Достың досы досыбай Избранное

Пятница, 26 Октябрь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3241 раз

Егерде маған біреу «азды-көпті ғұмырындағы жастық кезіңнен немесе орта жолдан қосылған достарың мен көз таныстарыңның ішінен адамдығы мен адалдығы, басқа пенделік қасиеттерінен шүйдесі асып, өркештеніп тұрар біреуін аташы» десе мен оны атар едім.

55555

Ол деп отырғаным – Отырардың Оғланы, Төлебидің Төресі, Созақтың Саңлағы, Түркістан облысының мақтан етер азаматтарының бірі, кезінде жастардың жалынды жетекшісі болған Досыбай Айтбайұлы Шерімқұлов. Досыбайды Қызылқұм аудандық комсомол комитетінің бірінші хатшысы болып сайланған кезден білемін. Себебі, дәл соның алдында ғана мен «Темір» совхозы комсомолдарының жетекшісі болып сайланған едім. Ол аудандағы ең ірі шаруашылықтың бірі «Қожатоғай» совхозы көп ұлтты жастар жетекшісі әрі совхоз экономисі ретінде өз тәжірибесіне сүйеніп, ауданның комсомол жастарының ауыл өміріндегі өзіндік орнын анықтау мақсатында кеңінен талдау жүргізу арқылы уақыт талабына сәйкес, мал және егін шаруашылығындағы жастардың үлес салмағын арттыруға, нақты айтқанда комсомол-жастар бригадалары мен звеноларының санын әрі сапасын жақсартуды мақсат етті.
Аудандық партия комитетінің бюро мүшесі ретінде аудан басшылығы мен совхоздар басшылары алдында сөзі өтімді болып, адами сыйластықпен жастарға қатысты мәселелер оң шешімін тауып, олардың өндірістік-тұрмыстық жағдайларын жақсартуға байланысты қызу жұмыс жүргізілді. Сайып келгенде, бұл жастардың аудан өміріндегі лайықты орындарын табу арқылы, олардың еңбек және қоғамдық белсенділігін арттыра түсті. Қызылқұмдық жастардың облыс көлемінде, алдыңғы қатардан орын алуға септігін тигізді.
Ұмытылмайтын бір сәт Қазақстан комсомолы сыйлығының лауреаты жас ақын Мұхтар Шахановты біздің совхоздың жүгері өндіретін ең ірі бөлімшесі жастарымен кездесу ұйымдастырып, ақынның шабытты өлеңдері оқылып, жүгері өсірушілер мен жас механизаторлардың еңсесі көтеріліп, Мұхтар Шаханов «Темір» совхозының жастарына темірдей төзім, әл-Фарабидің даңқындай даңқ тілеймін деген ізгі тілекпен қол таңбасы қойылған кітапты бізге сыйға тартты. Досекең аудан бойынша біздің жастарды таңдап, дауылпаз ақынды ертіп келгеніне риза болдық. Жалпы, ауданның комсомол белсенділері Шерімқұловтың қызметіне қызыға да, жақсы жағынан айтқанда қызғана да қарайтынбыз. Обком комсомол, облыстық партия комитеті, Ленгір ауданындағы партия, совет қызметтерін өте жақсы атқарып облыстық партия комитетінің ауыл шаруашылығы және тамақ өнеркәсібі бөлімін басқарған кезде облыстағы аудандардың экономикалық және әлеуметтік жағдайын жақсартуға өз үлесін қосты. Жоғарыда атап өткендей, біз Шерімқұловтың өсу баспалдақтарын жіті қадағалап отырдық. Бетегеден биік, жусаннан аласа мінезді жігіттердің қатарынан болатын.
Досыбай Шерімқұлов Созақта бірінші басшы болған жылдары Күнгейден бірде-бір кадр алған жоқ. Созақ аудандық партия комитеті аппаратында қызмет атқарған бір жігіт, тек қана жергілікті азаматтарды жұмысқа тартатын деп айтады. Досекеңнің қарамағында істейтін жігіттің айтқан сөзінің жаны бар екен, олай дейтінім, біздің ауылдас бір жігіт мәдениет институтын бітіріп, жолдама бойынша Созақ ауданы мәдениет бөліміне инспектор болып орналасқан еді. Бұрынғы басшы бар, кейінгісі Досекең бар, көп уақыт бір орында отырып қалды. Қазір ол азаматпен бір жиындарда бас қосып қалсақ, сұрақ астына ала берген соң Сәке мен шынымды айтайын, Досыбайдың тұсында мәдениет бөлімінің бастығының орны босап, енді менің кезегім келді деп үміт етіп едім арнайы мамандығы болмаса да басқа кадрға таңдау жасалды, мен ренжіп орготделға барып едім,Тұрлыбек сен түсін, ол кісі «сырттан» кадр алмайды деген соң аузыма құм кұйылды. Мен онан әрі қыса түсіп, ақырында бастық болдың ғой деп күлмесім бар ма, сондағы оның ағынан жарылып айтқаны мынау болды. Өзіңіз білесіз, күллі Шығыс жастарының жалынды басшысы болған Ғани Мұратбаевтан соң, Қазақстан комсомолында өзіндік орны бар Өзбекәлі Жәнібековтың іні-досы болған, кезінде республикада тұңғыш құрылған комсомол-жастар бригадасының негізін қалаған атақты шопан, болат балқытушы, тұңғыш Елбасымыз
