Ұлттың рухани жаңғыруы оның өресіне сай жүреді Избранное

Среда, 16 Январь 2019 05:11 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2623 раз

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы Даланың жеті қыры» бағдарламалық мақалаларында түпкі мақсат дамыған елдердің отыздығына экономикалық, әлеуметтік және ең бастысы ұлттың рухани жаңғыруы тұрғысынан ену екені нақты айтылды.

88888888

Әрине, бұл бәсекеде өзгелер де қарап отырмасы анық. Біздіңше, ұлттың осы бәсекеге қабілеттілігін барынша арттыра түсетін қуаттың өзі ұлтымыздың рухани әлемімен тікелей сабақтастықта жатыр. Сол қуат көзіне жалғасу сол ұлттың рухы мен руханияты туралы біздің алған білімімізге және соның негізінде өзіміз өмір сүріп отырған уақыт пен қоғамның келешегі жайлы бүгінгі күнгі атқарып жатқан істеріміздің өміршең және өткінші тұстарын санамен екшей алуымызға тікелей байланысты. Мемлекет тарапынан сол мақсаттарда, яғни мемлекеттің, ұлттың ішкі қуатын арттыру жолында талай шаруалар жасалды, жасалу үстінде. Ол істерде біздерге тарихтың талайынан өтіп өміршеңдік танытқан дәстүрлі ата-бабалар жолы мен бүгінгі дамудың даңғыл жолын тапқан елдердің озық тәжірибелері шамшырақ болғанын да жоққа шығаруға болмас. Елдегі сол атқарылған жұмыстар нәтижесінде бірнеше ұлт пен діндердің бірге қатар өмір сүріп қана қоймай, жалпы адамзаттық рухани үйлесімділікті дамытуда халықаралық деңгейде үлгі бере алатын елге айналдық.
Жалпы алып қарағанда бұлай даму мүмкіндігі көптеген елдердің еншісінде бар болатын. Іске асырушы біздің ел болғаны мақтаныш сезімдерін тудырады. Өйткені, бұндай қиын істе ел басқарған жекеленген тұлғалардың тұлғалық қасиеттерінің де маңызды рөлін айту керек шығар. Дегенмен сол тұлғалардың өзіне күшті қуат пен мүмкіндік беретін рухани қуатты бай, әрі терең ел ғана өзгелерді өзіне еріксіз тарту күшіне ие екендігін есте ұстаған жөн. Осы орайда Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың сонау 1995 жылы Қазақстан Халқы Ассамблеясы (ҚХА) сияқты ерекше институттың жұмысы мен тынысына кең жол ашуға бел байлағанда өз ұлтының осындай ішкі қуатының барлығы мен сөнбегеніне сенгені анық. Нәтижесі белгілі. Әлем алдында рухани дүниесі бай, гуманизмге қызмет еткен халық ретінде мойындалдық десек артық айтқандық бола қоймас.
Әлемдік тарихта басқа ұлттар арғы бабаларының өзгелерге жасаған қиянаттарына «қызара кешірім сұрап» немесе ондай жайттарға орай «үнсіз» қалып танытып, айналып өткісі келіп отырған тұста, бұл мәселелерде біздің өткен тарих үшін де, бүгінгі саясатымыз үшін де жүзіміз жарық. Өйткені қазақ ешкімге қиянат жасаған ұлт емес, керісінше қиналған, «қуғын-сүргін көргендерді» шамасы жеткенше демеп, бауырына баса білген халық. Осындай кездерде Елбасының «қазақтың тарихында қазақ ұялатын ештеңе жоқ» деген сөздері еріксіз оралады екен. Керісінше, қазаққа алғысын шын жүрегінен айтып жатқан елдер көп. Тіпті өз кезегінде саяси мәртебеге ие болған жоғарыда аталған ҚХА елдегі тұрақтылықты сақтауда ғана