Саттар салған жарқын жолмен...

Среда, 16 Январь 2019 05:26 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6273 раз

Биыл Саттар Асқарұлы Ерубаевтың туғанына 105 жыл толып отыр. Жазушының құрметіне Шымкенттегі №24 мектеп-лицейге Саттар Ерубаев есімі берілген. Мектеп директоры Ұлжалғас Есіммен кездесіп, биылғы Жастар жылы тақырыбында әңгімелесіп, мектеп тынысы, жазушы ғұмыры жайлы пікірін тыңдадық.

55

Саттар Ерубаев. Ұлы қазақ даласына белгілі есім. Халықтың марқасқа ұлы небәрі 24 жыл ғұмыр кешті. Оның тынымсыз ізденісі Ленинградта білім алуға жол ашты. 20 жасында-ақ «Лениншіл жас» газетінде редакторлық қызметті атқарды. Әдебиет және өнер саласында тасы өрге домалап тұрған Саттар Асқарұлын арманына тұла бойын әбден меңдеп алған дерті жеткізбеді. Әттең-ай!..
Саттар жайлы тың деректерді Шымкенттегі №24 мектеп-лицейінен табуға, оның ғұмыры жайлы толық мәліметпен қанығуға мүмкіндік бар. Ал, білім ошағының басшысы Ұлжалғас Әшімқызы Саттар Ерубаевтың немере қарындасы.
Есім, Қасым, Саттар, Сапархан Асқар Ерубайұлының төрт ұлы болса, Ұлжалғас Әшімқызы – Саттардың үлкен ағасы Есімнің туған немересі.
– Білім саласында еңбек етіп жүріп, басшылық қызмет дәл осы мектептен бұйырғанда, өзіме білім беруден басқа тағы бір үлкен жауапкершілік артылғандай сезімде болдым. Саттар Ерубаев – қазақтың ұлы, халықтың ұланы. Жазушының есімін жаңғырту бақ сыйласа, сол ардақты есімді абырой биігінде ұстап тұру қиын сынақ тәрізді еді. Сол үшін жұмысты ең әуелі мұғалімдердің білімі мен біліктілігіне мән беруден бастадым. Оқушылар уақытын мейлінше тиімді пайдалансын деп түрлі үйірмелер ашып, тұрақты түрде жұмыс істеуіне жағдай жасадық, – дейді мектеп директоры.

