Патриоттық тәрбие: Кадет сыныптарында озаттар оқиды Избранное

Пятница, 11 Январь 2019 04:55 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4264 раз

Таяуда Шымкент қаласының әкімдігі мен ҚР Қорғаныс министрлігі арасында меморандум түзілген еді. Әскери-патриоттық тәрбиені жандандыру, жастардың отансүйгіш болып қалыптасуына бірлесе жағдай жасау көзделген-тін. Бүгінде қалада бұл бағыттағы жұмыстардың барысы қалай? Қандай мәселелер бар? Осы жағдайға үңіліп көріп едік.

Без имени-1-1

16 әскери-патриоттық клуб бар

Елбасы биылғы халыққа арнаған Жолдауында әскери-патриоттық тәрбиеге назар аудару, жасөспірімдерді отансүйгіштікке баулуға көбірек мән беруді тапсырды.
Бүгінде Шымкент қаласында бұл бағыттағы жұмыстарды ілгерілету басты назарда тұр. Облыстық қорғаныс істері жөніндегі департаменті басшысының орынбасары Әжімұхан Шынтаев осы бағытта қолға алынған негізгі жұмыстардан хабардар етті. Оның айтуынша, бүгінде Шымкент қаласында 16 әскери патриоттық клуб, 31 үйірме жұмыс істейді. Биыл білім басқармасының бастамасымен 10 мектепте кадет сыныптары ашылды. Қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменті мен білім басқармасы бірлесе жұмыс атқаруда. Әскери патриоттық бағытта көптеген іс-шаралар өткізілуде.
Кадет сыныптары қыркүйектен бастап жұмыс істеп жатыр. Оған оқушыларды қабылдаудың да өз тәртібі бар.
– Кадет сыныптары Елбасы айтқан «Жас сарбаз» қозғалысын жетілдіру мақсатында қолға алынып отыр. Оқушыларды қабылдаудың ережесі әр мектепте әр түрлі. Бір мектепте 5 сыныптан, бірінде 7 сыныптан басталады. Ол білім мекемесінің шешіміне байланысты. Сыныптардың жетекшілігіне білікті, әскери дайындықтан өткен мұғалімдер тағайындалған. Ондай сыныптарда балалар арнайы әскери киім үлгіде жүреді. Сыныптың өзінің қағидасы, Жарғысы бар. Сабақ барысында Қарулы Күштерінің Жарғыларының пәрмені қолданылады. Яғни, саптық дайындық, дене шынықтыру дайындығы тереңдетілген. Балаларға қосымша әскери бағыттағы анықтамалық, ақпараттар көбірек айтылады. Бір айта кетерлігі, ондағы іс-шараларға демеушілер, ата-аналар да көмек қолын созуда. Жалпы, олардың қатарына бірінші кезекте тәртіпті, оқуда озат балалар тартылады, – дейді Ә.Шынтаев.

5bb67be9-dd90-406c-8691-f5f3833040f2

Негізінен кадет сыныптары пилоттық режимде ашылып отыр. Оқу жылының қорытындысымен ондағы оқушылардың білім деңгейі, дене шынықтыру бойынша дайындығы анықталмақ.
Қалада патриоттық клубар мен кадет сыныптарының оқушылары арасында түрлі патриоттық жиындар, байқаулар, сайыстар ұдайы өткізіледі. Қарулы Күштер күні, Жеңіс, Тәуелсіздік мерекелері кең көлемде аталып өтіледі.
Әскери-патриоттық клуб негізінен қоғамдық бағытта жұмыс істейді. Онда жасөспірімдер өзінің тарихын, тарихи батырларымыздың ерлігін, өз өңірінің тарихын, үлкенге құрмет, кішіге ізет қасиеттерді бойға сіңіреді.
Қазіргі уақытта әскери-патриоттық клубтардың ең үздігін анықтау бағытында да жүйелі жұмыстар бар. Қаладағы ең үздік клубтың оқушылары «Айбын» жиынына аттанады. Бұл – патриоттық бағыттағы ең үлкен іс-шаралардың бірі. Жиынның негізгі мақсаты – өңірлерде әскери-патриоттық клубтардың жұмысын жетілдіру. Республиканың түкпір түкпірінен жиналған балалар бір-бірімен тәжірибе алмасады. Әр клуб жетістігін паш етеді.
– Қазір әскери бөлімдердің базасында ашық есік күні ұйымдастырылады. Онда оқушылар әскери бөлімнің тарихымен, тыныс тіршілігімен тереңірек танысады. Қару жарақтар мен әскери техникамен өз көзімен көріп, қолмен ұстауға мүмкіндік алады. Әскери бөлімдерде де патриоттық клубтар жұмысын бастаған. Қорғаныс министрлігіне қарасты әскери бөлімдер ғана емес, Ұлттық Ұланның әскерлері, шекара қызметінде де мұндай қозғалыстар бар. Шымкент қаласындағы әскери бөлімдердің бәрінде де осы бағытта жүйелі жұмыстар жетерлік, – дейді қорғаныс істері жөніндегі департамент басшысының орынбасары.

