Версия для печати

Рашид АЮПОВ, «Болашақ» бағдарламасының түлегі: «Болашақ» – әлеуетті зияткерлік армия Избранное

Пятница, 30 Ноябрь 2018 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3654 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Болашақ» – еліміздің білім қуған жастарына арналған ең сәтті жобалардың бірі. Бағдарламаның қолға алынғанына биыл 25 жыл толды. Ширек ғасыр. Әрине, ең үлкен байлық адами капитал екені мәлім.

153

 

1993 жылы, қиын-қыстау кезеңде Елбасы осындай батыл шешім қабылдаған еді. Елдің болашағы жастар үшін. Бүгінде «Болашақ» түлектерін зияткерлік әскер десек жарасар.
Бағдарлама түлектері үлкен саяси қызметке араласып, елдің әлеуметтік-экономикалық дамуына үлес қосып жүргендері жеткілікті. Білім, ғылым саласында, шетелдік компанияда қызмет істеп жүргендері де аз емес. Бүгінде түлектердің саны 12 мыңнан асады.
«Shymkent» ӘКК» АҚ-ның басқарма төрағасы Рашид Аюпов «Болашақ» халықаралық бағдарламасы аясында Queen Mary University of London (Ұлыбритания) университетінде мемлекеттік басқару мамандығы бойынша білім алған. Бағдарламаның берері не? Оқып-білген тәжірибелерін елдің дамуына қаншалықты бере алып жүр? Осы орайда Рашид
Абатоллаұлы бағдарламаның әлеуеті, тағы басқа мәселелері жөнінде бізге кеңірек әңгімелеп берді.
– Бұл бағдарлама маған тіл үйренуді, түрлі мәдениетті, жаңа технологияларды көруге мүмкіндік берді. Бүгінде Шымкентте енгізіліп жатқан IТ саласындағы жобалардың бәрі өзім білім алған Ұлыбритания елінің тәжірибесі. Біз ол нәрсені көрмесек, өз қаламызға қалай енгізетін едік? Осындай жобалардың қаламызға енгізіліп жатқанын көріп, қуанамын, – дейді Р. Аюпов.
Бағдарламаның басты қолдаушысы – Тұңғыш Елбасының іскерлік қыры, Елбасына деген құрмет жөнінде де пікірін білген едік.

«Болашақ» өзгеріске жол ашты

Расында, бастапқыда шетелге барып, қалай білім алуға боларын мен де білген жоқпын. Ең бірінші тіл білу керек. Ол әрдайым ақша және уақытты талап етеді. Мектепті бітіргеннен кейін басқа өмір басталады ғой. Қиын да қызықты сәттер. Шетелдік университетте оқудың ол кезде 90 пайызы ақылы болатын. 2012 жылы «Болашақ» бойынша тіл курсына барып, 2014 жылы оқуды бітірдім. Ол кезде Үкіметте жұмыс істеп жүргенмін. Мүмкіндік тауып, Куин Мэри университетінде Мемлекеттік басқару магистрі атанып келдім, – деп бастады Рашид Абатоллаұлы әңгімесін. – Онда еліміздің және шетелдік студенттермен, мұғалімдермен араласасың. Таныс-білістігің, достығың артады. Соның нәтижесі шығар, қазір елімізге көптеген болашақтықтар, шетелдік азаматтар келіп, жұмыс істеп жатыр. Біздің корпорацияда да 10-ға жуық болашақтық жұмыс істейді.
Осы бағдарламамен оқып жүрген кезімде Елбасын көрсем, үш жағдайға өз рахметімді айтамын деген ойым болатын. Тәуелсіз еліміздің тұғырын берік еткені үшін, әсем Елорданы салғаны үшін және осы «Болашақ» бағдарламасы үшін өз алғысымды білдірсем дедім. Бүгінде ол арманым төртеу болды. Ол – Шымкент қаласына үшінші мегаполис статусын беруі, әрине (күліп). Елбасыға көп мүмкіндік бергені үшін рахмет. Бағдарлама әрі қарай да өміршең болып, көптеген азаматтар білім алып, елдің дамуына үлес қоссам деген ой-жоспарлары іске аса берсе екен.
Жиырма бес жылдық мерейтойды қалай тойлау керек? Өздеріңіз білесіздер, мерейтой негізінен төрт қалада аталып өтті. Шымкентте де Халықаралық бағдарламалар орталығының ұсынысымен «Атлас» мейрамханасында бүкіл «болашақтықтардың» басы қосылды. Негізінен, Түркістан облысы мен Шымкент қаласының тумалары. Өте жақсы кездесу болды. «Болашақпен» оқыған талай адам бір-бірімізбен таныстық.
Менің ойымша, бағдарламаның әлі де жарнамасын күшейткен жөн. Бүкіл БАҚ-тан, әлеуметтік желі арқылы осы уақытқа дейінгі жетістіктерді кеңінен насихаттай білсек. Ол азаматтардың тағдыры «Болашаққа» дейін қалай болды? Одан кейін қалай өзгерді? Егер кең ауқымда насихат жүргізілсе, көптеген жастың қызығушылығы оянар еді.
Жалпы, әріптестермен осы тұрғыда ақылдастық. Алдағы уақытта оқудың алдындағы, оқу кезіндегі көрген қызықтар және одан кейінгі өміріміз туралы мақала жазуды жоспарлап отырмыз.


