Версия для печати

Ақылына ақы сұрамайтын орда Избранное

Среда, 12 Декабрь 2018 05:06 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2976 раз
Оцените материал
(0 голосов)

«Адамды адам еткен—кітап, адамзат еткен – кітапхана» деген екен қазақ әдебиетінің көрнекті өкілі Әбіш Кекілбаев. Ал мемлекет және қоғам қайраткері Дінмұхамед Қонаев «Кітапханаға барған кісі мешітке барғандай тазарып шығады» деген тамаша тәмсіл айтқан.

IMG 9666

Шымкенттегі сондай киелі шаңырақтың бірі –қалалық жасөспірімдер кітапханасы таяуда өзінің 40 жылдық мерейлі мерекесін атап өтті. Кітапхана залында өткен іс-шараға ақын, жазушылар, кітапхана қызметінің ардагерлері мен оқырмандар, БАҚ өкілдері қатысты.
Шымкент қаласы мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы басшысының міндетін атқарушы Ә. Шалхарова кітапхана ұжымын мерейтоймен құттықтап, кітапхана қызметінің адам тәрбиесіндегі рухани маңызын атап өтті және кітапхана қорына кітап топтамасын тапсырды. Жиынға қатысқан Түркістан облыстық мәдениет, спорт және ақпарат кәсіподағы комитетінің төрағасы Б. Пірімбетов, «Нұр Отан партиясы Әл-Фараби аудандық филиалы төрағасының бірінші орынбасары Б. Есімова мерекелік ізгі тілектерін білдірсе, ақын-әнші Нышан Төлегенов арнау өлеңімен шашу шашты.
Қалалық жасөспірімдер кітапханасы өзінің 40 жылдық тарихында руханият саласының дамуына үлкен үлес қосқан қасиетті орда. Өз оқырмандарын кітаптың құдіреті арқылы отансүйгіштікке, адамгершілік асыл қасиеттерге тәрбиелей білген кітапхана қызметінің өткен белестері туралы арнайы дайындалған слайд көрсетіліп, осы кітапхананың директоры З. Пәрімбекова ұжымның жеткен жетістіктері туралы баяндады.
Ақылына ақы сұрамайтын киелі ордадан өмірлеріне үлкен азық алып, бүгінде сол білімдерінің арқасында шетелде қызмет етіп жүрген кітапхананың оқырмандары Шәкен Орынбаев Дубайдан, Біржан Әлімбетов Канададан, Мария Матвиенко Санкт-Петербургтен, Әлмади Асылхан Астанадан skype арқылы сәлем жолдап, кітапхана ұжымын мерейлі тойларымен құттықтады.

IMG 9657

Белгілі ақын, жазушылар Нармахан Бегалы, Шойбек Орынбай, Сәрсенбек Сахабат, кітапхана саласының ардагері Сәуле Рүстемова да «рухани жаңғырудың» жаршысы мен білім мен тәрбиенің тамыршысына айналған қастерлі шаңырақтың қызметін толғамды ойларымен талдап, ұжымға толайым табыстар тіледі.
Кітапханашылар – бесаспап мамандар. Олар әнші де, биші де,кеш жүргізуші де, әртіс те, мәнерлеп оқушы да бола біледі. Кеш қызығын ұжымның қыздары мен жігіттері осы өнерлерімен өздері-ақ әрледі.

Асхан ҚОЖАКЕЛДІҚЫЗЫ

ҚазМУ-дің 1979 жылғы түлегі. Көкшетау облыстық «Көкшетау правдасы» газетінде, Сарыағаш аудандық «Сарыағаш» («Қызыл ту») газетінде бөлім меңгерушісі, облыстық «Оңтүстік Қазақстан» газетінде бас редактордың 1-ші орынбасары қызметтерін атқарды. Қазір қалалық «Шымкент келбеті» газетінде жауапты хатшы.