Мегаполис мобильді қосымшаны пайдалануда Избранное

Пятница, 02 Ноябрь 2018 04:22 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2340 раз

Шымкент қаласында емханаларға тіркелген тұрғындардың бәрінің денсаулық картасы жасалды. 20-60 жас аралығындағы 89 264 тұрғын денсаулық сақтау саласындағы мобильді қосымшаны пайдалануда. Бұл туралы Шымкент қалалық денсаулық сақтау басқармасы басшысының орынбасарының міндетін атқарушы Ғалымжан Абишов журналистермен өткізген баспасөз конференциясында жеткізді.

32

 

– Шымкент қаласындағы 36 денсаулық сақтау ұйымының 32-іне медициналық-ақпараттық жүйе орнатылды. Қазір қала бойынша емдеу мекемелеріне «Дамумед», «Жарқын болашақ KZ», «Көмек» серіктестіктері ақпараттық қызмет көрсетеді. Бұл бағдарлама бойынша әр адам өзін немесе отбасы мүшелерін дәрігердің қарауына жазып, дәрігерді үйге шақыра алады. Сондай-ақ, еңбекке жарамсыздық парағын емханаға бармай-ақ алады. Тағы бір ерекшелігі, дәрігер берген рецепті осы жерден қарайды және осы бағдарлама бойынша барлық зертханалық зерттеулердің қорытындысын, лабораторияның нәтижелерін көруге мүмкіндік бар, – деді Ғ.Абишов.
Айта кетерлігі, шымкенттіктердің жаңа жүйені пайдаланудағы белсенділігі жоғары. Жыл басынан бері шаһарда мобильді қосымша арқылы 135 232 адам дәрігердің қабылдауына жазылып, 3 163 дәрігерді үйіне шақырған, 6 731 әйел жүктілік бойынша есепке тұрған. Сондай-ақ, 32 721 ата-ана 5 жасқа дейінгі балаларына дәрігерлік көмек алуда қосымшаны пайдаланған. Басқарма өкілінің айтуынша, мегаполистің денсаулық сақтау саласы келер жылы тұрғындарға 100 пайыз цифрлық қызмет көрсетуге дайын. Алдағы жылдың 1 қаңтарынан бастап медициналық мекемелердегі 121 қызмет қағазсыз жүйеге көшпек.
Басқарма өкілі бүгінде қаладағы барлық емханада мобильді қосымшаның тиімділігін түсіндіретін арнайы мамандар бекітілгенін атап өтті. Келушілерге мамандар қосымшаны смартфонына енгізіп, жұмыс істеу жолын түсіндіріп береді. Осы орайда денсаулық сақтау саласының маманы қала тұрғындарына медициналық көмекті жылдам, сапалы алу үшін мобильді қосымшаны жүктеуде әлі де белсенді болуға шақырады.
Тағы бір мәселе, Шымқалада 130 мыңнан аса тұрғын жекеменшік орталықтарға «Өз емханаңды таңда» науқаны аясында тіркелген. Әзірге олардың электронды денсаулық паспорты жасалмаған. Жауаптылар жекеменшік емханаларға медициналық қызмет көрсетуде цифрлық жүйеге өтіп, тұрғындардың денсаулық паспортын жасауға жыл соңына дейін уақыт беріп отыр.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.