емес, заң шығарушылық істерде де белсенділік танытып, осы ұйымның бастамасымен ортақ тарихымыздағы қазақ халқының өзге ұлттарға деген гуманистік қарым-қатынасының өтеуі іспетті ізгі ниеттен мемлекетімізде қазақ ұлтына деген «алғыс айту күні» де белгіленді. Сөйтіп «кең болсаң, кем болмайсың» деген бабалар сөзінің шындығына тағы бір куә болдық. Сол кеңдіктің әсері шығар, «бізге алғыс айтып жатыр екен» деп күтіп отырмай, қазақтар да Бір Жаратушыға, бір-біріне, өзгелерге деген ыстық ықыластарын тағы бір мәрте арнайы айтуға уақыт бөлетін күн ретінде қабылдадық. Бұл шешімнің ұлтымыздың, мемлекетіміздің жалпы рухани жаңғыруын көрсететін үлкен белестердің бірі демеске лажымыз жоқ. Осы шешімнен қазақстандықтардың өресі анық көрініп тұр. Өйткені, әрбір мемлекет, ұлт өз рухани өресіне сай жаңғырады, дамиды.
Елбасы бағдарламалық мақаласында «Мақсатқа жету үшін біздің санамыз ісімізден озып жүруі, яғни одан бұрын жаңғырып отыруы тиіс» деді. Мақалада айтылған «ұлттық кодтың» сақталуына қатысты құнды ойлары әрбір адамды адамзат пен өзі туралы, шыққан тегіне орай толғануға, ойлануға еріксіз жетелей түседі. Біздіңше, қоғамның рухани жаңғыруында халқымыздың даналық ойларының тамырларына, яғни сөз өнеріндегі «ұлттық кодтарымызға» бір мезгіл үңіліп отырғанымыз артық болмайды. Ал сананы үнемі сергек ұстау мен оның деңгейін жоғары ұстау бүгінгі ұлттық танымымыз бен өремізге тікелей байланысты.
Тіпті осы «өре» деген сөздің мағынасын ашып түсінудің өзі ұлттық таныммен тікелей сабақтасып жатыр. Бұл сөзге үңілген адам Елбасы айтқандай «адамзатқа атқа міну мәдениетін әкелген» далалықтардың тарихи танымы мен мәдениетінің іздерін байқар еді. Тікелей және тарихи мағынасында ата-бабаларымыздың аттың алдыңғы және артқа аяқтарын қосақтап қоятын шідерді («өре» деп) айтқанын білдірсе, ауыспалы мағынасында адамның санасының деңгейіне қатысты пайдаланылып келе жатқаны белгілі. Соңғы мағынада «ойы келте, тәжірибесі мен білгені аз адамдар санасына қатысты немесе кейде «мұрын астынан арыны көре де, болжай да алмайтын» біржақ қыңыр мінез кісілерге «кекесін» түрінде де қолданатыны белгілі. Екінші жағынан алып қарағанда «өре» сөзі көшпелілер ойы мен шаруашылығының сабақтастығын да тікелей көрсетіп тұрған – тарихи қайнар.
Өйткені, көшпелілер өрені пайдаланғанда аттың үй айналасынан ұзатпай жайылуына мүмкіндік беруді, бірақ шідерлеген жағына қарай ғана басым айналып жүргендіктен үйден алыстай алмауын басты назарда ұстаған. Өз кезегінде малын бағып, отанын жаудан қорғаған далалық көшпелілер үшін жылқының орны ерекше болған. Жалпы адамзат қоғамында жылқыны қолға үйретудің басты орталығы қазақтың даласы болғаны ғылыми дәлелденген мәселелердің бірі. Енді өздерін «жылқы мінезді» халық санаған қазақтың болашағы үшін ұлттық рухы мен мақтаныш сезімдерін оятатындай етіп дәріптеу мен насихаттау жағын мемлекеттік деңгейде қолға алу жүріп жатыр.
