Қоғамдық ұйымдар – демократияның дидары Избранное

Среда, 07 Ноябрь 2018 04:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5600 раз

Шымкентте алғаш рет өткелі отырған қалалық үкіметтік емес ұйымдардың «Азаматтық қоғам және мемлекет: Диалог. Әріптестік. Сенім» форумына ҚР Қоғамдық даму министрі Дархан Қалетаев, елімізге белгілі саясаткерлер, қоғам қайраткерлері келеді деп күтілуде. Осы форум қарсаңында «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» қауымдастық түріндегі заңды тұлғалар бірлестігінің президенті Жұмағали Білісбековке жолығып, пікірін тыңдаған едік.

50

 

– Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев: «Азаматтық қоғам, оның ішінде Үкіметтік емес ұйымдар – демократияның ажырамас бөлігі» деп айтып өткен болатын. Шын мәнінде, мемлекетіміздің өсіп-өркендеуі, қоғамдық сананың жаңғыруы азаматтардың белсенділігі арқылы жүзеге асатыны анық. Жалпы, бүгінде елімізде 17 мыңнан астам үкіметтік емес ұйым бар. Олардың көбі Астана, Алматы, Шымкент қалалары мен Түркістан, Қарағанды, Қызылорда өңірлерінде белсенді жұмыс істеп жатыр.
Қазіргі кезде азаматтық қоғамның тірегі саналатын үкіметтік емес ұйымдарға жоғары деңгейде қолдау жұмыстары жүргізіліп жатыр деп айтуға болады. Мысалы, қазіргі таңда Қоғамдық даму министрлігі құрылды. Бұрын тек мемлекеттік әлеуметтік тапсырыс шеңберінде ғана қаржы қаралса, соңғы жылдары азаматтық қолдау орталығы арқылы мемлекеттік гранттар бөлінеді. Соның нәтижесінде елімізде қоғамның сан түрлі бағыты бойынша түрлі жобалар іске асты. Жүздеген ұйым одан ары дамуға мүмкіндік алып, мыңдаған адам жұмыспен қамтылуда. Сондай-ақ, өткен жылы республикалық, өңірлік және салалық мәселелерді шешуге үлес қосқан үкіметтік емес ұйымдарға арналған сыйақы табысталды.
Үкіметтік емес ұйымдар Шымкентте де бірқатар әлеуметтік мәселелердің шешілуіне ықпал етіп келеді. Бұл тұрғыда олар – мемлекеттің сенімді серігі. «Азаматтық альянстың» Шымкентте 26 мүшесі бар. Олар бұрыннан еңбек етіп келе жатқан тәжірибелі мамандар. «Азаматтық альянс» қазіргі таңда қаладағы әлеуметтік мәселелердің оң шешілуіне қал-қадірінше көмектесуде. Шаһардың шырайын ашатын «Таза қала» байқауының да өз деңгейінде өтуіне бақылау жасап, атсалысуда. Бұдан бөлек, тұрғындардың арыз-шағымы негізінде халықтың мұқтажын, шешілмеген мәселелерін орындауда қалалық әкімдікпен бірлесе отырып, жұмыс істеуде.
Биыл жазда Елбасының Жарлығымен Шымкент қаласы республикалық маңызға ие дербес қала мәртебесін иеленді. Осы орайда «Шымкент қаласының Азаматтық альянсы» қауымдастығына арнайы ғимарат берілсе деген ұсынысымды жеткізгім келеді. Бұл жұмысымызды жүйелі жүргізуге өз септігін тигізер еді.
Қала әкімі Ғабидолла
Әбдірахымов істің көзін таба білетін білікті басшы. Шаһар әкімі біздің ұсынысымызға қолдау көрсетеді деп ойлаймыз. Бұл бір жағынан қала әкімдігіне де тиімді болатыны сөзсіз. Үлкен мегаполис болғасын, шешімін күткен мәселелер де аз емес. Біздің басты мақсатымыз – билік пен қалың бұқара арасында көпір болып, қала тұрғындарына, жалпы қоғамға қызмет ету.
Елбасы бұған дейінгі Жолдауында «Қазақстандағы үкіметтік емес қоғамдық ұйымдарының құқық қорғау қызметінде де, тұрғындардың ерекше қызығушылықтарын дамыту саласында да, қоғамды әлеуметтік қалыптастыруда да атқаратын рөлі өте маңызды» деген болатын.
Қазақ Елі өз Тәуелсіздігінің алғашқы күндерінен бастап ел азаматтарының бірлігін нығайтып, азаматтық біртектілікті арттыруды басты мақсат етіп келеді.

 

Сіз не дейсіз?

1. Үкіметтік емес ұйымдардың азаматтық қоғамдағы рөлі қандай?

2. Алдағы Азаматтық форумнан не күтесіз?

