Версия для печати

Тельман Спаев:«Елге түк білмей барсақ, ұят болатынын ұмытпайық» Избранное

Пятница, 30 Ноябрь 2018 05:14 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2910 раз
Оцените материал
(0 голосов)

...Жас кезімізде ел болашағы үшін қажет болат балқытушы мамандығын меңгеру мақсатында Украинаға барып, бірге оқыған күндеріміз жақсы есте. Сол кезде өзіңіздей еңбексүйгіш, жаны жайсаң достарымның ортасында қиындық атаулыны бірге бөліскенімізді ұмытпаймын», - деп басталатын хат шымкенттік қария Тельман Спаевтың шаңырағының төрінде тұр.

154

 

Бұл – Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті Нұрсұлтан Әбішұлының курстасы Тельман қарияның 80 жылдық мерейтойына жіберген құттықтау хаты болатын.

156
Биылғы жайма-шуақ жазда Тельман Спаев 80 жасқа толған мерейтойын атап өтті. Тойдың естен кетпес сәті, ең үлкен сыйлығы Елбасының құттықтау хат жіберіп, ізгі тілегін жеткізуі болды.
– Уақыт шіркін зымырап өтіп кетіпті. Кеше ғана 19 жастағы жігіттер Украинаға оқуға аттанып, бір топта оқып, жатақханада бірге жатып, домна пешінің жалынында жұмыс істеуді меңгерген болатынбыз. Днепродзержинск қаласындағы металлургтер дайындайтын №8 училищеде білім алған уақыттың естеліктері жадымда жаңғырып тұр, - деген қария өткенін еске түсірді. – Мектепті бітірісімен Қорғасын зауытында жұмыс істеп жүргенімде «Қазақстан жастарын Қазақстан магниткасында жұмыс істеуге шақырамын» деген хабарламаны көзім шалып қалды. Бұл 1958 жыл болатын. Көп ойланбастан №3 училищеге келіп, жұмыс істеуге өтініш қалдырдым, сөйтіп мен секілді оңтүстіктің түкпір-түкпірінен жиналған 30-дан аса жігітті мамандық алуға Украинаға 1,5 жылға оқуға аттандырды. Оңтүстікпен қатар Қарағанды, Алматыдан да қосылған жігіттермен бір топта оқыдық. Міне, Нұрсұлтанмен таныстығымыз Днепродзержинск қаласында осылай басталды.
Студент Нұрсұлтан алдымен «Горновой» газетінің редакторы, араға аз уақыт салып №29 топтың старостасы, кейін комсомол комитетінің бюро мүшесі болып сайланады.
– Адамның бойындағы ұлтжандылық қанмен келетін қасиет қой. Елден жырақта білім алып жүргенде Нұрсұлтанның намысқой, еңбекқор, әрбір іске жауапкершілікпен қарайтын қасиеті көрініп-ақ тұрды. «Мамандықты игеріп алуға тырысыңдар. Елге түк білмей барсақ, ұят болатынын ұмытпайық» деген сөзі әлі есімде. Сол сөздер бәрімізге жігер беріп, намысымызды оятып, біліп-үйренуге тырысып бағатынбыз. Оның әрдайым бірінші болуға деген ұмтылысы, өзгелерді қызықтыра алатын, соңынан ерте білетін қабілеті болатын. Сондықтан Елбасының курстасы ретінде жастармен кездесулер ұйымдастырғанда осы қасиеттерін жастарға үлгі болсын деп жиі айтып отырамын, – деді Тельман қария. Біраз үнсіздіктен соң ыңылдап ән сала бастады:
Я с тоской ловил взор твой ясный,
Песни пел грустя и любя.
Но ответа ждал я напрасно,
Был другой дорогим для тебя.
– Әзірбайжанның композиторы Рашид Бейбутовтың «Песня первой любви» әнін Елбасымен қосылып, жиі айтатынбыз. Жатақханада Есбаев деген курстасымыздың қазақ, орыс, украин әндерін жазған қойын дәптерін қолдан-қолға өткізіп, кешкілік ән шырқайтынбыз. Сосын қолға түсе бермейтін патефонымыз болды. Пластинкадағы талай әндерді таңға дейін қосыла жырладық қой, шіркін!
Тельман Спаев Днепродзержинск қаласындағы училищені бітіргесін отбасылық жағдайына байланысты елге қайтуға мәжбүр болды. Қорғасын зауытында еңбек етіп, зейнеткерлікке шығады. Ал арағы жылдар салып, елді басқарған курстасымен байланысы әлі күнге дейін үзілген жоқ. 2003 жылы Шымкентте және 2008 жылы Теміртауда Днепродзержинскіде оқығандардың кездесу кешінде қауышып, жүздесудің сәті туған.
– Ел басқарып жүрмін деген менмендігі жоқ. Сол студент кезіндегідей ақкөңіл, жайдары, әзілқой да қарапайым жан. Кездесу кезінде елдің жайын көп сұрайды, - дейді зейнеткер.
Сол жылдардың естелігі ретінде «Келешекте», «Қызылкөпірдегі кездесулер» атты кітап жазған Тельман Спаев «Еліміз Тәуелсіздік алған жылдардан бері дамыған мемлекеттермен иық тірестіретін дәрежеге көтерілді. Соның бәрі – Елбасының арқасы. Сол үшін де ол кісіге ұзақ өмір, күш-қайрат тілеймін», - деген тілегімен аяқтады әңгімемізді.

Айгүл КЕРІМҚҰЛОВА

2004жылы ОҚГА журналистика факультетін бітірген. Еңбек жолы «Шымкент келбеті» газетінде басталған. «Ұстаз жаршысы», «Денсаулық құпиясы», «Оңтүстік Рабат» газеттерінде, «Отырар» телеарнасында жұмыс істеген. 2017 жылдың тамыз айынан бастап  қалалық «Шымкент келбеті» саяси-қоғамдық газетінің тілшісі.