Басты мақсат – халықтың мешітке деген сенімін арттыру Избранное

Среда, 28 Ноябрь 2018 05:13 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4260 раз

ҚМДБ-ның Шымкент қаласы бойынша өкілдігі жылдық есепке байланысты баспасөз мәслихатын өткізді. 2018 жылы атқарылған жұмыс жеткілікті. Қала мешіттерінің құжаттарын реттеу, имамдардың біліктілігін көтеру, жат ағымдармен күрес сынды жұмыстар қорытындыланды. Сондай-ақ, қолға алынған маңызды жұмыстың бірі – имамдарға жалақы беру, мешітердегі қаржылық есеп-қисапты жүргізу.

137

 

120 723 адам қамтылған

Шымкент қаласы бойынша өкіл имам Бақтыбай Бейсенбаевтың айтуынша, мешіттерге талап күшейген. Бүгінде мешіт салу ережесі бекітіліп отыр. Талдау жұмыстары көрсеткендей, көп мешіттердің құжаттарында олқылықтар бар.
– Негізінен, кейбір мешіттердің қаулысы, жер учаскесінің мемлекеттік актісі жоқ екені анықталды. 18-нің ғана құжаттары толық. Қалған мешіттер бойынша алда жұмыс атқарамыз. Келесі жылы барлық мешіттің құжаттары реттеледі. Бүгінде 10 мешіт салынуда. Биылдың өзінде 19 мешіт күрделі жөнделсе, 41-не бейнекамералар орнатылды, - дейді өкіл имам.
Жалпы, қалада 104 мешіт, 1 медресе-колледж, 1 қарилар дайындау орталығы, 256 мешіт қызметкері тіркелген. Мешіттердің барлығында рухани іс-шаралар ұйымдастырылады. 54 мешітте сауат ашу курсы жұмыс істейді. Жалпы, қаладағы мешіттерде 5003 адам діни сауат ашып жүр.
Бақтыбай Қыдырбайұлы имамдардың білім-біліктілігін арттыру, жат ағымдармен күрес бойынша да мәлімет берді. Мәселен, жыл басынан бері 605 кездесу ұйымдастырылса, оған 120 723 адам қамтылған. Сондай-ақ, қалада биыл имамдар арасында Құран оқу жарысы өтті. Бұл да республикада алғаш рет қолға алынған іс-шара. Биыл орталық мешіт жанынан ақылдастар алқасы құрылды. Барлық ауданда кездесулер өткізудің нәтижесінде жаназа рәсімдері бірізділікке түскен.

Орталық бухгалтерлік кеңсе ашылды

Мешіттердің қаржылық есептемелерін жүргізу, имамдарға жалақы беру сынды маңызды мәселелер бойынша да биыл ауқымды жұмыс жүргізілді. Республикада алғаш болып Шымкентте орталықтандырылған бухгалтерлік кеңсе де жұмысын бастаған. Бұл бағыттағы жұмыстар бойынша брифингте өкіл имамның орынбасары Әділхан Сертай баяндап берді.
– Жалпы, 4-5 айда үлкен жұмыс атқарылды. Қаладағы барлық мешіттің кірісі мен шығысын талдадық. Көбісінде бухгалтерия жағынан сапалы жұмыс жүргізілмеген. 10-12 мешітте ғана жұмыс жүйелі. Сол себептен көп имамдар жалақы алмаған. Зейнетақысы мардымсыз. Мешіттердің нақты бюджеті жоқ. Осы мәселелерді шешу мақсатында бір ай бұрын бухгалтерлік кеңсе ашылды. 4-5 бухгалтер қаладағы 20-30 мешітке бақылау жүргізеді. Енді 2-3 айдың ішінде жұмыс реттеліп, коммуналды шығындардың есебін беріп тұрамыз, - дейді өкіл имамның орынбасары.
Бұл жүйенің басты мақсаты – имамдарға жалақы беру, зейнетақы мәселесін шешу және әлеуметтік аударымдарды реттеумен қатар, жоғары деңгейде әр мешітте қаржылық көрсеткіштер бойынша бухгалтерлік есептер жүргізу, кеңес беру.
Енді мешіттердегі барлық садақа жәшігіне өкілдік тарапынан бақылау жүргізіледі. Жәшікке түскен ақшадан коммуналды шығындар, имамдардың жалақысы төленеді. Имамдар бұл жұмыстарды қолдап отыр. Жалпы айтқанда, барлық мешіттің жағдайы өкілдік тарапынан қадағаланады.
Жалпы, бүгінде қаладағы мешіттердің 30 пайызында имамдар жалақы алады. Бұл жұмыстардағы басты талап – ашықтықты қамтамасыз ету. Халықтың мешітке деген сенімділігін арттыру.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.