SHYMKENT: Тәуелсіздік жетістіктері Избранное

Пятница, 14 Декабрь 2018 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5340 раз

Тәуелсіздік – мағынасы терең, аса қастерлі ұғым. Тәуелсіздік мерекесі – ата-бабамыздың арманы орындалып, жасампаздығымызды жаңа белеске көтерген ерекше күн. Қазақ елі тәуелсіздікке қол жеткізілгелі бері дербес мемлекет ретінде әлемде өз орнын иеленді. Елбасы Нұрсұлтан Назарбаев жүргізіп отырған парасатты саясатының нәтижесінде Шымкент қаласы шырайланып, дами түсті.
Елбасының биылғы 19 маусымдағы Жарлығымен Шымкент республикалық қала дәрежесін алып, жаңа тарихи кезеңге қадам басты.
Миллион тұрғыны бар мегаполис күн сайын көркейіп келеді. Біз осы орайда Шымкенттегі Тәуелсіздік жылдары жеткен жетістіктерге тоқталғанды жөн көрдік.

orig 

«Жер Ана» Тәуелсiздiк монументi – Шымкенттің шынайы мақтанышы. Ол қазақ ұлтының тектiлiгi мен бiртұтастығының белгiсiндей Төле би, Қазыбек би және Әйтеке би көшелерi қиылысатын Ордабасы алаңында орнатылған. Биiктiгi – 34 метр. Шымкент қаласында бұған дейін жас ұрпақтың бойына патриоттық сезiм ұялатып, ата-бабамыздың қаншама ғасыр бойы аңсаған арманын қазiргi кездiң мақсат-мүддесiмен үйлестiре бейнелеген дәл мұндай ескерткiш болған емес. 2009 жылдың 22 қыркүйегiнде қаладағы осы ескерткiштiң ашылу салтанатына Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуы да мемлекет пен халық бiрлiгiнiң жақсы бiр нышаны болды. Бұл нысан қазіргі таңда соңғы технология бойынша қайта жаңартылып жатыр. Монументте қашалып жазылған Мемлекет басшысының сөзі латын тілінде қайта жазылды. Ескерткіштің аумағына абаттандыру жұмыстары да жүргізілді. Бұл жұмыстар биыл ел Тәуелсіздігі күніне орай аяқталады деп жоспарлануда.
Ел тарихы ескерiле отырып жасалған Тәуелсiздiк монументi идеясы одан әрi жетiлдiрiлiп, Ордабасы алаңы ұлттық ұстындарымызды қастерлейтiн тарихи-мемориалдық кешенге айналды. «Рәмiздер алаңы» аталатын кешенде елiмiздiң картасы бейнеленiп, Елбасымыз
Н.Назарбаевтың: «Дүниеде тәуелсiз қазақ елi бар. Әлемде егемен Қазақстан бар. Оның көпұлтты ынтымақшыл халқы бар. Қуатты экономикасы, сенiмдi саяси жүйесi бар. Ең бастысы, бүгiннен нұрлы, бүгiннен кемел болашағы бар. Сол күнге берiк сенiмi бар!» - деген сөзi мен Қазақстан Республикасының Конституциялық Заңынан үзiндi тасқа қашалып жазылды. Бүгiнде Тутөбенiң басында биiктiгi 50 метрлiк көк байрақ алыстан көрініп, желбіреп тұр.
Ордабасы алаңындағы аспалы көпiрдiң де үлкен шығармашылық ой мен қиялдан туғанын айтқан жөн. Ұзындығы 104 метр, енi 5,7 метр болатын көпiр темiр құрылымдар арқылы құрастырылып, тiреулерi гранит тастармен қапталған. Бұл көпiр көне Шымкент шаһарын Ордабасы алаңына қосады. Сондықтан қалың көпшiлiк оны «Алтын көпiр» деп атап кеттi. Алаңды кесiп өтетiн Қошқар ата өзенiнiң үстiне екi жерден орнатылған субұрқақтар да өз үйлесiмiн тауып, қала тұрғындарының көз қуанышына айналған.
Шымкентте Ұлы Жеңiстiң 65 жылдығына орай салынған «Даңқ» мемориалы Отан үшiн от кешкен майдангерлердi ұлықтайды. Аллеяның ұзындығы 285 метр, енi 22 метр. Аллея бойына орнатылған гранит тастарға өңiрiмізден соғысқа аттанған 140 мыңнан астам жауынгердiң есiмi қашап жазылды. Сондай-ақ, оңтүстiктен шыққан 51 Кеңес Одағының Батыры мен 8 Даңқ орденiнiң толық иегерi және бiр Халық қаһарманының аты-жөнi бөлек тақтаға қастерлеп жазылған.
Шаһардағы темiржол вокзалы да бүгiнгi заман талабына сай қайта жаңғыртылды. Вокзал iшiнде медициналық бекет, ана мен бала бөлмесi, асхана ашылды. Жылыту, желдеткiш жүйелерi жаңартылып, жолаушыларға қолайлы жағдай жасалды. Вокзал алдының сәнiн бұзып тұрған коммерциялық нысандар жойылып, аумақта тегiн автотұрақ ұйымдастырылды. Ал кәсiпкерлер көмегiмен салынған вокзал алдындағы «Жiбек жолы» композициясы да қала ажарын ашып тұр.
Сондай-ақ, қала орталығындағы жаңа хайтек технологиясы негiзiнде металл мен шыныдан жасалған «Қызғалдақ» композициясы бүгiнде студенттер, жастар мен қала халқының бос уақытта демалып, серуен құратын сүйiктi орнына айналды.
Көрнектi мемлекет қайраткерi Асанбай Асқаров негiзiн қалаған дендросаябақ та жаңаруда. Мiне, қала тұрғындарының белсене қатысуымен соңғы екi жылда тазалық жұмыстары қолға алынды. Бүгiнде аумағы 117 гектардан асатын, 600-ге тарта өсiмдiк пен ағаш түрi өсiп тұрған дендрологиялық бақты түгелдей абаттандыру, жөндеу, су жүйелерiн қалпына келтiру жұмыстары аяқталды. Iшкi жолдар, атпен және велосипедпен серуендеу соқпақтары реттелдi. Бiр қуаныштысы, көл қалпына келтiрiлiп, жағалауы көркейтiлдi. Көл үстiне жаяу жүргiншiлер көпiрi салынып, тас плиталар төселдi. Жол жиектерiне шамдар орнатылды, демалушылар үшiн орындықтар қойылды. Тұмса табиғаттың бiр көркi жан-жануарлар болғандықтан, дендросаябақ аумағында бой көтерген арнайы вольерге 20 тиiн, 4 елiк пен теңбiл бұғы, 10 тауыс, маңы тазаланып, абаттандырылған көлге аққу, қаз, үйрек секiлдi құстардың 22-сi және 20 мыңдай балық жiберiлдi.
Дендросаябақтан бизнестiң әлеуметтiк жауапкершiлiгi аясында «Жас жұбайлар» аллеясының ашылуы да шымкенттiктер үшiн үлкен оқиға болды. Өмiрге бiрлесiп қадам басқан бақытты жұптар мұнда жиi келедi. Олар бұл жерден ғашықтар мүсiнiн, субұрқақтарды және «Махаббат патшалығы» сарқырамасын тамашалай алады.

