«Әкеге құрмет» оқырманға жол тартты Избранное

Пятница, 04 Январь 2019 07:07 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6963 раз

48272930 2294052267271439 4457974017986396160 n

Шымкенттегі «Көрме» орталығында Ғабит Мүсірепов атындағы әдеби сыйлықтың иегері, мәдениет қайраткері, журналист, жазушы Күлия Айдарбекованың шығармашылық кеші өтті. «Рухани жаңғыру» бағдарламасы аясында «Әкеге құрмет» прозалық кітабының тұсауы келісіп, оқырман қауымға жол тартты.

Салтанаты жиында сөз алған қалалық мәдениет және тілдерді дамыту басқармасының басшысы Әлия Шалқарова қаламгердің еңбектеріне тоқталып, жаңа туындысымен құттықтады.
Күлия Айдарбекова бүгінде «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры болып қызмет етіп келеді. Оқырмандар ортасында кітап қадірін арттыруды насихаттауды күнделікті жұмысының бір бөлшегіне айналдырған кітап жанашырының бастамасымен «Ұлысымның ұйытқысы Оңтүстік», «Жасампаздыққа толы жиырма жыл», «Өз елім – Қазақстаным», «Оңтүстік Қазақстанның жаңа келбеті», «Ырыс алды ынтымақ», «Ата жұртты аңсау», «Елбасы Оңтүстік Қазақстанда», «Қазақстанға ыстық ықыласпен», «Оңтүстік Қазақстан облысының табиғаты», «Оңтүстік Қазақстанның мәдени ескерткіштері», «Дәстүр бізден басталды», «Өркендеген көркемдеген Оңтүстік» кітаптары оқырманға жол тартқан.
Жеңістің 70 жылдығына орай «Естелік кітап Оңтүстік Қазақстаннан шыққан батырлар», «Ұлы Отан соғысына қатысқан Оңтүстік Қазақстандық жауынгерлердің Естелік кітабы» және «Ұлы Дала өсиеті» сияқты кітаптары да кітапханалар сөресіне қойылған. Ал драматургия саласындағы тырнақалды туындысы «Жамандыққа – жақсылық» қойылымы «Ашық алаң» республикалық тəуелсіз театрлар фестиваліне қатысып, «Үміт» номинациясын жеңіп алды.
Оқырмандар ортасына жаңа таныстырылып отырған «Әкеге құрмет» кітабы тәуелсіздік жылдарындағы қазақ прозасында өз айтары бар, ұлттық идеяны танытатын шығарма, десті жиналған қауым. Қаламгердің шығармашылық кешінде арнаулар оқылып, іс-шара соңы концерттік бағдарламаға жалғасты.
Айта кетейік, Қазақстан Республикасы Ұлттық академиялық кітапханасының тұңғыш рет республика бойынша ұйымдастырған байқауының қорытындысы бойынша қалалық «Отырар» ғылыми-әмбебап кітапханасының директоры Күлия Смайылханқызы «Ең үздік кітапхана басшысы» номинациясына ие болды. Сондай-ақ, жоғары дәрежелі кітапханашы, кітапханадағы құжаттарды өңдеу, каталогтарды ұйымдастыру секторының басшысы Гаухар Медеуова «Ең үздік кітапханашы» номинациясына қол жеткізді.