Шымкентте «Қайырымдылық керуені» акциясы жалғасын табуда. Таяуда іскер әйелдер қауымдастығының ұйымдастыруымен және танымал режиссер-продюсер Тимур Бекмамбетов, «Асыл бала» қоғамдық қорының қолдауымен шымкенттік 40 бала «Гринч» мультфильмін тегін тамашалады.
Көрсетілім алдында Тимур Бекманбетов балаларға видиосәлемдеме жолдады. Продюсер еліміздің барлық аймағында өткізіп жатқан көрсетілім адамдарды қайырымды болуға үндейтінін жеткізіп, балаларға сәттілік тіледі.
– Республикалық деңгейде өтіп жатқан акцияға өз үлесімізді қосу үшін Шымкенттегі мектеп-интернат, балалар үйіндегі тәрбиеленушілерге қолдау жасағымыз келді. Жобаға қолдау көрсеткен «MEGA Park» кинотеатрына алғысымызды білдіреміз. Бүгін балалардың жүзінен шаттықты көрдік. Әр азаматты осынай акцияларға үлес қосуға шақырамын, - деді Шымкент қалалық іскер әйелдер қауымдастығының төрайымы Эльмира Созақбаева.
Балалар қызықты мультфильмді тамашалаған соң арнайы жайылған дастархандағы тәттілерден дәм татты.