DSC 0119

Әрине, тізе берсек, Шымкент қаласының көркiне көрiк қосқан, мерейiн өсiрген, қалың көпшiлiктiн көзайымына айналған бұдан басқа да құрылыс нысандары аз емес. Олардың қатарында Елбасы Н.Назарбаевтың өзi тұсауын кескен ұлы Абайдың мұражайын айтуға болады. Республикалық, халықаралық деңгейдегi байқауларда облысымыздың атын шығарып, жүлде алып жүрген суретшiлерiмiз осыдан екi жыл бұрын үлкен сыйға ие болды. «Абай саябағындағы көркемсурет галереясы» деп аталатын тамаша ғимарат бүгiнде эстетикалық тәрбие берудiң орталығына айналған.
Соңғы жылдары Шымкенттегі Абай, Орталық, Жеңiс және Металлургтер саябақтары мемлекет меншiгiне қайтарылып, күрделi жөнделдi. Әкімшілік-іскерлік орталығындағы көпқабатты үйлердiң сыртқы келбетi ерекше көз тартады. Тәуелсiздiктiң 20 жылдығы қарсаңында Шымкент қаласында тұңғыш рет сыйымдылығы 1200 орындық Цирк ашылды.
Қала тұрғындарының көз қуанышына айналған шаһардағы ерекше нысанның бірі деп Бейбітшілік көшесінде орналасқан жаңа Арбатты айтуымызға болады. Ол биылғы 1 желтоқсанда, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті күніне орай ашылды. Демалыс орны қала орталығындағы «Қиял әлемі» саябағы жанынан орын тепкен. Бейбітшілік көшесінің Республика даңғылынан Әл-Фараби алаңына дейінгі бөлігі тұтас демалыс орнына айналып, су бұрқақтары орнатылды. Көпшілік сейіл құратын аймақтағы жаяу жүргіншілер жолы 12 сәулеттік мүсінмен ерекшеленеді. 200-ге жуық сәндік ағаш егіліп, бір бөлігі көгалдандырылды. Арбаттың ортасында граниттен Қазақстанның атлас-картасы жасалды. Жалпы ұзындығы 430 метр аймақта көлік қатынасына шектеу қойылып, екі қапталдан велосипедпен серуендеу үшін арнайы веложолақ салынған. Ал Арбаттың екі жағындағы үйлердің қасбеттері көріктендірілді.
Қала басшылығының алдағы уақытқа белгiлеп отырған ауқымды iс-шаралары аз емес. Мәселен, 2020 жылы Шымкент қаласы ТМД-ның мәдени астанасы болмақ. Осы шараның алдында 2020 жылға қарай Шымкенттегі ескі қалашықта музей бой көтереді. Сондай-ақ Қажымұқан атындағы орталық стадионы қайта жаңғыртылып, УЕФА стандартына сай болмақ. Қайта құру жұмыстары 2019 жылдың І тоқсанында жүргізіле бастайды.
Бұдан басқа да қолға алынып жатқан iргелi жұмыстар аз емес. Ең бастысы, шымкенттiктер бiр жағадан бас, бiр жеңнен қол шығара отырып, Тәуелсiздiктiң 27 жылдық мерейлi мерекесiн лайықты қарсы алмақ.