңіне құлпырып шыға келеді. Бір-ақ мысал айтайын, жаңа салынып жатқан үйлерге қараңызшы. Сіз бен біз көрмеген, сіз де құрылысшысыз ғой, білмеген құрылыс материалдары, сәулеті қандай, әсем көз тартады. Бүгін біткен құрылыс алаңын ертең барып көрсең, танымайсың. Архар мүйізденіп, оралып жатқан, асфальтталған жаяу жолдар, түкті кілемдей құлпырған жасыл шөптер, қоңыр желмен тербетіліп тұрған жас көшеттер. Жанарыңды бұрып әкетуге мұршаң жоқ. Біздер салған нысандардың айналасында 2-3 жылға дейін шаң бұрқырап, ойлы-қырлы болып жататын еді.
Мынау екеуміз дидар-ғанибет сырласып отырған саябақ, келсең, кеткің келмейді. Тәуелсіз елдің құрылысшылары озып тұр ғой. Азаттық, бостандық, еркіндік деген қандай қасиетті ұғымдар. Олар мұның бәрін бізден артық сезіп, біліп тұр ғой қарияларға қуат берсін. Кеңес одағы құрылысының қыры мен сырын жыр ғып екеумізге жүре тұруға жазсын. Тәуелсіз еліміздің құрылысшылары жасай берсін!

Сейдахмет БАЙДӘУЛЕТОВ,
Қазақстан Журналистер
одағының мүшесі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Директор-Бас редакторы – Айгүл Қапбарова. Қоғамдық-саяси газет облыс, қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.

Другие материалы в этой категории: « Күнгейдің маржаны – Сайрам–Өгем