Ұлы даланың ұлылығын ұқтырған жеті қыр Избранное

Пятница, 11 Январь 2019 05:23 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4589 раз

Қазақстан Республикасының Президенті, Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» атты ғылыми-көпшілік танымдық және ғылыми бағдарламалық мақаласы жалпы ғылымның атасы философияның жеті саласын жинақы негізде қамтып кеткен. Олар – онтология – мән туралы ілім, гносеология – таным туралы ілім, аксиология – құндылықтар туралы ілім, антропология – адам туралы ілім, философиялық және тарихи антропология ілімдері бар. Сондай-ақ, логика – ойлау заңдылықтары туралы ілім, этика – мораль, мінез-құлық туралы ілім, эстетика – адамның дүниені эстетикалық тұрғыдан түсіну заңдылықтары, әсемдік заңдарын арқау еткен шығармашылықтың мәнісі мен формалары туралы ілім.

0f45da0d909935fb0b3d916694c6249f

Мақала кіріспесінде қазіргі әлемдік өркениетте өзіндік орны бар немістердің, италиялықтардың немесе үнді халықтарының төл тарихындағы ұлы жетістіктері тілге тиек етіле келе, Қазақстан тарихына тікелей қатысы бар үш дәйек келтірілген. Яғни олар:
1. Протомемлекеттік бірлестіктердің дені қазіргі Қазақстанның аумағында құрылуы, қазақ ұлты этногенезінің негізгі элементтерін құрауы;
2. Зор мәдени жетістіктер даламызға сырттан келмегендігі, керісінше, көпшілігі осы кең-байтақ өлкеде пайда болып, содан кейін Батыс пен Шығысқа, Күнгей мен Теріскейге таралуы. Осы тұста, айта кетер жайт, «шығыстану» мамандығы бар, ал енді «батыстану» мамандығы жоқ деуге болады;
3. «Кейінгі жылдары табылған тарихи жәдігерлер біздің бабаларымыздың өз заманындағы ең озық, ең үздік технологиялық жаңалықтарға тікелей қатысы бар екенін айғақтайды. Бұл жәдігерлер Ұлы даланың жаһандық тарихтағы орнына тың көзқараспен қарауға мүмкіндік береді».
Бұл мақаланың жалғасында «Тіпті, қазақтың кейбір ру-тайпаларының атаулары «қазақ» этнонимінен талай ғасыр бұрын белгілі болған. Осының өзі біздің ұлттық тарихымыздың көкжиегі бұған дейін айтылып жүрген кезеңнен тым әріде жатқанын айғақтайды. Еуропацентристік көзқарас сақтар мен ғұндар және басқа да бүгінгі түркі халықтарының арғы бабалары саналатын этностық топтар біздің ұлтымыздың тарихи этногенезінің ажырамас бөлшегі болғаны туралы бұлтартпас фактілерді көруге мүмкіндік берген жоқ» деген тұжырымды ой –пікір жазылған. Шынында қазақи оймен айтар болсақ, әуелі отбасы, содан кейін бірнеше туыстас отбасылар негізінде әулет, ру және тайпа бірлестіктері тарихи тұрғыдан қалыптаса келе, қазақ ұлтының өз этнонимі қалыптасты. Әлемде көптеген ұлттардың қалыптасуы мен дамуы негізінде «халықаралық қатынастар» деген ұғымдық тіркес пайда болды. Мақалада «Ақ пен қара – бір-бірінен ажырамайтын ұғымдар» деген сөйлем бар. Қазақ тілінде «ақ ниет» және «қара ниет» деген сөздер қолданылады. Демек, аталған мақаланы жазудың мақсатын тек қана өзінің ұлтын асыра мадақтау арқылы қара ниетпен басқа ұлттарды кемсіту мен өткен тарихты қозғап, біреулерді даттау емес, керісінше, ақ ниетпен төл тарихты, сонымен қатар, жалпы ұлттар тарихын объективті түрде жаңа көзқараспен зерделеуге шақыру деп түсінуге болады.
Аталмыш мақаланың негізгі бөлігінде Ұлы даланың жеті қыры (Атқа міну мәдениеті, Ұлы даладағы ежелгі металлургия, Аң стилі, Алтын адам, Түркі әлемінің бесігі, Ұлы жібек жолы, Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны) туралы жүйелі әрі қисынды талданған. Мысалы, Елбасы «атқа міну мәдениеті мен жылқы шаруашылығы жер жүзіне Ұлы даладан тарағаны» туралы нақты жаза келе, жылқыны қолға үйрету арқылы атқа міну мәдениетінің негізі қаланғандығын, соның нәтижесінде көшпенді елдердің өзіндік империяларының болғандығын, ұлы технологиялық революцияның бастапқы отаны Ұлы дала екендігін баяндап жазған. Қазақ тілінде жылқыға қатысты көптеген мақал-мәтелдер мен сөздер қолданылады.

