ТІЛ ҮЙІРГЕН ПАЛАУ немесе 33 аспаз... 15 жасар жеңімпаз Избранное

Среда, 31 Октябрь 2018 05:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3245 раз

Шымкентте дәстүрлі «Достық дастарханы» халықаралық палау фестивалі өтті. Осымен сегізінші рет ұйымдастырылған шара биыл жас аспаздардың қатысуымен ерекшеленді. Шымкент және Ташкент қаласынан 30-дан астам үміткер қатысып, аспаздық шеберлігін сынға салған жарысты Шымкент қалалық Қазақстан халқы ассамблеясы және «Дустлик» қауымдастығы ұйымдастырған.

 

21

 

Таңмен таласа 33 аспаз қазан-ошағын дайындап, палау әзірлеудің қамына кірісті. Әрқайсысының ас пісіру әдістері біріне-бірі ұқсамайды. Осымен қатарынан жетінші жыл жарысқа қатысып отырған Зулфиддин Нұрметов биылғы палауын «Достық» деп атапты.
– Палауға жылқы, қой, тауық етін де қостым. Мейіз бен ноқат, дәмдеуіштер де бар. Бұл қоспалардың барлығы палауға ерекше дәм береді. Тіпті дәм татқан ашулы жанның өзін сабырға келтіріп, жадыратады. Сондықтан адамдарды жақындатып, сыйластықты арттыратын асты «Достық» деп атадым, – дейді Зулфиддин аспаз.
Бұл жолғы фестивальде қазылар алқасы қатысушыларға қатаң талаптар қойды. «Аспаздардың ас пісірудегі тазалығына басты мән беріледі. Дайындау ерекшелігі мен фантазиясы да ескеріледі», – деді ұйымдастырушылар. «Дустлик» қауымдастығының төрағасы Икрам Хашимжанов палаудың 60-тан астам түрі бар екенін айтады.
– Ерте кезден дайындалып жүрген «Хорезм», «Ферғанадан» бөлек осы фестивальдің нәтижесінде жыл сайын палаудың жаңа түрлері қосылуда. Өткен жылы аспаздар жаңа дәммен «Құда», «Шайхана», «Достар», «Экспо-2017» палауын дайындады, - деді төраға. Ал пахтакорлық аспаз Рақымжан Ергешов «Той» палауы деп атаған тағамына алғаш рет айва, анар секілді жемістер қосыпты.
– Жарыста жеңу мақсат емес. Ынта-ықыласпен дайындаған ас көпшіліктің көңілінен шықса, соған ризамын, - дейді Р.Ергешов.
Түркістан қаласынан келген Бабамұрат Әбдурахманов 13 жасынан бастап аспаздықпен айналысқан. 15 жасар аспаз Шымкент қаласындағы «Авимед» көпсалалы колледжінің студенті. Биылғы ең жас қатысушы мұндай халықаралық фестивальде алғаш рет бақ сынап отырғанын айтады.
– Кішкентайымнан палау пісірудің қыр-сырын әкемнен көріп өстім. Тәжірибе алмасып, өзімнің де таланатымды көрсеткім келді, - дейді Бабамұрат.
Бір емес, бірден 30 аспаздың қолынан дәм татқан қазылар алқасына жеңімпазды анықтау оңайға түспеді. Дегенмен, бір шешімге келіп, байқау шартын орындаған ең жас аспаз Бабамұрат Әбдурахмановты бірінші орынға лайық деп тапты.
Фестивальге қатысушылардың барлығы диплом және бағалы сыйлықтармен марапатталды.
Айта кетейік, биыл фестиваль «Қазақстан палауы» тақырыбында ұйымдастырылды. 200 келіден астам күріш басылып, келушілерге тегін таратылды.

Последнее изменение Среда, 31 Октябрь 2018 11:31
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.