Шәріпбек ЖАМАЛБЕК: «Таза қала» акциясы - «Азаматтық альянстың» жетістігі Избранное

Среда, 07 Ноябрь 2018 04:54 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3596 раз

Үкіметтік емес ұйымдар атқаратын жұмыс көп. Олар азаматтарға түрлі мәселелерде қолдау көрсетуден бастап халықтың қоғамдық сауатын арттыру, тұрмыс сапасын жақсартуға үлес қосып келеді. Бұған қоса жергілікті билікпен тізе қосып атқарып келе жатқан, нәтижесі ауыз толтырып айтарлықтай жұмыстар жоқ емес. Соның бірі – «Азаматтық альянстың» бастамасымен Шымкентте қолға алынған «Таза қала» акциясы.

51

 

«Таза қала» акциясы қаланы абаттандыру, тазалығын сақтауға бірден-бір үлес қосып келе жатқан жобаның бірі. Жылдан жылға қала тұрғындарының тарапынан бұл жобаға қызығушылық артып келеді. Мәселен, биыл жетінші рет ұйымдастырылған байқауға шаһардағы төрт ауданнан 519 өтінім түсіпті.
Осынау дәстүрлі жобаның ұйымдастырушысы – «Азаматтық альянс» қауымдастығы. Оның құрамына бірқатар үкіметтік емес ұйымдар шоғырланған. Қауымдастық қаладағы көптеген бастамаларға қолдау көрсетіп жүр. Осыған орай Түркістан облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығының төрағасы Шәріпбек Жамалбекұлын әңгімеге тартқан едік. Бүгінге дейін қандай жетістіктерге қол жетті? Қоғамдық ұйымдардың дамуы қалай?

