Өмірі өнегелі азамат

Среда, 26 Декабрь 2018 05:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4306 раз

Халық арасында «Жақсының аты, ғалымның хаты өлмейді» деген терең мағыналы сөз бар. Рас, адам ұрпағымен ұзақ жасайды, ал халқына сіңірген еңбегімен, игі істерімен артына өлмес атын қалдырады. Шүкір дейміз. Халқымыз ондай адамдарға бай. Біз әңгімеге арқау етіп отырған Нарбек Қалдыханұлы кәтепті қара нардай еліне аянбай еңбек еткен абзал азаматтың бірі еді.

53333

Нарбек Қалдыханұлы қазақтың киелі жері Арыс өзенінің сағасында бұрынғы Арыс ауданы Жамбыл атындағы кеңшарда дүниеге келген. Әкесі Қалдыхан мен шешесі Үрбіхан сол жердің саф ауасымен тыныстап, топырағына аунап өскен жандар. Жастайынан әкеден жетім қалып, шешесі Үрбіханның тәрбиесінде болды. 6-7 жасынан колхоздың қойын бақты, малшы кәсібін де меңгерді. Еңбекпен ерте есейген ол, анасына жәрдемші, кішіге аға, үлкенге іні болып, жеті жасында Арыс қаласындағы №21 орта мектептің табалдырығынан аттады. 1948 жылы сол мектептің 7 класын үздік бітірді. Бұдан соң Киров атындағы онжылдық мектепті 1951 жылы үздік бағамен тәмамдады.

59999

Абзал азамат 1952 жылы Ташкент қаласындағы инженерлік Иригация Ауыл шаруашылық институтының инженер-механик деген мамандық алып шықты. 1957 жылы институтты бітірген соң Сайрам ауданындағы МТС-та инженер-контролер қызметіне орналасып, сол мекемеде абыроймен қызмет атқарды. Үздік еңбегі, білімді маман екендігін таныта білді. Сол кездегі облыстық ауылшаруашылық мекемесі бұл кісінің ұйымдастырушылық қабілетін танып, нағыз маман екендігін бағалап, облыстық ауылшаруышылық мекемесінің колхоз-совхоз трактор машина жөндеу паркінің аға инженерлігіне көтерді. Тындырымды тірлігі мен ұйымдастыру қабілетін ерекше бағалап, «Казселхозтехника» мекемесіне аға технолог етіп дайындады. Адал еңбектің қашанда өтеуі болады емес пе, келесі жылы Мақтаарал ауданындағы ауылшаруашылық бірлестігіне басқарушы етіп ұсынылды, ерен еңбектері үшін бірнеше орден, медальдармен наградталды, сондай-ақ Социалистік еңбек ері атағымен марапатталғанын да ерекше айта кеткен жөн. 1962 жылы Қазақстанда мемлекеттік басқару салалары жеке облыстарға, өңірлерге бөліне бастағанда облыстық «Казселхозтехника» мекемесінде басшы болды. 1963 жылдары облыстық Партия комитетінің нұсқауымен облыстық халық контролының инспекторы қызметіне көтерілді. 1967 жылдан өмірінің соңына дейін облысаралық жүктасымалдау №3 автотресін басқарды.
Бұл фәниде адам баласына берілетін ең жоғары әрі жүрекке жақын баға абырой болса керек. Бұл ретте Нарбек Қалдыханұлы қай қызметте болсын, бедел биігінен көрінді. Іскерлігімен, ұйымдастырушылық қабілетінің биіктігімен, талапшылдығымен көзге түсті. Әрдайым өзі басқарған мекемесін алға сүйреп, мамандарды сапалы етіп даярлауды мақсат тұтты. Нарбек Қалдыханұлы әділетті басшы, адал дос, білікті маман еді. Сондықтан ол Отан алдындағы жауапты істерде үлгілі маман, үлкен жүректі ұйымдастырушы ретінде көптің көңілінен ерекше орын алғанын мақтанышпен айтуға тиіспіз. Тұжырып айтқанда, ол өз қызметін қоғамдық жұмыстармен ұштастыра отырып, еліміздің алдында тұрған күрделі мәселелердің оң шешімін табуына орасан зор септігін тигізді. Ол қай кезде де елінің ортасында жүріп, ағайын-туыс арасындағы күрмеулі мәселелерге дейін көңіл бөліп, бауырмалдығын көрсетті. Шын жүрек, адал ниетімен араласып, қай істі де бірлікпен, ымырамен әділ шешім жасауға тырысты.
Нарбек Қалдыханұлының төл тарихымызға деген құрметі, іңкәрлігі де ерекше еді. Оның қазіргі Шардара ауданындағы Ұзын ата кесенесін жаңғыртып, сағана салуға үлкен үлесін қосып, қаржылай демеу көрсеткені жоғарыдағы сөзіміздің бір дәлелі.
Өмірлік жары Кашифа 1932 жылы Ресейдің Новосібір қаласында дүниеге келген. Әкесі Нұрғали сол кезеңде елге сыйлы би болған. Өзі жоғары білімді маман, экономика ғылымының кандидаты, көп жылдар бойы мұғалім болып абыройлы қызмет атқарды. Қазіргі таңда еңбек ардагері. Нарбек Қалдыханұлы құдағиым Кашифа екеуі үш ұл, 7-8 немере өсіріп үшеуіне де жоғары білім әперді. Қазіргі кезде үлкен ұлы Нұрлан мен кенже ұлы Мұрат кәсіпкер, ортаншы ұлы Нариман 50 жасында дүниеден озған.
Қарашаңырақтағы келіні Гүлжан Исатаева Шымкент қаласында жоғары оқу орнында ұлағатты ұстаз. Экономика ғылымының кандидаты, 2017 жылдың үздік мұғалімі деген мәртебелі атақ алып, ынтымағы ұйысқан әулетті зор қуанышқа бөледі.
Үлкен немерелері Назым, Бақтияр, Әлімхан, Әйгерім бүгінде кәсіпкерлік саласында өз істерін дөңгелетіп отыр. Ал Төрехан болса «Қазақтелекомда» инженер, Лаура «Алтел» компаниясының байланыс опрераторы, Айдарбек «Эврика» сауда үйі директорының орынбасары, Оразбек Көкшетау қаласында мұғалім. Бәрі де өз салаларында көптің алғысын алып, еңбек етіп жатыр. Немере қызы Айым «Астана» халықаралық қаржы орталығының жетекші маманы, немересі Дінмұхаммед Астанадағы Назарбаев университетінің студенті болса, тағы бір немересі Мұратбек Л. Гумилев атындағы Еуразия ұлттық университетінде білім алып жүр. Кенже немерелері де еліміздегі бірегей оқу ордаларының үздік шәкірттері, Дархан – Назарбаев зияткерлік мектебінің оқушысы, ал Нұрәділ қазіргі «Білім инновация» лицейінде дәріс алуда.

Бөгенбай ИСАТАЕВ,
Еңбек ардагері
Шымкент қаласы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.