Басты жетістік – адам капиталын дамытуға үлес қосуы

Бағдарламаның 25 жылдағы басты жетістіктері неде? Қазір кез келген шетелдік азамат елдегі бір мекемеге кіретін болса, міндетті түрде бір ағылшын тілін білетін «Болашақ» түлегін таба алады. Жергілікті атқару органы болса да, шетелдік компания болса да табылады. Одан кейін, қазіргі қалада болып жатқан цифрландыру бағытындағы, IT саласындағы жобаларды алайық. Велосипед шетелден келді. Қазір бар күшімізді халықтың көзқарасын өзгертуге, даму жолына түсу, жағдай жасауға жұмсап жатырмыз. «Болашақ» болмағанда осындай жобалар істей алар ма едік?! Әрине, оның басқа да жолдары бар. Шетелден адам әкеліп, істетуге де болар. Бірақ өзіміздің азаматтардың білім-біліктілігі қалай болар еді? Бағдарламаның ең басты мақсаты да – адам капиталын құру. Мәселен, Назарбаев зияткерлік мектебінде жұмыс істейтіндердің де жартысы «болашақтықтар».
«Болашақ» түлектерінің әлеуетін толық пайдаланып жатырмыз деп те айтуға келмес. Өзімді айтсам, шетелден көріп-білген тәжірибемнің, әлеуетімнің тек отыз пайызын ғана беріп жатқан шығармын. Әрине, оған не кедергі? Алдымен адамдардың көзқарасын өзгерту керек. Ашықтықты қамтамасыз ету керек. Инфрақұрылымды қалыптастыру керек. Технологияларды алып келу керек.
Мәселен, қалада туризм қалай дамымақ? Үйіңізден шықсаңыз, көшеде мыңдаған шетелдік турист велосипедпен жүр. Көзқарасыңыз қалай болады? Біз, біріншіден, оны қабылдауға дайынбыз ба? Қай тілде сөйлесеміз? Ақшасы осында қалу үшін оған қандай қызмет көрсете аламыз? Оның қауіпсіздігін қалай қамтамасыз етеміз? Ол шетелдің азаматы ғой. Енді соның бәріне дайынбыз ба? Міне, ойланатын сұрақ. Ол үшін адамдарды толеранттыққа үйрету керек.

Елбасымен екі рет жеке кездестім

«Бақыт бағалағанның басында тұрады» дейді. Рас сөз. Бүгінде жастардың білім алуына, өсіп-өркендеуіне жағдай жасалып жатыр. Мұның бәрі де тікелей тұңғыш Президенттің қамқорлығының арқасында. Елбасы – әлем таныған беделді саясаткер.
Біз отбасымызда да балаларға Елбасының қызметін дұрыс түсіндіруіміз керек. Перзенттеріміз елде мақтанышпен өмір сүруі тиіс қой. Олар да үлкен болашақ барын сезініп өссе, сонда ғана алға қарай ұмтылады.
Жалпы, өзім Елбасымен екі рет жеке кездескенім бар. Біріншісі, Астанада қызмет істеп жүрген кезім. Жас маманбыз. Бірде жалпықалалық сенбілікке шықтық. Жұмысты бітіріп, әріптестеріммен көңілді кейіпте сөйлесіп тұрғанбыз. Сол сәтте Президент ойламаған жерден қасымызға келді. «Сендер кімсіңдер, қайда қызмет істейсіңдер?» деді. Мемлекеттік қызмет істері агенттігінің қызметкеріміз дедік. «Неге сонша азсыңдар?» деп сұрады. Біз жұмысты бітіріп қойғанымызды айттық. «Дұрыстап істеңдер. Табиғатқа жандарың ашысын» деді. Сол кезде қарапайымдылығына таң қалғаным. Бізді көріп тоқтап, бізге қарай бұрылып, келе салды.
Екінші рет 28 қыркүйекте Шымкентке сапары кезінде жүздестім. Шымкентте цифрлы технологиялар, ақылды қала бойынша атқарылып жатқан жұмыстарды баяндап бердім. Баяндама біткеннен кейін «Не қызмет істейсің?» деп сұрады. Осындай әлеуметтік корпорация ашылғанын айтып, соған жетекшілік ететінімді айттым. Ол кісі сәл ойланып тұрды да «Иә, мен кезінде әкімдіктерге ашып берген едім» деді. Он жыл бұрын қолға алынған жұмыстарды ұмытпай, естен шығармағанына риза болғаным бар.

Стратегиялық құжаттың әрқайсысының маңызы зор

Осы уақытқа дейін Елбасы түрлі стратегиялық бағдарламалар қабылдады. Әрқайсысының да маңызы зор дер едім. Ең бірінші ерекшелігі – заманға сәйкес, дер кезінде шешім қабылдай білуі. 2000 жылы әлі интернет толық дамымаған кезде электронды Үкімет құрыңдар деді. «Ол не екен» деп, мен өзім интернеттен іздегенмін.
Жалпы, стратегия деген – маңызды мәселелерді алдын ала байқап, соған сай әрекет ете білу. Мәселен, мұнайымыз таусылды. Әрі қарай не істейміз? Стратегиялық сұрақ қой? Соның бәрін қамтитын стратегиялық құжат.
Жасыратыны жоқ, біз бүгінде кейбір құндылықтарымызды жоғалтып алдық. Сол олқылықты жою үшін «Рухани жаңғыру» бағдарламасын жария етті. Өте керемет бағдарлама. Толықтай оқып, түсінуіміз керек.
Мына жағдайды айта кетсем. Лондонда ағылшындарды аз көресіз. Негізінен қаптаған өзге ұлттар тұрады. Десек те ағылшындар өздерінің тағамын тұтынады. Өздерінің дәстүріне берік. Өзінің елі, ұлты туралы мақтанады. Өзінің тілінде сөйлейді. Өзінің құндылықтарын біледі. Дегенмен басқаларды да құрметтей біледі. Біз де осыны қалыптастыру керек. Бізде ресурс жеткілікті, адам аз. Қалалар бәсекеге түсіп жатыр. Біз соған дайынбыз ба?

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.