66

№24 мектеп-лицейіне қай кезде кіріп барсаңыз да ән, би, күй, домбыра, қолөнер, спорттық үйірмелер мен пәндік қосымша сағаттардың жұмысы қызып жатады. Тарих, алғашқы әскери дайындық сабақтарына оқушы тұрмақ, біздің қатысқымыз келді. Дәріс беруде мұғалімдердің тәжірибесі мол.
– Мұғалім мәртебесі қашан да биік. «Бұрын білім беру жүйесі онша емес еді, қазір тамаша» деп айтуға болмайды. Әр заманның үздік тәжірибесі болады, жалынды жастары болады. Технологияның мүмкіндіктері артып, ғылым жаңа ақпараттармен толыққан сайын оқу бағдарламасы да жаңарып жатыр. Мұғалімдер де түрлі курстарға қатысып, заман ағымына ілесіп келеді. Қазір біздің мектеп мұғалімдері жаңартылған білім мазмұны бойынша жаратылыстану пәндерінен оқушыларға дәрісті ағылшын тілінде өте бастады. Қосымша білім алу, санатын арттыру, бұның бәрі мұғалімнің табысын көбейтеді. Сол үшін оған «қиындық» немесе «ауыртпалық» деп қарауға болмайды, – дейді Ұлжалғас Әшімқызы.
Мектеп басшысы біліктілікті арттыратын түрлі оқулар мен курстарды естісе, елеңдеп отыратынын айтты. Тіпті, бір жолы орынбасарларының бәрін оқуға жіберіп, ұжымның бар шаруасы өзіне қалып қойғанын еске алып күлді.
Саттар Ерубаев атындағы №24 мектеп-лицейдің оқушылары 2017-2018 оқу жылында қала аумағындағы 20 оқу-білім сайыстарына қатысқан. Бұл жылдары Шымкент қаласы облыс орталығы болғандықтан, оқушылар облыстық 161, республикалық 131 оқу-білім сайыстарына қатысқан. №24 мектеп-лицейдің оқушылары өткен жылы 32 халықаралық сайыста бақ сынады. Ал өнер және спорттық салада Ерубаев ізбасарлары қалалық – 55, облыстық – 180, республикалық – 150, ал халықаралық 105 сайыс алаңында зор жетістіктерге жеткен. «Зерде» республикалық конкурсына қатысып, «Жас ғалым» атанған Аружан Садық пен Сымбат Есжан – осы №24 мектеп-лицейдің оқушылары.
Мектеп-лицейдің бір артықшылығы – қазақ жазушысы Саттар Ерубаев атындағы кабинет. Мұнда жазушының туған өлкесінен әкелінген және Түркістан қаласындағы С.Ерубаев мұражайынан жинақталған бірқатар мұрағаттар мен деректер бар. «Қазақтың Саттары – Алаштың мақтаны» бөлімінде бала Саттардың өмірімен танысасыз. «Саттар мұрасы зарттеушілер көзімен», «Саттар – публицист, драматург», «Жазушы шыққан тектің шежіресі», «Бақытқа іңкәр адам» атты 14 бөлімнен тұратын танымдық тақтада жазушының өмірі, достары, туыстары, шығармалары, зерттеушілері жайлы жан-жақты құлағдар боласыз.
«Өмірімнің өзі – бақыт» деп аталатын тақтада Саттар Ерубаевтың шығармалары мен достарына жазған хаттарынан үзінділер, жолдастарымен түскен суреттері бар. 1930 жылдың 14 наурызында досы Сейділдаға:
«Тұрмыс толқын толқып кетсе,
Өтерсің талай өткелден.
Балалықтың толқынында
Толқындарды көп көргем.
Ой терең су, бойламайсың
Ой санымен өткергем.
Сол ойыма Сейділдә да
Тілектес қой, дем берген.
Пролетариат жас талабы
Бұл ескерткіш сәттерден.
Саттар Ерубаев 14/III -30г.» деп, латын әліпбиінде өз қолымен жазылған хаты тұр.

20181207 143233

Қазақ жазушысы аз ғана ғұмырында кейінгі ұрпаққа үлгі болатындай даңғыл жол қалдырып үлгерді. С.Ерубаев ізбасарлары сол даңғылға бет алып, бүгін латын әліпбиін үйренуді қайта қолға алды. Сондай-ақ, жаратылыстану пәндерін ағылшын тілінде оқып жүрген №24 мектеп-лицейінің оқушылары Ленинград асып, әлемнің түкпір-түкпірін шарлауға асық. 
– Әрбір оқушының қолын қысып, мақтау қағаз беру керек, әрбір оқушыны акт зал толы жиында сахнаға шығару керек. Мұндай сәт кей баланың өмірінде бір-ақ рет орын алуы мүмкін. Алайда, ол сол сәтті өмірбақи ұмытпайды. Өзі кіп-кішкентай болып, қаншама үлкен адамның назары ауған, үлкен сахнада мақтау қағазын алған баланың кеудесінде өз болашағына деген зор үміт, сенім пайда болады. Міне, «Мақтау қағазы» мектептің есебі үшін емес, оқушыға осындай сенім ұялату үшін қажет. Ата-аналар осындай сәтте перзентінің көзінде пайда болған ұшқынды үрлеп, жалынды жасты жарқын болашаққа бастауы тиіс, – дейді Ұлжалғас Әшімқызы.

Последнее изменение Среда, 16 Январь 2019 11:44
Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.