Білім ұясын ақындар құттықтады Избранное

Среда, 26 Декабрь 2018 04:44 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3498 раз

Шымкент қаласындағы №130 мектептің ашылғанына 1 жыл толып, ұжым қызметкерлері мен қалалық білім басқармасының өкілдері ерекше атап өтті.

130 мектеп 3

Тәуелсіздіктің 27 жылдық мерекесімен тұспа-тұс келген салтанатты жиынға елімізге аса танымал Құрман Шойынбаев, Бөрібай Оразымбетов, Карима Оралова, Анар Жаппарқұлова сынды өнер майталмандары келді. Салтанатты іс-шараға қалалық білім басқармасының басшысы, мектеп директорлары, ата-аналар мен оқушылар, мектеп ұжымы да түгел қатысты.
Айта кетейік, №130 мектеп – Шымкент қаласындағы «Нұрлы жол» бағдарламасы аясында салынып, пайдалануға берілген алғашқы білім ошақтарының бірі. 2017 жылы Тәуелсіздік күні пайдалануға берілген мектепте бүгінде 2200-ге жуық оқушы білім алуда. Бір жылдың ішінде мектеп оқушылары мен ұстаздары қалалық, өңіраралық, республикалық байқауларға қатысып, 100-ден аса жеңісті орын иемденді.
«Биік тұрса Тәуелсіздік тұғыры, артар елдің білімі мен өнері» атты іс-шарада мектеп оқушылары текті қазақ елі туралы ән шырқап, домбыраның үнімен тыңдарманды баурап алды. Мың бұралып билеген оқушылардан кейін сахнада қазақы өнердің бірегейі айтысқа кезек берілді.
Халықаралық және ҚР жазушылар одағының мүшесі, айтыскер ақын, бірнеше кітаптың авторы Б.Оразымбетов пен халықаралық, республикалық айтыстардың бірнеше дүркін жеңімпазы, Мәскеуде, Қытайда, Қырғызстан мен Өзбекстанда өткен айтыстардың жеңімпазы, еліміздің «Мәдениет майталманы» және Түркістан облысының «Ерен еңбегі» үшін төс белгісінің иегері К.Оралованың айтысы қызықты өтті. Майталман ақындармен бірге бұл күні сахнаға А.Жаппарқұлова, Н.Мейірманов, Н.Анапия және К. Оралованың шәкірттері А.Орынбек, С.Мұхаммеджан сияқты жас ақындар да Тәуелсіздіктің мерейін тасытты. Оқушыларға сапалы білім, саналы тәрбие беріп, қызығы мен қиындығын қатар алып жүрген мұғалім мәртебесін асырып, алғыс айтқан күн болды. Ақындар Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың жүргізіп отырған саясаты, Қазақстанның дамыған 30 елдің қатарына қосылуға деген ұмтылысы туралы сөз қозғап, жастардан болашақта көп үміт күтетінін айтып және соған лайықты азамат болуға шақырды.
Осылайша білім ошағының даталы күні мен ел Тәуелсіздігі мерекесі көпшіліктің есінде қаларлықтай болып өтті.

Ақгүл ДҮЙСЕНОВА,
№130 мектептің
қазақ тілі мен
әдебиеті пәнінің
мұғалімі

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.