0529d34aae786543025fb46f33932eac-696x479

Мысалы, жеті қазына – қазақтың дәстүрлі дүниетанымындағы философиялық түсініктердің бірі. Жеті қазынаға жүйрік ат, қыран бүркіт, құмай тазы, берен мылтық, қанды ауыз қақпан, майланғыш ау және өткір кездік жатқызылады. Қазақ ұлтында «Адам сөйлескенше, жылқы кісінескенше», «Жігіттің құны — жүз жылқы, ары — мың жылқы», «Ат төбеліндей билік», «Атқамінер» делінген сияқты қаншама басқа мақал-мәтелдер мен сөз тіркестері бар екендігі белгілі. Сонымен қатар, мақалада көшпенділердің атқа міну мәдениеті арқылы қазіргі киім үлгісінің базалық компоненттері (ықшамды киім шалбар, жұмсақ саптама етік) және қарулар (садақ, жебе, қылыш) қисынды түрде мысалға келтірілген. Автор мұндай заттардың Ұлы даладағы ежелгі металлургияның дамуы арқылы қол жеткізгендігін дәлелдеп жазған.
Әрі қарай аң стилі жөнінде сипатталып жазылған. Бұл ретте, автор Қазақстанның символдарының бірі қар барысы жайлы пайымды пікірін білдірген. Осы тұста, айта кетер жайт, Қасиетті Жазба кітаптарда (Құран және т.б.) және діни қайнар көздерде «ат қанатты періште» жайлы деректер бар. Біздіңше, автор мұндай мәліметтерді де ой елегінен өткізіп, саралап жазған деуге болады.
Сондай-ақ мақалада алтын адам келбетін әдемі суреттеп түйіндеген. Яғни алтын адам дала өркениетінің эстетикасын көрсетеді. Мақала мәтінінде қазақтардың және Еуразияның басқа да халықтарының тарихында Алтайдың алар орны ерекше екендігі айтылады. Бұған қоса Ұлы дала Түркі әлемінің бесігі ретінде саналатындығы туралы жазылған. Бұл – жағымды бастама. Мемлекет басшысы ондай жағымды бастамаларды бұған дейін де ұсынған болатын. Аталған бастама түркі тілдес мемлекеттер мен халықтардың халықаралық ынтымақтастық қатынастарын жандандыру үшін әрі қарай идеологиялық арқау болады деуге болады.
Ұлы даланың жеті қырының бірегейі ретінде Ұлы Жібек жолы жайлы ғылыми тұжырымды ой-пікір білдірілген. Автор бұл ретте тоғыз жолдың торабы ғана емес, көп жолдардың түйіскен халықаралық торабына (хабқа) айналып келе жатқан Қазақстанның (оның ішінде 5 хаб қала – Астана, Өскемен, Ақтөбе, Алматы және Шымкент) мүддесі, сондай-ақ Ұлы Жібек жолы бойында орналасқан елдердің де мүддесі туралы ішкімемлекеттік және халықаралық стратегиялық мақсаты бар тұжырымды түйіндейді. Демек, біздің елдің халықаралық транзиттік елге айналуы экономикалық тұрғыдан дамуға, тұрғылықты халықтың әлеуметтік ахуалын жақсартуға мүмкіндік береді және қауіпсіздік мәселесін нақтырақ пысықтауға өзіндік септігін тигізеді.
Мақалада Ұлы даланың жетінші қыры ретінде Қазақстан – алма мен қызғалдақтың отаны болғандығы дәлелденген. Мұның ақиқатын соңғы ғылыми зерттеулер дәлелдеп келеді. Сонымен қатар, тек қана біздің елде өсетін өсімдіктердің, оның ішінде табиғи емдік шөптердің бар екендігін айта кетуге болады.
