Абырой деген осы емес пе? Избранное

Пятница, 07 Сентябрь 2018 05:00 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4002 раз

Ол – екі дәуірдің адамы. Кеңестік кезең мен бүгінгі тәуелсіз еліміздің идеологиялық майданының сабағы мен тәрбиесін алған, екі кезеңнің де жақсы жақтарын саралап, қажет кезінде өз қызметінде сабақтастыра білген тәжірибелі де тәлімді маман.

24

Ол – қос дипломның иегері. Жоғары білім алып, қос мамандықты меңгерген, тарих пен педагогика саласымен қатар, шаруашылық саласының да жөн-жосығын жан-жақты білетін білікті агроном.
Ол — қос тілді қатар еміп, ана тілімен қатар орыс тілінде де еркін көсілген, кез келген ортада, алқалы жиында кібіртіктемей сөйлеуге төселген шешен.
Ол—қатар жатқан қос өңір Келес пен Сарыағаш аудандарының өсіп-өркендеуіне өз өрнегін қосып, кәсіпкерлік салада да бағын сынап көрген басшы.
Ол – комсомол қызметінен еңбек жолын бастап, партия-кеңес саласында тәжірибесі шыңдалған, әкімдік институтының мектебінен үлкен тәлім алып, «Нұр Отан» партиясының парасатты жолымен жүріп келе жатқан байыпты азамат.
Ол—осынау қызмет сатыларында абырой мен беделге бөленіп, «Нұр Отан» партиясы Қаратау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметінен зейнеткерлік демалысқа құрметпен шығып отырған Әшірбек Әнуарұлы Тұрдалин.
Жоғары оқу орнын тәмамдаған соң еңбек жолын Қаз ССР 50 жыл атындағы орта мектептің комсомол комитетінің хатшысы, қызметінен бастаған Әшірбек Әнуарұлы үшін өмірдегі басты принцип — адалдық, еңбексүйгіштік, өз міндетіне жауапкершілік, ізденімпаздық болды. Сол қасиеттерінің арқасында ол Келес аудандық комсомол комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, осы ауданда «Білім» қоғамының жауапты хатшысы, аудандық ауыл шаруашылық басқармасының аға агрономы, аудандық кәсіподақ комитетінің хатшысы, аудандық партия комитеті ұйымдастыру бөлімінің нұсқаушысы, аудандық партия комитеті идеология бөлімінің меңгерушісі, аудандық «Халықты жұмыспен қамту» орталығының директоры болып жауапты жұмыстар атқарды. Іскерлік қабілетімен көзге түсе білген абыройлы азамат бұдан кейінгі жылдары Сарыағаш ауданында жемісті еңбек етіп, Сарыағаш ауданы әкімінің орынбасары қызметін бірнеше жыл атқарды.
Әшекең Шардара ауданының өндірістік саласында да өзіндік із қалдырған азамат.
Ең бастысы қайда, қай салада еңбек етсе де Әшірбек Тұрдалин азаматтық парасатынан айныған емес. Ол өз ортасында әркез сый-құрметке бөлене білді. Еңбегіне лайықты наградалардан да құралақан емес.
Соңғы жылдары «Нұр Отан» партиясы ОҚОФ саяси бөлімінің меңгерушісі, одан соң «Нұр Отан» партиясы Қаратау аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары қызметін атқарған Әшекең зейнеткерлік жасқа толып, әріптестері оны еңбегінің зейнетін көретін демалысқа үлкен құрметпен шығарып салды.
Осынау салтанатты рәсімге арналған жиында «Нұр Отан» партиясы Шымкент қалалық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Бахадыр Нарымбетов Әшірбек Тұрдалиннің Оңтүстік өңіріне, Шымкент қаласының өркендеп-дамуына қосқан үлесі, партия қызметіндегі принципшілдігі мен іскерлігі, азаматтық айқын позициясы мен адамгершілік парасаты жөнінде жылы лебіздерін айта келіп:
– Әшірбек ағамыз өз абыройы мен мәртебесін елге еткен елеулі қызметімен көтере білген азамат. Зейнеткерлік жасқа қайратты күшпен, сергек көңілмен жетіп, жастарға үлгі боларлық өмір жолымен өнеге ізін қалдырып келе жатқан ағамызға мықты денсаулық, мерейлі де шуақты өмір тілеймін. Біз үлгіні алыстан емес, өзіміздің қасымызда жүрген осындай азаматтардан іздесек те адаспаймыз. Жасыңызға жас, басыңызға бас қосыла берсін, Әшеке! — деді ол.
Ия, әрбір азаматтың өмір жолы осылай әдемі өрнектеліп жатса, одан артық абырой бар ма?

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.