Жастар ұйымдарының жұмысы жанданбақ Избранное

Среда, 12 Сентябрь 2018 04:58 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3720 раз

Жастар ұйымдары мен қоғамдық бірлестіктер мемлекеттік мекемелермен етене жұмыс жасамақ. Осы мақсатта Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасының қызметкерлері шаһарда белсенділік танытып, жастарға қолдау білдіріп жүрген бірлестіктердің жетекшілерімен бейресми кездесу ұйымдастырды.

41

Галстуксіз жиын жастарға жанашырлық танытып келе жатқан 20-ға жуық қоғамдық бірлестік өкілдерінің қатысуымен өтті. Оның ішінде, мүмкіндігі шектеулі жандар, кәсіпкерлер, әйелдермен жұмыс жасайтын қауымдастықтың төрағалары және жаңадан қоғамдық бірлестік құруға ниетті бастамашыл топтар, белсенді азаматтар болды. Кездесуді жаңадан құрылған Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасы басшысының міндетін атқарушы Жандос Қалтаев жүргізіп отырды.
– Басқарма енді құрылып жатыр. Мамандар саны басшымен қосқанда 11 адам. Әкімшілік, отбасы және жастар бағытындағы, жастармен жұмыс жасау бөлімдері бар. Осы жиында көптеген ұсыныстар айтылды. Олар бір жүйеге келгенде нақты қай мәселелердің шешімін табатынын хабарлаймыз. Қоғамдық бірлестіктер бос ғимараттар мен қаржылай қолдау көрсетуімізді сұранып отыр. Алғаш рет ұйымдастырылып отырған басқосуда алдымен аталған ұйым белсенділермен танысып алуды жөн көрдік. Осындай жанашыр жандардың болғаны бізді қуантады. Біз осы азаматтарды бірлесе жұмыс жасауға шақырып отырмыз, – дейді Жандос Төлембекұлы.
Басқарма басшысының айтуынша, бүгінде мүмкіндігі шектеулі жастардың ата-аналарын жұмыспен қамту мәселесі өзекті болып тұр. Шымкентте 14 пен 29 жас аралығындағы 240 мыңға жуық жас тұрғын болса, оның тең жартысы студенттерді құрайды. Қаладағы 10 жоғары, 38 арнаулы оқу орыны мен 2 балалар үйі, жастар оңалту және жастар ресурстық орталықтары Шымкент қаласы отбасы, балалар және жастар істері жөніндегі басқарамасына қарасты. Жандос Төлембекұлы алдағы уақытта шаһар жастарын өміршең бастамалармен жұмыс жасауға шақырды. Сондай-ақ, ол қаланың кез-келген жас тұрғының мәселесін тыңдауға әзір екенін айтты.
– Шырайлы шаһар жастарының әлеуеті өте зор. Олардың бәрі де айтары бар азаматтар. Қолдарынан көп іс келетін еңбекқор жандар. Біз осындай замандастарымызбен қаланың мегаполис екенін шын мәнінде дәлелдей аламыз. Қала халқының дамуына бағытталған жобаларымыз тікелей жастардың қатысуымен жүзеге асады. Ал, бұл іске жаңадан құрылған бақарма қызметкерлерімен қатар бүгінгі жиынға қатысып отырған қоғамдық ұйымдардың жетекшілері бір кісідей кірісіп отыр, – деді Жандос Қалтаев.