Үздіктердің бірі – «Жас қыран»

Шымкенттегі Қ.Спатаев атындағы №7 техникалық мектеп-лицей – қалада әскери-патриоттық клубтың жұмысын жолға қойып, жетістіктерімен көзге түсіп жүрген оқу ордасының бірі. Біз білім ошағындағы бүгінгі жағдаймен кеңірек таныстық. Патриоттық клуб 2008 жылдан бастап жүргізіліп келеді. Қоғамдық ұйымға оқушылар 6 сыныптан бастап қабылданады. «Жас қыран» клубының жетекшісі – білікті ұстаз Сержан Досжан.
Сержан Есалыұлы биылдан бастап қалалық қорғаныс істері жөніндегі департаменттің патриоттық клубтың жетекшісі қызметін де қоса атқарады. Шені – аға лейтенант. Осы мектепте еңбек етіп жатқанына 17 жылға жуықтапты.
– Жалпы, біз оқушыларды елжандылыққа үйретеміз. Отанды қорғаймын деген ұғымды саналарына сіңдіруі керек. Осындай байтақ жерімізді ата-бабаларымыз бізге аманат етіп қалдырды. Ертеңгі күні жерімізді қорғайтын – осы жастар. Әскери тәртіпті бір балаға үйретсең, әрі қарай он бала естиді. Қатарласына қызығып, олар да келе бастайды. Бізде бір ғана мақсат бар. Ол –Отанды қорғауға дайын болу. Шынын айтқанда қазір әр түрлі жағдайға байланысты балалар әскерге дайын емес. Психологиялық, физикалық тұрғыда әлсіз. Міне, біз осы бастан әскери тәрбиеге көңіл бөлуіміз керек, – дейді Сержан Есалыұлы.
Мектептегі патриоттық клубтың барысы қалай? Енді осыған келейік. Білікті ұстаз бізге клубтың негізгі жұмыс тәрбін кеңірек баяндап берді. Клуб негізінен саптық дайындықтан тұрады. Одан кейін оқушыларға атыс дайындығы үйретіледі: қару-жарақтарды бөлшектеу, жинау, майлау және тазалау жұмыстары. Оқушылар келесі кезеңде атыс дайындығына көшеді. Соңына қарай азаматтық қорғаныс жағдайлары оқытылады. Химиялық қарудан қорғанатын арнайы киімдер таныстырылады. Ең соңында алғашқы медициналық көмек тәртібін кеңірек оқып-біледі. Міне, клубта осылар кезең-кезеңімен жүзеге асырылады. Сабақ барысында сынып аралық, мектеп ішілік, мектеп аралық жарыстар бар. Яғни, оқушылар әскери дайындығын сайыс барысында пысықтайды.
«Жас қыран» клубына әзірге 20 бала қабылданған. Бәрі де 9-10-11 сыныптың оқушылары. Балалар өз еркімен қабылданады, дейді жетекшілері. Әскери-патриоттық клуб мүшелерімен 2018-2019 оқу жылында өткізілетін іс-шаралар жоспары түзілген.
Жалпы, №7 техникалық мектеп-лицей әрдайым үздіктердің қатарынан көрініп келеді. Сержан Есалыұлының айтуынша, 11 сынып оқушылары әскерге баруға сақадай сай.
– Клубта 6 сыныптан бері келе жатқан қыздар бар. Қазір олар 11 сынып оқушысы. Алина Барақова есімді шәкіртім қала бойынша пневматикалық оқ атудан бірінші орын алды. Енді материалдық-базаны жақсартсақ, жетістігіміз де молаяр еді, – дейді білікті ұстаз шәкірттерінің жетістігімен мақтанып.

Мәселелер шешімін тапса...

ҚР Қорғаныс министрлігі мен Шымкент қаласы әкімдігі арасында түзілген меморандум аясында бірқатар жұмыстар қолға алынбақ.
Бұл тұрғыда қала мектептеріндегі шешімін күткен бірқатар мәселелерді айта кетсек. Мәселен, аға лейтенант Сержан Есалыұлы мектепте материалдық-техникалық базаны жаңғырту керек екенін айтады. Қару-жарақ, техникалық құралдарды жаңарту уақыт күттірмейді. Яғни, оқушыларға әскери тәрбиені теориядан гөрі тәжірибе бойынша көрсетіп, жігерлендіру маңызды. Заман солай. Қоян-қолтық жекпе-жектен сайыстар ұйымдастыруға да қолдау қажет. Әзірге, барлық керек-жарақтарды ұстаздар мен оқушылардың өзі жасайды. Ал спорт залдың босамауы себептен дайындыққа кейде мәжіліс залы пайдаланылады екен.
Жеке, арнайы ғимарат болса, нәтиже де одан әрі жақсара түсетіні мәлім. Үлгілі мектептің үздік оқытушысы осындай мәселелерден құлағдар етті.
Бала – болашағымыз. Балаларды мектеп жасынан тәрбиелеуге баса мән беру – жауапты жұмыс. Әрбір ата-ана жүрегінде патриоттық сезім болуы керек. Жүйелі жұмыс бар. Енді ұстаздарға қолдау көрсетілсе, нұр үстіне нұр болар еді.

Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.