Шымкентте 200-ге жуық «Болашақ» түлегі жұмыс істейді Избранное

Среда, 14 Ноябрь 2018 05:18 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2461 раз

Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Болашақ» халықаралық стипендиясымен шетелде оқу бітіріп келген жастарды Шымкентке жұмысқа шақырды. Бұл туралы шаһар басшысы Астанада «Болашақ» халықаралық стипендиясының 25 жылдығына орай өткен «Адами капитал – жаңғыру негізі» атты форумда айтты.

73

 

– Баршаңызды «Болашақ» бағдарламасының 25 жылдығымен құттықтаймын. Шетелдегі оқудан қайтып келгеннен кейін елде бес жыл жұмыс істеу міндеттелетін шарт болған еді. Қазір өңірлерге барамын деген қыздар мен жігіттерге бұл мерзім 3 жылға қысқарғанын білесіздер. Әрине, мемлекет үшін жұмыс істеймін деген азаматтар 5 жыл, 3 жыл деп, уақытты санамауы керек. Өз өмірін мемлекет, халық үшін арнаған адамға менің ойымша, ешқандай шектеудің керегі жоқ, – деді Шымкент қаласының әкімі Астанада өткен форумда.
Ғабидолла Әбдірахымов Елбасының «қандай кәсіппен айналысамын десеңіздер де, бірінші, мемлекеттік қызметтен өтіңдер» деп айтқан сөзін еске алды.
– Егер адам өзінің өмірлік жолын мемлекеттік қызметтен бастаса, кейін бизнеске ауысқан кезде оған едәуір оңай болады. Себебі, мемлекеттік қызмет - армия сияқты. Тәртіп, жауапкершілік... Әлбетте, «Болашақ» стипендиаттары ел ішінде еңбек ету міндеттемесінің 5 жылдан 3 жылға дейін қысқаруына қуанған шығар. Бірақ, менің ойымша, барлық жастар аймақтарда жұмыстан өтуі керек. Себебі, өңірлерде жұмыс істемеген адамға орталықта жұмыс атқару өте қиынға түседі. Маған сеніңіздер. Өз қызметімді орталық мемлекеттік органда бастадым. Орталықтағы 15 жылдық еңбектен кейін өңірге жұмысқа келгенімде шынымды айтсам, көп нәрсеге көзім ашылды, - деді әкім.
Осы ретте, Шымкент қаласының әкімі жастарды өңірлерде еңбек етуге шақырды.
– Аймақтарда көп тәжірибе алып, бекем бола түсесіздер. Сонда Астанада сізге ешкім «асфальттың баласы» деп айта алмайды. «Болашақ» бағдарламасы мен Астана, менің ойымша - Президенттің ең басты екі жобасы. Осы екеуі еліміздің алдағы 100 жылдағы дамуын айқындап береді. Мен үшін бүгінгі форум өте маңызды. Қазір Шымкентте 200-ге тарта «Болашақ» түлегі жұмыс істейді. Барлық ниет білдірушілерге айтарым: өңірлерге барғысы келетіндер – Шымкентке келіңдер, - деп түйді
Ғабидолла Әбдірахымов.

Последнее изменение Среда, 14 Ноябрь 2018 07:26