Халқымыздың өмірі жылқы малымен етене болғанын баласын «құлынға», ел қамын ойлаған азаматын «тұлпарға», өміру сүрудің өзін «бәйгеге» балап, фольклорында «ер қанаты-тұлпарларға» байланысты небір «ұлттық кодымызды» білдіретін мағлұматтар қалдырғанын кейде естен шығарып алып жатамыз.
Біздің жағдайда кешегі отарлық саясаттың қазақтың ойлау жүйесіне зақым келтіріп, ұлттық сананы империялық мүдделерге орай орысша ойлауға бейімдеуге, қала берсе кеңестік идеологияға бағыттағаны анық. Нәтижесі де жоқ емес. Бүгінгі қазақтың ұрпағы арғы атасының сөзін кейде ұға бермейді. Ұлттық санасының деңгейі төмендеп, космополиттік санаға ие бола бастағандары да жоқ емес. Тіпті, өкінішке қарай кешегі бабалардың айтқан «қарнымның ашқанына емес, қадірімнің қашқанына жылаймын», «ит тойған, ер туған жерінде», «біріңді, қазақ-бірің дос, көрмесең істің бәрі бос...», «енші алыспаған қазақпыз», «жеті атасын білмеген - жетесіз» т.б. қанатты сөздері мен даналық ойларының тамырына үңіле бермейтін замандастардың кездесуі қынжылтады. Осындай жайттар кейде бізге ұлттық таным жүйемізде кейбір ақаулы тұстарымыз да жоқ емес екенін байқататын сияқты көрінеді. Рухани жаңғыру әрбір адамның өзінен басталуы керек. Әрбір адам белгілі бір ұлттың өкілі ретінде өзін өзі тануға ұмтылатын ұлттық ойлау жүйесіне негізделген санасы болуы қажет. Сондықтан ең бірінші кезекте соны түзеу керек деп ойлаймыз. Ол үшін ұлттық ұғымдарды қайта жаңғырта отырып, заманауи білім алуды қолға алуды кешіктірмеуіміз ләзім. Қазақтың ұлттық танымына үңілген сайын даналық пен даралықтың іздері айқындала түсетінін байқау қиын емес. Кезінде халықтың бұл қасиетін өзге елдердің марқасақалары да байқағаны тарихтан белгілі. Олай болса, қазақты қазақы танымынан бастап түсінген абзал. Кері жағдайда қанша жерден «рухани жаңғыру» деп ұрандатқанмен пайдасы аз болады ау деген көңілімізде күдік те жоқ емес.
Тарихи жағдайда алып қарағанда барлық әлемдік идеологиялық күрестердің, оның ішінде барлық діндерде негізгі нысан – Адам. Сол бір ардақты атты сақтау адамзат ұрпағы үшін қиын болып тұр.
Ендеше арғы аталарымыздың ұлттық таным тұрғысынан қарар болсақ бабаларымыз адам баласын өзге тіршілік иелерінен артық етіп жаратқан «Бір Тәңіріні», «Алланы» жақсы танығаны байқалады. Сондықтан әрбір ісі мен сөзін оның қаһарына ұшырап қалмауға бағыттап атқарған және сөйлеген. Мысалы, қазақ жек көрген кісінің сөзін немесе ұнатпаған сөз сөйлеушіні тоқтатқанда «оттама!» -деп тыйып тастаған. Енді оның мәні «оттайтын тек мал» деп ұлттық таным тұрғысынан алып қарағанда тыйып отырған кісіге «мал бол ма!» деп, яғни «адамдық қалпыңды бұзба, жоғалт па!»- деп отырған ойын аңғарар едік. Ал «оттапсың» десе, ол бүгінгі ұғымға салғанда «малсың» дегенмен бірдей болып шығады. Енді неге олай айтты десеңіз? Адам баласын Бір Жаратушы жаратқанын жақсы білгендіктен екенін байқар едік. Яғни мал деп тікелей айтуға оның иманы жібермей тұр. Бірақ бүгінгі біздер осы жайттарды ескере бермейміз. Өкінішті.
