Елдікті сақтап қалған қазақ батырлары Избранное

Среда, 26 Декабрь 2018 04:56 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 5729 раз

Шымкенттік ұстаздар Алматы облысына тарихи-танымдық экспедициямен барып қайтты.

Қазақ халқының тарихында тұғыры биік, батыр бабалар мен абыз азаматтар көп-ақ. Қазақ кемеңгер мен данышпанға, ел басқарған мемлекет қайраткерлеріне, тарихи тұлғаларға кенде емес. Уақыт өткен сайын олардың алып тұлғалары биіктеп, жарық жұлдыздай жарқырайтынына көз жеткізіп отырмыз. Кейінгі ұрпақ соларға қарап бой түзеп, ой түйетіні анық.

1 - 10х15 глянцевая

Тарихи жадымыз қайта жаңғырып, ұрпақ алдындағы борышымыз орындалсын десек, бабалар аманатына құрметпен қарап, оларды ұлықтау ісінде өзгелерден озық болуымыз керек.
Қазақ тарихында ерекше тебіреніспен еске алынатын дәуір ХVІІ, ХVІІІ ғасырлар. Себебі жоңғарларға қарсы кескілескен, қиын-қыстау заман елдің келешегіне, қазақтың ұлт болып сақталып қалуына қауіп төнген тұс болатын. Ал ХІХ ғасыр қазақ халқы Қоқан хандығының қысымы мен Ресей империясының отаршылдық саясатына қарсы күрес жүргізген дәуірі еді. Ел басына күн туған кезеңде азаттық жолында күрескен батыр да батыл, ержүрек бабаларымыз көп болғаны мәлім. Міне, осы тұста тарих бетінде елі мен жері үшін қалмақ-жоңғарлармен де, қоқандармен де, қытайлармен де, қырғыздармен де батыл шайқасқан Қарасай батыр ұрпақтары бір төбе болды.
«Батырлық тұқым қуады, тектіден текті туады» дегендей, Сұраншының атасы Кәшке де, арғы атасы Қарасай да ел-жұртының қамын ойлаған, батырлығы Алты алашқа кең тараған тұлғалар болған. Мысалы, мыңбасы болған Кәшке батырдың ерлігін елге дәріптегенде, оның жоңғардың жолына тосқауыл болып, Қоқанмен ымырасыз күрескенін, Жетісуды қырғыздардан азат еуде қайрат қылғанын және Іле өлкесінен салық жинауға келген қытай әскерлерін Тереңөзек сайында ойсырата жеңгенін тарих жақсы біледі.
Демек өз заманында шашақты найза ұстанып, бөрілі байрақ көтерген Кәшкедей батырдың ұлт тұтастығына, ұрпақ болашағына арнаған батырлық өмірі, қаһармандық жолы бүгінгі жастарға өнеге-үлгі боларлық-ақ іс. Тағылым аларлық ерлік. Осы тұста жас ұрпақтың санасына ел бірлігін, ер қадірін, тұтастықты, ұлтжандылықты ұлықтай отырып, жаңа қазақстандық патриотизмді қалыптастыру – біздің борышымыз, перзенттік парызымыз ғана емес, ол – жарқын болашаққа бастайтын «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында да атқарылуға тиісті басты міндеттеріміздің бірі.
Өмірі халыққа өнеге болған батырлардың ерлігін, игілікті істерін, тіршіліктегі ғибратын кейінгі буындар тек ойланып, жіті зерттесе ғана іске асырып, бойына сіңіріп, өз игілігіне пайдалана алары анық. Өнегелі адамдардың өмір тарихында өз кезіндегі тіршілік жетістіктері, тәжірибесі жинақталған. Бұл тәжірибені мейлінше пайдаланбайынша халық алға қойған мақсатына жету жолында ойдағыдай жедел ілгерілей алмас еді.
Атақты Қарасай батырдың ұрпақтарынан елі мен жері үшін, намысты жолда жанын беруге дайын тұрған, қазақтың байтақ даласын қорғаған ержүрек батырлары мен сарбаздары көп болған. Осы орайда, жастарымызға ерлігі өнеге болатын, олардың бойында патриоттық сезім ұялататын батырларымыздың бірі – Сұраншы батыр еді.
Сұраншы батыр – өз елінің азаттығы үшін күрескен, артында өшпестей із қалдырған батыр ғана емес, болашақ елінің тәуелсіздігі үшін шайқасқан дара тұлға. Ол XIX ғасырдың өзінде-ақ халқымыздың ұлттық символына айналып қана қойған жоқ, ерліктің озық үлгісін де көрсетіп, ұлт намысы мен рухының қашанда күйкі тірліктен биік тұруы керегін намысты ұрпағына дәлелдеп беріп кетті.
Елінің азаттығы үшін Сайрам жерінде қоқан басқыншыларына қарсы шайқасып, ерлікпен қаза тапқан Сұраншы батырға «Сұраншы батыр» орталығының ықпал етуімен Сайрам ауданы, Ақсукент ауылында мыңнан аса оқушы оқитын №97 мектепке Сұраншы батыр есімі берілді. Бұл көше 8 шақырымға созылып, бүгінде Батыс Еуропа – Батыс Қытай жолымен түйісіп жатыр.
Сондай-ақ осы ауданда Қарасай батыр атындағы мектеп бар. Онда батыр бабаларымызға арналған музей жұмыс істейді.
Елінің қамын ойлаған, қазақтың еркіндікте өмір сүруі үшін күрескен қаһарман бабаларымыз жайлы құндылықтарды түгендеу – рухани кемелдікке жол ашатын игі іс. Сондықтан еліміздің тарихын ұлттық идея тұрғысынан ойлаған батырларымыздың ерлік істерін саралап, келешек ұрпаққа ақиқат тұрғысынан баға бере отырып, оларды өз Отанын сүюге тәрбиелеу басты міндетіміз.
Елбасы Н. Назарбаев: «Ұлы тұлғаларын білмейінше, бірде бір дәуірді дұрыстап тану мүмкін емес. Адам тағдырының айнасынан бір тарих көшінің жүрісін ғана аңдап қоймаймыз, оның рухын, тынысын сезінеміз. Сондықтан да халқы мен елінің алдындағы өздерінің перзенттік парызын айқын да анық түсінген, қандай қиын қыстау жағдайда да оны адал орындаудан жалтармаған адамдар қай дәуірде өмір сүрсе де, дәйім өз жұртының нағыз азаматы болып қала берген» деген болатын.

