Еңбекші ауданы:Нысандарды күтіп ұстауға мән берілсе... Избранное

Пятница, 18 Январь 2019 05:28 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2912 раз

Еңбекші ауданының әкімі Ғалымжан Ильясов 2018 жылғы атқарылған жұмыстары бойынша есеп беру кездесуінде осылай деді.
Ғалымжан Молдабайұлының тұрғындармен екінші кездесуі Базарқақпа тұрғын алабындағы №104 мектепте өтті. Жиынға қала әкімінің орынбасары Нұрсадық Ергешбек, қалалық мәслихат депутаттары, қала әкімдігінің құрылымдық басқармалардың өкілдері қатысты.

DSC 7610-1

Аудан әкімі алдымен есепті кезеңде жүзеге асқан жетістіктердің жайын баяндап берді. Жалпы айтқанда, бұл жұмыстар тұрғындардың көңілінен шыққан. Іргелі істерді көз көріп отыр. Мұны жарыссөзге шыққан қалалық мәслихат депутаты Марат Тамабаев та баса айтып өтті.

– 2018-2020 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарына сәйкес біршама жұмыстар атқарылғанын көріп отырмыз. Оны мәслихат тарапынан да қадағаладық. Бюджет қаражаты межелі жерге жетіп, қаншама жолдар, аяқжолдар салынды. Жұмысты оң бағалаймын. Дегенмен, 2019 жылға жоспар да жетерлік. Жол, электр жарығы, аяқжолдар салу бойынша да жұмыстарды жалғастыру керек. Енді Бадам өзенінің жағалауын бетондау мәселесін шешіп берсеңіздер. Осыған назар аударсаңыздар, - деді мәслихат депутаты.
Тоғыс тұрғын алабының төбе биі Төребек Темірбеков Мұнай барлаушылар көшесінің кәріз жүйесі жаңарғанын, Айнатаста аяқжол салынғанын айта келе, ендігі кезекте Тоғыс, Маятас тұрғын алаптары бойынша Бадам өзеніндегі көпірді реттеуге шақырды. Жөндеу жұмысы 2019 жылы аяқталса деген ұсынысын да қоса жеткізді.

Бадам 1 елдімекенінің тұрғыны Анармат Арзықұловтың айтуынша, Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад тұрғын алаптарында ауызсу мәселесі шешіліп келеді. Қаратөбеде мектептің қосымша ғимараты салынды. Жол, электр жарығы жүргізілді. Енді Бадам 1 елдімекенінде ауызсу мәселесін шешіп беруді өтінді.

Әдеттегідей бұл жолғы есеп беру жиынында Базарқақпа, Абдулабад, Тұрдыабад, Жыланбұзған, Тоғыс, Маятас, Айнатас, Қаратөбе, Бадам 1 шағынауданының тұрғындары көкейіндегі өз сауалдарын қоюға мүмкіндік алды. Еңбекші ауданының тұрғындары бұл жолы да инфрақұрылым мәселелерін сөз етті.

IMG-20190117-WA0037

Атап өтсек, Тоғыстағы №120 мектепті күрделі жөндеу қажет. Базарқақпа, Абдулабад тұрғын алабтарында электр бағаналарын ауыстыру, кәріз жүйесін реттеу, Қаратөбеде мәдениет клубын жөндеу, Айнатастан қоғамдық көлік жүргізу, Жыланбұзғанда кітапхана салу мәселесі шешілсе дейді. Аудан тұрғындары аялдама салу, жарықтандыру, ішкі жолдарды асфальттау, аяқжолдар салу, табиғи газ жеткізу сынды мәселелерден де құлағдар етті.

Тұрғындардың сауалдарын тыңдаған аудан әкімі барлық сұрақ бойынша өзі жауап берді. Қалалық энергетика және коммуналды шаруашылық, ауыл шаруашылығы және ветеринария, білім, мәдениет және тілдерді дамыту басқармасы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары басқармасының өкілдері де тұрғындардың сауалына нақты жауап берді.

Жалпы, аудан әкімі бюджет қаражатының көлемі жылдан жылға артып келе жатқанын айтты. Әлі де болса салық түсімі артып, тұрғындардың әл-ауқаты артқан жағдайда бұл инфрақұрылым мәселелерінің бәрі де шешімін таппақ. Аудан әкімінің айтуынша, Бадам өзені жағалауын бекіту бойынша акт түзілген, іс-шаралар жоспарына сәйкес, жұмсытар атқарылады. Маятастағы көпірді жөндеу бойынша техникалық зерделеу жұмыстары жүргізілді. Бюджет бөлінген жағдайда құрылыс жұмыстары басталады.
№ 120 мектепті жөндеуге қаржы бөлінген.

– Жалпы, бірінші кезекте әлеуметтік маңызды нысандар бойынша жұмыстар жүргізіледі. Барлық мәселелер жоспарлы түрде шешіледі. Жалпы, тұрғындарға айтарым: бар нәрсені күтіп ұстаңыздар. Қайсысы болса да ұқыппен пайдаланыңыздар, - деді аудан әкімі.
Осы орайда аудан тұрғындары да өз елдімекендеріне жауапкершілікпен қарау, мемлекеттің мүлкін қорғау жұмыстарына да атсалысу қажет. Өйткені, туған жерді түлету – әр азаматтың парызы.

Последнее изменение Пятница, 18 Январь 2019 06:18
Тағабай ҚАСЫМ

Л. Гумилев атындағы ЕҰУ-дің 2010 жылғы түлегі. 2012-2013 жылдары облыстық «Оңтүстік Рабат» газетінің, 2014-2016 жыл аралығында республикалық «Спорт» газетінің тілшісі қызметін атқарды. 2013 жылдың тамыз айынан бері «Шымкент келбеті» газетінде тілші болып жұмыс істейді.