 

Дана МАМАНОВА, «Ғаламат» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

1. Қазіргі таңда елімізде мемлекеттік емес ұйымдар үшін жаңа концепция жасалуда. Оған біз секілді қоғамдық бірлестіктер жаппай атсалысуы тиіс. Осылайша азаматтық қоғамның дамуына үлес қосамыз. Өзіміз туралы айтсам, «Ғаламат» қоғамдық бірлестігі демократиялық құндылықтарды жетілдіріп, дамыту үшін үлесімізді қосып келеміз. Мысалы, некені бұзбау, ұрпақ жалғастыру, балаларды тәрбиелеу сияқты дәстүрлі отбасылық құндылықтарды кеңінен насихаттаймыз. Сонымен қоса отбасында зәбір көріп, тағдырдың тауқыметін тартқан азаматтар мен отбасы мүшелеріне психологиялық, құқықтық қолдау көрсетеміз.
2. Шымкенттегі Азаматтық форумнан күтеріміз - мемлекет тарапынан үкіметтік емес ұйымдар ықпал етуші сектор ретінде қаралса екен деймін. Одан кейін мемлекеттік тапсырыс аясында бөлінетін қаржы 1 жылға емес, одан ұзақ мерзімге қарастырылса, құба-құп болар еді. Кейде атқарған ісіміздің нәтижесін көріп, мониторинг жасауға бір жыл аздық етіп жатады. Шымкент қаласында алғаш рет өткелі отырған үкіметтік емес ұйымдардың Азаматтық форумында осындай мәселелер талқыланса деп күтеміз.

Роза АБДУЛЛАЕВА, «Береке» қоғамдық бірлестігінің төрайымы:

1. Азаматтық қоғам мемлекеттің барлық аумағын, халқын біріктіреді. Сондықтан болар, кез келген уақытта кез келген мәселесімен адамдар үкіметтік емес ұйымдардан көмек сұрап келіп жатады. Оларға қолдау көрсетуге барынша тырысамыз. Мысалы, біздің қоғамдық бірлестіктің мақсатына қала тұрғындарының коммуналды шаруашылық, әлеуметтік тұрғыдағы сауатын арттыру да жатады. Бірлестіктің мүшелері осы уақытқа дейін жерлестеріміздің қала шаруашылығына қатысты арыз-өтініштерінің тиісті органдарға жетуіне көмектестік, мониторинг жасадық. Үкіметтік емес ұйымдардың негізгі мақсаты – азаматтық қоғамның дамуы.
2. Шымкентте алғаш рет өткелі отырған Азаматтық форум қоғамдық ұйымдардың оң имиджін қалыптастырып, әлеуметтік қызметтерді көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін көтеретіне сенімдімін. Республикалық Азаматтық қоғам институтын дамыту тұжырымдамасы таныстырылатыны айтылуда. Мұның өзі үкіметтік емес ұйымдардың жұмысына серпін береді.

 

Құрмет КЕРІМБЕКОВ, «Жалын жастар ұйымы» ҚБ төрағасы:

1. Өңірімізде түрлі бағытта жұмыс жасайтын үкіметтік емес ұйымдардың тұрақты топтары қалыптасқан. Балаларды, жастарды, әйелдерді қолдау, мүмкіндіктері шектеулі азаматтардың құқықтарын қорғау, кәсіпкерлікті дамыту, сонымен қатар адам құқықтарын қорғау, білім беруді дамыту, отансүйгіштікті, рухани-мәдени мұраны, салауатты өмір салтын насихаттау бағытында жұмыс жасайтын ұйымдар қызмет етеді. Олардың барлығы азаматтық қоғамның дамуына үлес қосуда.
2. Бүгінде үкіметтік емес ұйымдар қоғамның кез келген мәселесін шешетін билік пен халық арасындағы байланыс көпіріне айналды. Сонымен қатар қоғамда ынтымақ пен ауызбіршіліктің болуына үлесін қосып келеді. Ал азаматтық форум қоғамдық ұйымдардың оң имиджін қалыптастырып, әлеуметтік қызметтерді көрсететін үкіметтік емес ұйымдардың мәртебесін көтеретіне сенімдімін.

Последнее изменение Среда, 07 Ноябрь 2018 08:23
Сәбит ТАСТАНБЕК

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің "Журналистика" мамандығын (2004-2008) тәмамдаған. Алматы қаласында Отан алдындағы әскери борышын (2008-2009) өтеген. Республикалық «Sport», «Қазақ спорты» газеттерінде және Шымкент қаласы әкімдігінің ресми сайтында тілші болып еңбек еткен. 2013 жылдан бастап «Шымкент келбеті» газетінің тілшісі, 2016 жылдың ақпан айынан 2018 жылдың ақпан айына дейін Бас редактордың орынбасары болып істеген.