Н.Ә.Назарбаевпен аты қатар аталып жүрген Айтбек Мұсаев ағаны араға салып бастық бастық болдым дейді. Досыбайдың комсомол десе жүрегінің «әлсіздігін» пайдаланған екенсің деп мен де, дастарқан басындағы басқа кісілер де риясыз күліп алдық...
Бірде «Темір» совхозы директорының көлік жүргізушісі жігіт, партком хатшысы, яғни менің кабинетіме кіріп, амандық-саулық сұрасып, Сәке, айтпайын десем іш жарылып барады, маған ешкімге айтпа деп еді өзіңізде мені білесіз, мен ондайдан аулақпын деп салды да. Сізді Шерімқұлов қатты сыйлайды екен демесі бар ма? Созаққа барып қайттық деп алып барған төрт кісіні атады, Досекең есікті жаппай қайта-қайта сіздің атыңызды айтып сұрап жатты дегені, сөйтіп жігіттер менен «ұрланып» Досыбайды Жоғарғы Кеңес депутаты болып сайлануымен құттықтап барған көрінеді. Пендеміз ғой, іштей жігіттерге ренжіп қалдым, ал Досыбайға солардың арасынан мені іздегеніне шексіз риза болғандығымды күні бүгінге дейін естен шығара алмаймын. Досекең Отырардың комсомолдарымен және сол кездегі замандастарымен қол үзген емес, ел жаққа құлақ түріп жүреді. Оның бір дәлелі бір совхоздың комсоргі жолығып қалса, қалғанын түгелдеп сұрап жүргені, олар қайда, не істейді, отбастары аман ба дегендей, кәдімгі бауырмалдық мінезін өзгерткен емес. Кейбір замандастарымыз таққа отырса, әйел, бала- шағаларымен отырғандай болып қалады, өмір болған соң, көре береді екенсің. Досыбай ондай емес өзгермейді, мен кешегі аудан басшысымын демейді, дастарқандас болып немесе басқа бір жағдайда жолыға қалсақ, оны баяғы өзіміздің Досыбай ғой дегеннен артық пікірге бара алмайсың, себебі хабарсыз кетсең, өзі іздеп тауып алады, аман-саулықты біліп тынбай көңілі көншімейді. Еріксіз мен бүгін ұзақ шұрқырасып сөйлескен адамым кім, сонау Сарыарқаға құлаш ұрған Созақ ауданын аузына қаратқан бірінші басшы ма, әлде қарапайым елім, жерім деп жүрген қазақ азаматы ма деген сұрақ келеді. Соңынан, ой түбіне барып..., жоқ ол кәдімгі сыр мінез, туа бітті әкеден көрген тәлімі бар, жаны жайсаң, өз ортасында қадірін жоғалтпаған, жолдастары да, кейінгі толқын інілері де, әсіресе, үлкен ағалары ерекше ілтипатпен қарайтын кесек мүсінді, еңсегей бойлы, бойына ойы сай азаматтығына тояттайсың. Мұндай жігіттер, құдайдың берген бағын бағалай білетін, оны әл-қадірінше адал қызметі мен елге қайтара білетіндігіне риза боласың.
Бақ демекші, кезінде Қазақстан Компартиясы Орталық комитетінің бірінші хатшысы Д.Шерімқұловқа тосын ұсыныс жасап, телефон шалған. Гурьев облысына хатшы болып барасың ба? Ойлан, асықпа, бір күннен кейін жауабын бересің депті. «Дәм-тұз тартпаған шығар» белгіленген күні ЦК-ға хабарласып, рахметін айтып, ұсыныстан түрлі себептерді айтып бас тартқан оны біреу білер, біреу білмес...
Мен біраз уақыт бұрын теледидар арқылы ТШО, яғни аса ірі америкалық «Тенгиз-Шевройл» компаниясының 25 жылдығына арналған Атыраудағы салтанатты жиында Елбасымыздың сөзін естігенде және сол кездегі облыс басқарған бір кісінің сұхбатын көргенде, Досыбайды білмеймін, ал мені өкініш өрті шарпып өтті. Ойлап қалдым..., мына жерде... Ия,сол бір ауыр кезеңдерде мен облысты басқарып алғашқы қиыншылықтарды бастан өткергенмін деген тұрғыда жерлесіміз Шерімқұловтың сұхбатын елестетіп қойдым. Сол ойым тереңдей түсіп, қазақтың біртуар азаматы Нұртас Оңдасыновтың Атырау өңірінде басшы болғанда елге белгілі қазақтың бір шоғыр азаматтарын өсіргені еске түсті. Яғни, бүгінгі таңда даңқты жерлесіміз кезінде ұзақ жылдар бойы республика үкіметін басқарған Нұртас Оңдасыновтан кейін Атырауға басшылық ізін салған, екінші бір жерлесіміз Досыбай Шерімқұлов деген ой жетегінде кетіп қалыппын... Қорыта айтқанда, Досеке! Ешқашан өтірік айтқаныңыз жоқ, өтірік күлгеніңіз жоқ. Ақ сөйлеп, анық басып келесіз. Димекең Қонаев ағамыз айтқандай «Аспай-саспай, жаман жерді баспай» келесіз. Еліңізден ештеңені жасырғаныңыз жоқ, ешкімнің сөзін басыңыздан асырғаныңыз жоқ. Құдай қосқан жарыңыз, Отырардың ару қызы Шолпанмен бірге ұл-қыздар мен немерелердің қызығын көріп жүре беріңіз.

С.МҰҚАНОВ,
1974-1976 жылдарда «Темір» совхозы
комсомол ұйымының хатшысы.
Отырар ауданы,
Шәмші Қалдаяқов
ауылы.

Последнее изменение Пятница, 26 Октябрь 2018 05:30
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.