Версия для печати

Ханымдар тек іскер емес, қамқоршы да Избранное

Пятница, 21 Сентябрь 2018 04:31 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3590 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Кіші және орта бизнесті дамыту мақсатында ҚР «Атамекен» ұлттық кәсіпкерлер палатасы әр қалада жұмыс істеуде. Бұл палата әсіресе іскер ханымдарға ерекше қолдау танытады. Себебі, нәзікжандар кәсіп еткен қызмет түрлері қоғамға өте қажет.

20180914 151410

Атап айтқанда, ханымдар көбіне балабақша, түрлі үйірмелер, білім беру, қосымша курстар мен кондитерлік өндіріс, тігін тігу, құрақ құрау, сұлулық және салауатты өмір салтын ұстану сынды қызмет түрлерін таңдайды. Осы бағытта Шымкент қаласындағы іскер әйелдермен жұмыс жасайтын кеңестің төрайымы Салтанат Төлегенованы сөзге тарттық.
– Ханым бола білген жақсы, ал іскерлігімен қоғамға, елдің дамуына үлес қосу, адамдарды жұмыспен қамтып, салық қорын молайту да үлкен азаматтық іс. Қазіргі таңда қыз-келіншектердің бизнесте жетістікке жетуіне қолдау көп-ақ. Мәселен, «Атамекен» кәсіпкерлер Палатасы жанынан мектеп ашылды. Онда өз кәсібін жаңа бағытта ашқысы келетін немесе мүлде жұмыссыз отырған қыз-келіншектер белгілі бір кәсіпке бейімделеді. «Қалай кәсіп ашамын?», «Кәсібімді қалай дамытамын?» деген мақсатты ізденісі бар ханымдармен жұмыс істеуге біз әрқашан дайынбыз, – дейді Салтанат ханым.
С.Төлегенова жекеменшік балабақшасын ашып, бүгінде 150 адамды жұмыспен қамтып отырған жеке кәсіпкер.
– Қолдан келсе, табыс тапқан жақсы. Әр адам өз қажеттіліктерін қамтамасын етуі тиіс. Одан артылса, туыстарына, өзге де азаматтарға көмектесіп, қайырлы іске жұмсағанын құп көремін. Басқа да іскер ханымдарды қайырымдылық жасауға шақырамын, – дейді ол.
Салтанат ханымның сөзін онымен бір мақсатта жұмыс істейтін Әл-Фараби ауданы бойынша іскер әйелдер кеңесінің төрайымы Сәуле Мұсаева толықтырды.
– Әл-Фараби ауданында шамамен 200 нәзікжанды жеке кәсібімен тіркеуге алынса, соның 50-ден астамы «Атамекен» кәсіпкерлер палатасы жанынан ашылған кәсіби мектепте қабілеттерін шыңдады. Бұл бағыттағы жұмыстар тұрақты түрде жалғасады, – дейді отандық косметика өндірумен танылған Сәуле Ажыханқызы.
Кәсіпкер ханымдар Әл-Фараби ауданы әкімі аппаратының ұйымдастыруымен қайырымдылық шарасына қатысты. Әлеуметтік жағдайы төмен отбасыдан шыққан 10 балаға мектеп формасы мен оқуға қажетті құралдардың барлығын түгел алуға қол ұшын созды. «Балалар – біздің келешегіміз. Олардың алаңсыз сабақ оқып, білімді азамат болып өсуін тілейміз» дейді ханымдар.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.