Мақсат – инновациялық мемлекеттік аппарат құру

Пятница, 28 Декабрь 2018 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2855 раз

Елімізде мемлекеттік қызметтердің 63 пайызы электронды форматта көрсетіледі. «Бір терезе» қағидаты бойынша қызмет көрсетудің үлесі 20 пайызға жеткен. Шымкентке іс-сапармен келген ҚР Мемлекеттік қызмет істері және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл Агенттігі төрағасының орынбасары Олжас Бектенов Елбасының кәсіби мемлекеттік аппарат құрудағы басым бағыттарды атап берді.

Агенттік 2

Мемлекет басшысы «Сыбайлас жемқорлықтан ада өңірлер» жобалары аясында Астананың жемқорлыққа қарсы стратегиясын жүзеге асыру жөніндегі тәжірибесін өңірлерге таратуды тапсырған еді. Олжас Абайұлы цифрландыру бағдарламасы арқылы мемлекеттік қызметкерлердің халықпен тікелей қарым-қатынасын азайту арқылы сыбайлас жемқорлықтың алдын алуға болатынын атап айтты.
– Агенттікке «Астана – адалдық алаңы» деген жобаның тәжірибесін еліміздің барлық өңірлеріне тарату жөнінде тапсырма берілген. Шымкентке де осы себептен арнайы келіп отырмын. Біз қала әкімдігімен бірлесіп, «Шымкент – адалдық алаңы» деген жобалық кеңсені аштық. Агенттік төрағасының атынан қала әкімдігіне алғысымды білдіремін. Біз бірлесе жұмыс істегенде ғана жоба шеңберінде жақсы нәтижелерге жетеміз деген ойдамыз. Цифрландыру, мобильділік әлемдік трендке айналып отыр, - деді агенттік өкілі.
О.Бектеновтың айтуынша, бүгінде мемлекеттік қызмет саласын жетілдіру және сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бағытында ауқымды жұмыстар атқарылуда. Кешенді және жүйелі іс-шаралардың арқасында стратегиялық даму элементтері бар кәсіби мемлекеттік аппарат қалыптасқан. Келесі мақсат – инновациялы мемлекеттік аппарат құруға көшу. Оған ұйымдастыру мәдениеті жылдам әрі мобильді болу тән.
Бүгінде агенттік мемлекеттік қызмет көрсету кезінде азаматтардың құқықтарын қорғау үшін инновациялық, цифрлық тәсілдерді қолдануда. Соның ішінде қоғамдық бақылаудың интерактивтік картасын айта кеткен жөн. Бұл жоба аясында бюджет қаражатының жұмсалуын бақылауға азаматтар да қатыса алады. Карта Астана қаласында жұмыс істеп тұр. Енді басқа өңірлерге тарату жоспарланып отыр. Ал мобильді қосымша кез келген азаматқа онлайн режимде шағым беруге немесе көрсетілген қызметтің сапасын бағалауға мүмкіндік береді.
Шымкент қаласы әкімі аппаратының басшысы Еркеғали Әлімқұлов қаладағы бірқатар жұмыстардан хабардар етті.
Олжас Абайұлы бұдан кейін М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың SMART SQUARE студенттерге қызмет көрсету орталығының жұмысымен танысты. Орталықтың жұмысы «бір терезе» қағидаты бойынша құрылған. Ондағы мақсат – «бір терезе» қағидаты бойынша студенттерге сапалы және жылдам қызмет көрсету үшін жағдай жасау және білім алушыларға оқу-білім беру, әлеуметтік-тұрмыстық және мәдени-тынығу бағыттарындағы қызметтерін ұсыну. Орталықта 200-ге жуық түрлі қызмет көрсетіледі.