1 - 10х15 глянцевая

Қазақстан тарихындағы ұлы тұлғалар, олардың жүріп өткен өмірлік қызметінің тарихы отаншылдықты қалыптастыру факторларының бірі.
Тарихи тұлғалар тек тарихты жасап қана қоймай, сонымен бірге сол қоғамның мәдени құндылықтарын, адамгершілік принциптері мен дәстүрлерін бойында сақтап, оның жетекшісі бола білген жағдайда ғана ерекше мән мен маңызға ие болмақ. Адамзат баласы өткен тарихын жадында сақтап, одан сабақ алу қажет.
Қазіргі таңда Қазақстандағы тұлғатаным мәселесі кең өріс алып тұр. Еліміздің көптеген жоғары оқу орындарында ғылыми-зерттеу орталықтары ашылып, нәтижелі жұмыстар атқарылуда.
Елбасымыз Н.Ә.Назарбаевтың «Рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласына сәйкес, қазақтың атақты батыры, даңқты қолбасшы Алтынайұлы Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай, «Сұраншы батыр» тарихи тұлғаларды зерттеу орталығының жетекшісі С.Рысбаева және университеттің ғылыми-зерттеу басқармасының бас маманы Ш.Торғауытовалар Алматы облысы, Жамбыл және Қарасай аудандарына тарихи-танымдық экспедициямен барып қайтты.
Екі күнге созылған сапар барысында тарихи ескерткіштерге, киелі орындарға, табиғаты тамылжыған көрікті жерлерге бай өңірдегі батырлардың басына бардық.
Экспедицияның алғашқы күнін Ұзынағаштағы Шынасіл мешітінде Қарасай батырға арнап, Құран аяттарын оқудан бастадық. Сонымен қатар Қарасай батырдың ұрпақтары – Кәшке және Өтеп батырлар кесенесінде болдық. Жамбыл және Қарасай аудандарындағы Қарасай батыр кіндігінен тараған төрт ұлы Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшек ұрпақтарымен арнайы кездесіп, құнды мәліметтермен қанықтық.
Сондай-ақ, Сүйінбай Аронұлы және Жамбыл Жабаевтың, Нұрғиса Тілендиевтердің бейітінде болдық. Саурық қамалы мен Суық төбеде, ортағасырлық Қастек қаласының археологиялық қазба жұмыстарымен де таныстық.
Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті – Елбасының «Атамекен» тарихи-мәдени орталығында, Үмбетәлі Кәрібаев және Қаскелеңдегі музейлерде болып, құнды мәліметтер алдық.
Қарасай ауданы әкімінің орынбасары Айжан Назарбаеваның қабылдауында болып, аудан тарихы мен батыр бабалар жайлы мәліметтерге қаныға түстік. Ерекше атап өтетін жайт, Шамалғандағы Қарасай батыр мешітінде батыр бабалар рухына Құран бағыштай отырып, Қарасай батырдың қара босағасын, маңдайшасын ұстап көріп тәу ету мүмкіндігі де туды.
Қарасай, Наурызбай, Сұраншы, Саурық батырлар ескерткіштерінде болдық. Ал экспедицияның үшінші күні, яғни, жетінші қараша күні Әл Фараби атындағы Қазақ Ұлттық университетінде Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» тақырыбындағы республикалық ғылыми-практикалық конференцияға қатысып, Қарасай батырдың ерлік, батырлық, жауынгерлік әрекеттері жайлы айтылған және тың мәліметтермен толыққан жаңа деректермен таныстық. Өз кезегінде өзіміздің М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінде Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай ұйымдастырғалы отырған халықаралық ғылыми-практикалық конференция мәселесі де сөз болды.
Түркістан облысында да Қарасай батыр, Сұраншы батыр аттарымен аталатын мектептер бар. Қазақтың атақты батыры, даңқты қолбасшы Алтынайұлы Қарасай батырдың туғанына 420 жыл толуына орай ұйымдастырылған тарихи-танымдық экспедицияның нәтижелерін және Әл-Фараби атындағы Қазақ ұлттық университетінде өткен «Қазақ тарихындағы батырлардың рөлі» атты республикалық ғылыми-практикалық конференциядан алған әсерлерімен бөлісу мақсатында Түркістан облысы, Сайрам ауданы, Көлкент ауылдық округі, Шапырашты ауылында Қарасай батыр орта мектебіне М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетінің негізінде жұмыс істейтін «Сұраншы батыр» тарихи тұлғаларды зерттеу орталығының жетекшісі С.Рысбаеваның басшылығымен мектеп ұстаздары және оқушыларымен кездесу ұйымдастырылды. Сондай-ақ, экспедицияның жинаған құнды дүниелері мен құжаттары мектеп музейі қорына да берілді.
Өскелең өркендер мен жалынды жастар бойында патриоттық сезімді ұялататын қазақ батырларының саяси алаңдағы рөлдері рухани құндылықтарымыздың баға жетпес байлығы екенін еш уақытта ұмытпауымыз тиіс.
Өткенсіз бүгін жоқ. Ел үшін жанын қиған ерлер аз емес. Кең даланы ақ найзаның ұшымен, ақ білектің күшімен қорғап қалған батыр бабалар жайлы білгенімізден білмегеніміз көп. Елдіктің, ерліктің өнегесі өшпейді. Ерлер есімі ұрпақ жадында мәңгі сақталады.