«Ұлы даланың жеті қыры» мақаласының «Тарихи сананы жаңғырту» бөлімінде (атап айтқанда Архив-2025 жеті жылдық бағдарлама, Ұлы даланың ұлы есімдері, Түркі әлемінің генезисі, «Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейі, Дала фольклоры мен музыкасының мың жылы, Тарихтың кино өнері мен телевизиядағы көрінісі) тарихи сананы жаңғыртуға негіз болатын құндылықтар жайлы өміршең, тың ұсыныстар жасалған. Өйткені, алыс және жақын шетелдердегі архивтерді зерделеу төл тарихымызға әрі гуманитарлық ғылым салаларына тың серпін береді деп үміттенеміз. Осындай зерттеу жұмыстарында ғалымдар мен сарапшылар пәндік, пәнаралық және кешенді ғылыми әдістер мен тәсілдерді қолдануды ұйымдастыруы керек деп есептейміз. Аталған бағытта ҚР Білім және ғылым министрлігі және өзге уәкілетті органдар белсенді мұрындық болуы тиіс. Мысалы, Ұлы дала аумағында небір империялар мен мемлекеттер болған. Демек, еліміздің мемлекеттік пен құқықтың тарихи қорын ғылыми негізделген жаңа біліммен молайту мақсаты қойылып, зерттеудің барысын заңгер, тарих және философия саласы ғалымдары пәндік, пәнаралық және кешенді негізде жүргізуі қажет деп санаймыз. Сонымен бірге шетелдердің мемлекет пен құқық тарихы пәні бойынша салыстырмалы-құқықтық талдау жасау арқылы жаңа ғылыми тұжырымдар жасауға болады.
Қорыта келгенде, «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаланың ғылыми танымдық және ғылыми бағдарламалық мәнімен қатар, ғылыми бастамалық сипаты бар. Мақаланың негізгі идеясы «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» мақаланың жалғасы ғана емес, оны әрі қарай іскер асырудың жүйелі тетігі болуымен ерекшеленеді. «Рухани жаңғыру» бастапқы жағымды бастама болса, «тарихи сананы жаңғырту» идеясы үйлестіруші бастама болады. Сол бастама нәтижесінде қолға алынатын іс-шаралар арқылы Қазақстан халқының, сондай-ақ түркі тілдес халықтардың ынтымақтастығын біріктіретін ерекше идеологиялық база қалыптасады деуге болады. Демек, жаһандық бәсекелестікке қабілетті болуы үшін тұрақты әрі прагматикалық экономикалық дамуды, қоғамдық келісім мен саяси тұрақтылықты, сондай-ақ көпвекторлы халықаралық ынтымақтастықты көздейтін саяси ұстаным және қазіргі өркениеттер альянсының татулығын нығайтатын, олардың заңды мүдделерін қанағаттандыратын жалпықамтушы идеологиялық платформа қажет деп білеміз.
Арнольд Джозеф Тойнбидің «Тарихтың жетістігі» атты кітабында «Заманауи әлемдік саясат: бұл өркениеттердің экономикалық, саяси және идеологиялық жарысы» деп түйіндеген болатын. Сондықтан мұндай жүйелі іс-шаралар жалпы қоғамның, оның ішінде жастардың адами капиталын, ұлттық мәдениетін, әмбебап білімі мен сауаттылығын, қалыпты бәсекелестік қабілетін қалыптастырады.

Ермек Бекбосынов,
М.Әуезов атындағы ОҚМУ «Заңтану және
халықаралық қатынастар»
факультеті деканыныңғылыми-зерттеу
жұмыстары бойынша орынбасары,
доцент, заңгер, Ph.D

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.