Барлық діндерде «Жаратушы көрсеткен жолмен жүру» талап етіледі. Оны біздің бабаларымызда мойындаған. Көшпелілердің «жолың болсын!» деген сөзі мен «жолың болмасын!» деген қарғыстарының өзі белгілі бір жолмен, ізбен жүруді байқатады. Әрине, алғашқысы «Тәңірі жолы» екені тағы белгілі.
Бұқар, Шалкиіз сияқты т.б. жыраулар мен Абай атамыздың өлеңдерінің астарлы мағыналарында да «Бір Жаратушының» барлығы мен адамның өзгелерден артық жаратылуындағы мақсаттың бар екені сөз етілгенін бізге қарағанда бабаларымыз терең түсінгені анық. Өйткені ұлттық ойлау жүйесінің тарихи сабақтастығы мен бұзылмаған болатын. Алайда, Абай заманында бұрынғыдай «сөз ұғарлықтың» азая бастағаны байқалады. Мысалы, ақынның бір өлеңінде: «...Атымды адам қойған соң, қайтіп надан болайын? Халқым надан болған соң, қайда барып оңайын» -деген жолдардың кездесуінің астарында біздің ойымызға дәлел боларлықтай талай мағына жатыр деп санаймыз.
Тіпті шежірелік санасының бүгінгі күнге дейін сақталуы, «бір атаның баласымыз», «енші алыспаған қазақпыз» деген сөздердің ел бірлігі мен тарихи сананы сақтауда сабақтастық табуының өзі де осы жайттармен байланысты шығар. Алайда отаршылдар оны да өңін теріс айналдырып, елді біріктіруді көздеген шежірелік сананы керісінше ұлтты бөлшектеуге пайдаланған. Мемлекет пен ұлттың жаңғыруының, озып алға шығуының тағы бір кепілі қоғамдағы әділеттіліктің үстемдік етуі екенін де халқымыз білген. Осы орайда Абай атамыздың бір өлеңінде: «Ең бірінші Алланы сүю...»керектігі, «екіншіден адамзаттың бәрін бауырым деп сүй! ...» дегенінің және «үшіншіден, әділеттілікті сүю...» жөнінде айтылған сөздердің қуаты ұлттық таным қайнарынан нәр алып жатқаны еске түседі. Осы айтылған мәселелерге елімізде барлық жағдайлар жасалып, алға басып келе жатқан халқымыздың келешегі жарқын екеніне де, әлемдегі дамыған отыз елдің қатарына енетінімізге сеніміміз мол.
Бұл орайда өңірімізде жоғары білім берудің қарашаңырағы саналатын бүгінгі Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік педагогикалық университетінің ұжымы да өз үлестерін қосып келеді. Әсіресе, университет басшылығының, тікелей ЖОО ректоры п.ғ.д.,профессор О.Аяшевтің ерекше қолдауымен өңірде алғаш болып «Рухани жаңғыру» орталығы, студенттерге арналған «Рухани жаңғыру» алаңы және барлық материалдармен, техникалық құралдармен жабдықталған «100 жаңа кітап» коворкинг орталықтары ашылып, жастарға Елбасының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында көзделген мақсаттарға қол жеткізудің түрлі жолдары бойынша білім мен тәлімді қатар берудің озық үлгілерін көрсетіп келеді.

Рухани-1

Қорыта айтсақ, «Мәңгілік Елдің» болашағы ұлттың рухани жаңғыруында, ал ұлттың рухани жаңғыруы оның бүгінгі рухани өресіне тікелей байланысты екенін естен шығармаған ел ғана әлемдік бәсекеде ұтады. ОҚМПУ ұжымы мен жастары да бұл бәсекеде әрқашан алдыңғы лектен көрінеді.

Қайрат Анарбаев,
Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік
педагогикалықуниверситетінің
«Рухани жаңғыру» орталығының
басшысы, т.ғ.к.,доцент м.а.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.