Сәуле РЫСБАЕВА,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ доценті, саяси
ғылымдар кандидаты, «Сұраншы батыр»
тарихи тұлғаларды зерттеуорталығының жетекшісі

ҚАРАСАЙДЫҢ ҚАРА БОСАҒАСЫ

Қазақ үшін қара шаңырақтың қасиетті екені анық. Ал Қарасай батырдың Есім ханнан алған қара шаңырағы туралы естігенімде қазақтың даналығы мен Алтынай абыздың әулиелігіне тағы да бір көз жеткізгендей болдым.
Он алты жасар ұлы Қарасайға «Малды алдыңа салып айда, биылғы жұт ерекше болғалы тұр, малдың қамын жаса» дейді.
Жадырап жаз келе Қарасай малын төлдетіп, санын ұлғайтып елге оралса, алты атасынан бері қыдыр дарыған төре атаның ұрпағы Есім ханның көші қыстаудан жайлауға көше алмай, ел біраз титықтаған кезең екен. Әкесінің айтуымен Қарасай малының жартысын Есім ханның ауылына қарай айдап, ханның ырзалығын алады. Елге сауынды мал таратып, халықтың аузы аққа жарып, ханды жайлауға көшіріседі. Батырға ырзалығын тарту-таралғымен білдірмек мақсатта Есім хан қалауыңды айт, батыр, не қалайсың, деп сұрайды. «Қаласаң, үкідей етіп өсіріп отырған үш бойжеткен қызым бар, солардың бірін ал, күйеу демейін, ұлым бол» деген Есім ханға Қарасай «мына өзіңіз отырған қара босағаңызды берсеңіз» деп өз қалауын айтады.
Шын ниетімен батасын берген Есім ханның оң жағынан пайда болған қызыл шұбар жолбарысы оған ілесе сыртқа шығып, ақ ордада отырған Қарасайдың жанына оралады. Осылайша қасиетті қара босаға мен қызыл жолбарыс Қарасай әулетіне келген екен.
Бақ қонып, қыдыр дарыған абыз Алтынайдың ұрпақтарына бұйырған қасиетті қара босағасы мен маңдайшасын бүгінде Асқар Тоқтамысов қастерлеп сақтауда.

ҚАРАСАЙ БАБАНЫҢ БЕРЕКЕ МЕН ЫРЫС ЖАЙЛЫ ӨСИЕТІ

«Батыр туса – ел ырысы, жаңбыр жауса – жер ырысы», елдің, жердің мәселесі бәрінен де биік тұруы тиіс деген Қарасай батыр өз кіндігінен тараған төрт ұлы – Әуез, Өтеп, Түрікпен, Көшекке төрт асықты жілікті мүжітіп, төрт асығын алып, оң жақ босағаға апарып көмеді. Мұндағы мақсаты төрт ұлының ешқашан уық-керегелерінің ажырамауын, араларына қылау түспеуін қалағаны болатын.
Береке мен ырыстың қонып, жақсылықтың тұрақтайтынын айта келе Қарасай баба күншілдік пен таршылдық жасамаңдар, берекелерің қашады деп өсиет айтып, осы менің айтқандарымды кейінгі ұрпақтарыңа өсиет етіңдер деген екен. Өзара ынтымақ пен бірлігі жарасқан елдің келешегі мен болашағы баянды боларын терең көрегендікпен айтқан Қарасай бабаның өсиеттері бүгінгі ұрпақтары үшін қымбат және маңызды.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.