– Шәріпбек Жамалбекұлы, «Таза қала» акциясы биыл жетінші рет ұйымдастырылып отыр. Осы уақытқа дейінгі атқарылған жұмыстардың ішінде басты жетістіктерді атап өтсеңіз...
– Жалпы, бұл бастама «Азаматтық альянстың» табысты идеясы деуге болады. Ең басты қуантатын жағдай – жобаға қалалық әкімдік көп қолдау көрсетуде. Осындай демеушілердің, қала әкімінің қолдауының нәтижесінде акция үзілмей келе жатыр. Мұндағы басты мақсат – қаланы көгалдандыру, абаттандыру, таза ұстауға халықты жұмылдыру әрі назарын аудару. Сонымен қатар өз қаламызды таза ұстауды мектеп оқушылары, басқа саланың азаматтары, жалпы жастар арасында кеңінен насихаттау.
Әрине, жылдан жылға жобаның ауқымы кеңейіп, қатысушылар саны да артып келеді. Оған арнайы сараптама жүргіземіз. Мәселен, биылғы өтінімдердің саны 519-ға жетіп отыр. Жалпы, 2015 жылы – 260, 2016 жылы – 301, 2017 жылы – 349 өтінім түскен. Биыл едәуір көп.
14 қараша күні «Таза қала» акциясының қорытындысы шығарылып, үздіктер марапатталады. Қаланың ең таза ауласын, ең таза көшесін бірге анықтаймыз. Биыл қай аудан белсенділік танытқанын да анықтадық. Комиссияның шешімімен Әл-Фараби ауданы белсенді қатысуда. Бұл – биылғы ерекшелік.
Ең басты жетістік – қала халқының осы мәселеге бет бұра бастағаны дер едім. Тұрғындар өз үйінің ауласын көгалдандыруға, абаттандыруға, таза ұстауға көңіл бөле бастаған. Оған нақты мысал айтайын. Мәселен, Түркістан көшесінің тұрғындары өз аулаларын таза ұстауда белсенді. Зухра есімді үй комитетінің төрайымы көгалдандыруls бастап беріп еді. Айналасындағы үйлер де жақсы іске жұмыла кетті. Рахымжан есімді тұрғын үйінің ауласына субұрқақ қойып, көгалдандырып жатыр. Оған 5 тонналық балалар бассейнін алып, оған құбыр жалғаған. Біз арнайы барып көрдік.
Екінші бір мысал – Рашидов көшесінде Мейрамкүл деген тұрғын бар. Өзі 2,5 тонналық бөшке алған. Оның жанынан құбыр жалғастырып, үйдің айналасын көгалдандыруға пайдалануда. Ол кісі де байқауға тұрақты қатыстып келеді.
Ал Абай ауданында Ергеш деген қарияның ісі тіпті көпке үлгі. Ол тұрғын өзінің үйінің ауласы ғана емес, көше бойындағы 100 метрге жуық жерді жақсылап көгалдандырған. Гүл еккен. Биылғы жаз өте ыстық болды ғой. Соған қарамастан осындай жұмыстарды атқаруда. Оған ешкім бір тиын ақша берген емес.
Әрине, әлі де бірқатар мәселелер бар. Тұрғындар арасында тазалыққа бейқам қарайтындар да кезігеді. Бізде ішкі істер органдары тарапынан да тазалық ісіне қадағалау жүргізіледі. Бірақ жеткіліксіз. Сондықтан біз заң орындарымен бірлесіп жұмыс істеуіміз керек.
Сондай-ақ, жыл сайын учаскелік инспекторларды, мектеп оқушыларын да марапаттайтынымызды білесіздер. Олар да аулаларды таза ұстауға көп жәрдемдеседі. Әсіресе, балалардың патриоттығын оята білсек. Осындай мәселелерді шеше алсақ, қаланың шырайланатынына күмән жоқ.
– Былтыр акцияның жалпы жүлде қоры 4 млн теңге болған. Бұл қаржы жеткілікті ме?
– Шын мәнінде, аз деп айтуға келмес. Бірақ көп те емес. 3 жылдан астам уақыттан бері тұрақты түрде беріліп жатқан қаражат көлемі осы – 4 млн теңге. Қаржының көбейгені, әрине, қатысушыларға да жақсы. Ең басты мәселе – олар алған қаржыны сол өзінің ауласын көгалдандыруға жұмсайды. Осыған назар аударсақ. Біз енді ынталандыру сыйлықтарын көбейтсек деп отырмыз.
– Облыстық «Азаматтық альянс» қауымдастығы көптеген іс-шараларға ұйытқы болып жүр. Бүгінге дейінгі басты жетістіктеріңізді атап өтсеңіз...
– Үкіметтік емес ұйымдардың басын біріктіруші «Азаматтық альянс» қоғамдық бірлестігі елімізде бірінші болып біздің өңірде ұйымдастырылған еді. Бұл – ерекше тарих. Бұл қауымдастықтың негізін қалаушы – ұстаз, еңбек ардагері Клара Әліпова. Біз де кезінде құрылтайшылардың бірі болып кірген едік. Осы ұйымның жұмысына бір кісідей атсалыстық. Клара Төлендіқызы зейнеткерлікке шыққаннан кейін жетекшілік етіп жатқаныма 3 жылдан асып барады. Шымкент қаласы өз алдына мегаполис болғаннан кейін, қауымдастық та екіге бөлінді.
Жалпы, «Азаматтық альянс» республика бойынша іргелі жұмыс істеп жатқан ұйым. Таяуда Түркістан, Кентау қаласының қоғамдық ұйымдарымен бірге Елбасының халыққан арнаған Жолдауын жүзеге асыру бойынша жиын өткіздік. Алдағы уақытта нендей істерді қолға алатынымызды анықтадық.
Жалпы айтқанда, облыста 1800-ден астам қоғамдық ұйымдар мен ҮЕҰ бар-тын. Оның 1100-ден астамы Шымкентте қалды.
Ең басты жетістіктеріміздің бірі – біздің қатарымыздағы азаматтардың абырой, беделі жоғары. Мысалы, Шымкентте «Береке» қоғамдық ұйымы бар. Оған Роза Абдуллаева жетекшілік етеді. Қазір сол кісі 2 млн долларлық шетелдік грант жеңіп алды. Соның есебін берді.
Хадиша Әбішова басқаратын «Сана-сезім» ұйымы да табысты жұмыс атқарып келеді. Олар әйелдердің, балалардың құқығын қорғайды. Бүгінде осындай үкіметтік емес ұйымдардың саны артуда. Дамыған, қанатын жайған ұйымдар бар деген сөз.
– Шымкент қаласында өтетін Азаматтық форумнан не күтесіз? Қандай мәселелер қозғалу керек?
– Қалада 1200-ге жуық қоғамдық ұйым бар екенін айттық. ҮЕҰ-ға әлі де болса мемлекет тарапынан көмек қажет. Біздің негізгі мақсатымыз – халық пен билік арасында көпір болу. Қоғамда әлеуметтік тұрғыдан аз қамтылған отбасылар бар. Осыларға көмек беру қажет. Әйелдерге көмек, бала тәрбиесі, экология мәселелері әлі өзекті.
Жалпы, менің қуанатыным, Шымкент қаласының әкімдігі ҮЕҰ-дың дамуына жеткілікті көңіл бөліп жатыр. Осы қарқыннан төмендемеу қажет. Қоғамдық ұйымды қолдаса, олардың атқаратын жұмысы көп. Қалаға бірқатар елдімекендер қосылды. Әлі де жұмыспен қамтылмаған, әлеуметтік көмекті қажет ететін азаматтар бар. Отбасы, балалар мәселесі, экология, жастар тәрбиесі, солардың бәрін қолдайтын – ҮЕҰ-дар.
Республикалық Азаматтық форум өтейін деп жатыр. Онда арнайы тұжырымдама қабылданбақ. Біз неге назар аударуымыз керек? Әрине, әлеуметтік тұрмыс сапасын жақсарту. Біздің басты ұстанымымыз да осы. Қаланы таза ұстау, абаттандыру, экология мәселелері бар. Халықтың мемлекетке қарай бермей, өзін өзі жұмыспен қамтуына бірлесе әрекет етуіміз керек.
Тұжырымдама қабылданған жағдайда, нақты іс-шаралар жоспары түзіледі. Оны әрі қарай жүзеге асыру үкіметтік емес ұйымдарға жүктеледі.
– Ендеше, жұмыстарыңызға сәттілік тілейміз!

Последнее изменение Среда, 07 Ноябрь 2018 08:22
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.