Кәсіпкерлер 3800 жаңа жұмыс орнын Ұсынды Избранное

Среда, 23 Январь 2019 04:35 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2600 раз

Шымкент қаласы Әл-Фараби ауданының әкімі Ғабит Мәуленқұлов 2018 жылы атқарылған жұмыстар аясындағы есеп беру жиынын қорытындылады. Есеп беру жиыны ҚР Президенті Әкімшілігінің бақылау және аумақтық ұйымдастыру жұмысы бөлімінің мемлекеттік инспекторы Ерғали Қуандықұлы Егемберді жəне Шымкент қаласы əкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы Нұртайдың қатысуымен өтті.

DSC 8848

Аудан әкімі Ғабит Патшаханұлы үй басқарушыларымен өтетін ай сайынғы жиын жəне аптаның əр күні таңғы сағат 9:00-10:00 аралығында тұрғындарды қабылдау жүйеге қойылғанын айтты.
Өткен жылғы жоспар аясында аудан аумағындағы бірқатар жұмыстар толық орындалса, үйлердің ауласына ойын алаңшалары мен спорттық сауықтыру элементтерін орнату жоспары артығымен орындалған.
– Әл-Фараби ауданында 400 аула болса, оның жартысына алаңшалар, спорттық сауықтыру құрылғылары орнатылып, бірқатары қайта жөнделді. Алдағы уақытта қалған 200-дей аулада бұл бағыттағы жұмыстар жоспарға сәйкес жалғасады, – дейді Ғ.Мәуленқұлов.

Қала орталығында атқарылған көріктендіру және санитарлық тазалық жұмыстарына 7 мердігер мекеме жауапты болса, одан бөлек жергілікті 45 мыңнан астам тұрғынның қатысуымен 30 рет сенбілік ұйымдастырылған. Тұрғындарды «Таза қала» акциясына қатысуға шақыру, сүйікті қаласына деген құрметін арттыру мақсатында атқарылған жұмыстар нәтижесінде Әл-Фараби ауданы қаланың «Ең үздік ауданы» деп танылды.

Аудан аумағында 2011 жылдан бері көпқабатты 52 тұрғын үйдің қасбеті жаңарса, 2019 жылы тағы 22 үй күрделі жөндеу жұмыстарына дайын. Бұл жұмыстар қала бюджетінен қаражат қаралғаннан кейін «Өңірлерді дамытудың 2020 жылға дейінгі бағдарламасы» аясында іске аспақ.

Халқы тығыз орналасқан орталық ауданды төтенше жағдайлардың алдын алу мақсатында 6 рет оқу-жаттығу жиыны өткізілген.
Ал ауданның кәсіпкерлік саласы тағы 36 ірі кəсіпкерлік нысанмен толығып, жаңадан 3800 тұлғаны бос жұмыс орындарымен қамтамасыз еткен. Сонымен қатар, «Даму» кәсіпкерлікті дамыту қоры, «Ырыс» шағын несие ұйымы, жергілікті Кəсіпкерлер палатасы мамандары және екінші деңгейлі банк өкілдерінің қатысуымен ауыл шаруашылығы бағытындағы 15 жоба мақұлданып, оларды қаржыландыруға 70 млн теңге көлемінде бөлінген.

«Біз біргеміз» акциясы аясында мүмкіндігі шектеулі азаматтарға қол жетімді орта құру мақсатында жүргізілген түсіндіру жұмыстарының нəтижесінде 12 балабақшаға жəне көше бойында орналасқан 971 ірі нысанға пандус орнатылған. Ал мүгедектердің құқығын шектегені үшін 5 жекеменшік нысанға құзырлы мекемелер тарапынан 3,1 млн теңге көлемінде айыппұл салынған.

DSC 9010

Есеп беру жиынында тұрғындардың көпшілігі спорттық сауықтыру орталықтарын орнатып беруді сұраса, біразы көпқабатты тұрғын үйлердің қасбетін жаңарту бойынша өтініштерін жеткізді. Әл-Фараби ауданының қорытынды есебінде жалпы 24 сұрақ түсті. Оның 9-ына жауапты сол сәтте алса, қалған 15-іне және алдыңғы есептік жиындарда тіркелген, сондай-ақ, алдын ала орнатылған жәшіктерге түскен сұрақтаға жауап құжаттар негізінде берілетін болады.

ҚР Президенті Әкімшілігінің инспекторы Ерғали Егемберді халық тарапынан қойылған сұрақтар мен өтініштерді мұқият жазып алды. Ал есеп беру жиынын қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Ырзақұлұлы түйіндеді.
– 2018 жылы біраз жұмыстар атқарылды. Шымкент қаласы тарихының жаңа беттері ашылды. Шымкент – еліміздегі республикалық маңызы бар ірі мегаполистер қатарына енді. Бүгінде коммуналдық шаруашылық, инфрақұрылымдық жұмыстардың және басқа да саладағы көптеген сұрақтардың шешілуі жеделдеді. Ұсыныстар мен сұрақтарды бұрынғыдай орталық қаладан облысқа жолдаудың қажеті жоқ. Шымкент – дербес қала. Сондықтан қаладағы кез келген сала бойынша өзекті сауалдар ҚР Министрліктеріне жолданады.

Қаланы мұндай мәртебеге жеткізген халықтың демографиялық өсімі. Шымкенттік тұрғындар саны 2018 жылы 1 миллионнан асты.
2019-2020 жылдары да тарихи маңызы зор өзгерістер жалғасын табады. Цитадель, Қошқар ата өзені мен Ескі қала аумағын абаттандыру жұмыстары, теміржол вокзалы мен Қажымұқан атындағы орталық стадионның қайта құрылуы жыл соңына дейін аяқталуға тиіс. Сонымен қатар, Мемлекет басшысының Жолдауына байланысты жастарды қолдау бағытында биыл ауқымды жобаларды қолға аламыз. Ал Елбасымыз Нұрсұлтан Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» және «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы аясында ұлттық құндылықтар мен ел тарихындағы жаңа зерттеулер кеңінен насихатталады, – деді Қ.Нұртай.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.