Жастардың тәрбиесіне бетбұрыс жасадық Избранное

Среда, 07 Ноябрь 2018 05:03 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3246 раз

«Ару аналар» көп балалы аналар қоғамдық бірлестігінің құрылғанына сегіз жыл. Үкіметтік емес ұйымға 3 мыңнан аса көп балалы отбасы тіркелген. Бірлестіктің бүгінге дейін атқарылған жұмыстары ауқымды. Көп балалы аналарға қолдау жасау, оларға әлеуметтік және психологиялық көмек берумен қатар жастардың сауаттылығын арттыруды міндетіне алған бірлестік жуырда үлкен бір жобаны қолға алмақ.

53

 

Осыдан үш-төрт күн бұрын қоғамдық бірлестікке отбасында зорлық-зомбылық көрген екі баланың анасы, үшінші сәбиіне жүкті Г есімді келіншек көмек сұрап келген. Күйеуі мен енесі шаңырағынан қуып, барар жері қалмаған әйел таныстарынан «Ару аналар» жайында естіп, ұйымның есігін қағуға мәжбүр болады.
– Өзі жетім өсіпті. Күздің қара суығында үстінде жылы киімдері де болмады. Екі баласымен бірге жас анаға киім-кешек сатып әперіп, «Араша» дағдарыс орталығына орналастырдық, - дейді бірлестіктің төрайымы Бану Ордабаева.
«Ару аналар» қоғамдық бірлестігі үш бағытта: психологиялық, құқықтық кеңес беру, оқу орталығында оқыту және қайырымдылық көрсету шараларымен айналысады. Сонымен қатар ауыл-аймақтардан жоғары оқу орындарына оқуға түскен алғашқы курс студенттерінің компьютерлік сауаттылықтарын арттыруға көмектеседі.
– Бүгінге дейін 700-ден астам жасқа сертификат берілді. Көп балалы жас аналарға өздерін мазалап жүрген сауалдар төңірегінде семинарлар ұйымдастырып, арнайы мамандарды шақырамыз. Атаулы мерекелердің барлығында қайырымдылық шаралар өткізіп, мүмкіндігі шектеулі жандар, әлеуметтік жағынан аз қамтылған отбасыларға көмек қолын созамыз. Өңірде тұрмыстық зорлық-зомбылық көрген әйелдер саны азаймай отыр. Бұл бағытта да ауқымды шаралар жүргізіліп, олармен 2 психолог және 2 заңгер маман жұмыс жасайды, - дейді Б.Ордабаева.
«Ару аналар» ұйымы «Самұрық-қазына Trust» компаниясының қолдауымен жаңа жобаны қолға алмақ. Жоба аясында шаһарда тұрмыс жағдайы төмен, мүмкіндігі шектеулі азаматтар және мигранттарға арналған дүкен ашу жоспарланып отыр. Бану Ордабаева дүкенге жергілікті тұрғындардан киім-кешек жиналып, сұрыпталып, 80 пайызы мұқтаждарға тегін таратылатыны және бұл мақсатта үлкен сауда орындарына контейнерлер қойылатынын айтты.
– Өңірімізде ерлі-зайыптылардың ажырасу жағдайы көбейіп барады, - деді әңгіме барысында бірлестіктің төрайымы. - Сайрам ауданында «Ерте некенің келеңсіз жағдайлары» деген жоба аясында зерттеулер жүргізілді. Сонда отбасы құрудың 51 пайызы ажырасумен аяқталып жатқаны белгілі болды. Сондықтан жастардың тәрбиесіне бетбұрыс жасауды дұрыс санадық. «Ананың мектебі», «Ағаның мектебі», «Жеңгенің мектебі» секілді тәрбиелік маңызы бар шараларды аудандағы «Жастар» қоғамдық бірлестігімен бірге өткізіп жүрміз.

Последнее изменение Среда, 07 Ноябрь 2018 08:21
Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.