Жаңа оқулықтар жаңа кеңістікке шақырады Избранное

Среда, 23 Январь 2019 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3056 раз

«Біздің әлеуметтік және гуманитарлық біліміміз ұзақ жылдар бойы бір ғана ілімнің аясында шектеліп, дүниеге бір ғана көзқараспен қарауға мәжбүр болдық. Әлемнің үздік 100 оқулығының қазақ тілінде шығуы 5-6 жылдан кейін-ақ жемісін бере бастайды».

Н.Ә.НАЗАРБАЕВ

16

Мемлекет басшысының «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында айтылған «100 жаңа оқулық» міндеті бүгінде жүзеге аса бастады. «100 жаңа кітап» жобасы аясында жарық көрген 18 оқулық 10 000 данамен еліміздегі 110 оқу орнына таратылса, соның біршамасы М.Әуезов атындағы Оңтүстік Қазақстан мемлекеттік университетіне жеткізілген-ді. Бүгінде оқу орнының студенттері оқытушыларымен жарыса, жаңа кітаптарды оқып, танысуда.

Әуелі университеттің тәрбие ісі және жастар саясаты жөніндегі департамент директоры Сәкен Мәжінбековті сөзге тарттық.
– Клаус Швабтың «Төртінші индустриялық революциясын» оқып шықтым. Қазіргі замандағы болып жатқан өзгерістің басым бөлігі ХХ ғасырда орын алып жатқаны, адам баласы өркениетінің 70%-ы осы ғасырда болғаны туралы баяндалады. Яғни, бұл ғасырдағы уақыт ағымы бұрынғыға қарағанда 5 есе жылдамдыққа артса, ХХІ ғасырда бұл көрсеткіштер 7 есеге өскен. Тарихшылар жаратылысты дәуір-дәуірге бөліп зерттейді ғой. Міне, осылай дәуірмен айтатын болсақ, қазір мен тарихтың төртінші дәуірін көріп отырмын. 1989 жылы интернет әлемді ауыздықтағалы ақпараттық дәуір басталды. Ал 2008 жылы әлем цифрлы дәуірге өтіп кетті. Осы цифрлы дәуірге көшуге өз қаражатын жұмсап, жетістікке жетуді көздеген 15 елдің қатарында біздің Қазақстан бар. Ықыласты елдердің бірқатары белгілі, атынан ат үркетін мемлекеттер. Олардың қаражаты сарқылмайтын кен сияқты. Дамыған елдер. Сондықтан біз өз елімізде атқарылып жатқан жұмыстардың қадірін білуге міндеттіміз. «Цифрлы Қазақстан» мемлекеттік бағдарламасы аясында атқарылған жұмыстарға зер салып, технологияның қыр-сырын мұқият меңгеріп алудан жалықпауымыз қажет. 2015 жылы әлем жасанды интеллектке бет бұрды, – дейді Сәкен Аралбайұлы.

С.Мәжінбеков айтқан жасанды интеллект – адам ойын компьютерде бейнелейтін программалық жүйе. Осы жүйені іске қосу арқылы ғалымдар 2030 жылы адам атқаратын жұмыстың 80-90%-ын жасай алатын роботтар ойлап таппақ. Бұл, әрине, технология саласының үздіктері үшін зор жетістік. Алайда, жұмыстың бәрін роботтар атқарса, адамдар немен айналысады? Біз үшін аса қорқынышты сауал емес. Бізде мал бағатын, ет өндіретін, бидай өсіріп беретін робот шыға қоймағанын алға тартқан Сәкен Аралбайұлы әлі де болса бұл тұрғыда ұтарымыз мол дегенді айтады.

– Біздің кезеңде білімділер мен біліктілер бір-бірімен жарысатын. Ал қазір адам мен компьютер бәсекелесетін заман туды. Осыны жастар түсінуі керек. Швабтың туындысы жастарға осы жағын көзге елестетіп бере алатындай керемет оқулық, – деп түйіндеді ойын С.Мәжінбеков.

«100 жаңа кітап» жобасы аясында жарық көрген 17 оқулық бүгінде М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың барлық корпусына жеткізілген. Әрбір оқу корпусында бірнеше оқу залы бар. Оқу залынан студенттер бос уақытында 17 оқулықтан таңдағанын алып оқи алады. Себебі, онда әр кітаптың бірнеше данасы бар.

20

– 18 кітаптың 14-і түрлі салаға арналған. Атап айтқанда, 4 кітап философияға, 3 кітап психологияға арналған. Социология мен лингвистика бағытында да екі-екіден кітаптар жарық көрген. Экономика, кәсіпкерлік пен менеджмент саласына да арналған оқулықтар бар. Ал қалған 4 кітап кез келген саланың адамын қызықтыратыны даусыз. Олар – «Медиа этика», «Төртінші индустриялық революция», «Кәсіпкерлік», «Көпке ұмтылған жалғыз». Бұл кітаптарды оқыған адам психологиялық-моральдық тұрғыда азамат ретінде қалыптасып, бүгінгі қоғамда зор сұранысқа ие тұлғаға айнала алады. Яғни, бірі ақпараттық саланың қыр-сырымен таныстырса, екіншісі технологиялық мүмкіндіктердің игілігін қалай арттыруға, пайдалануға болатыны жайлы баяндайды. Ал көпшілікке арналған кітаптің бірі кәсіп ашамын деген әр адамға зор кеңесші, «көпке ұмтылған жалғыз» кісіні психологиялық тұрғыдан толықтыра түседі, – дейді саясат ғылымдарының кандидаты, доцент Сәуле Жақсыбайқызы.

Университеттің «Сұраншы батыр» атындағы тарихи тұлғаларды тану орталығының жетекшісі Сәуле Рысбаева «100 жаңа кітап» жобасы аясында жарық көрген кітаптарды студенттерге таныстырып, түсіндіруден жалыққан емес. «Студенттер осыны білсе екен», «қызығып, кітапты іздесе, оқыса» деген ықыласымен қай кезде де таңдаулы кітаптарды насихаттаудан шаршамайды. Тіпті, «Шымкент келбеті» газетінің ұжымымен бірге «100 жаңа кітап» жобасы аясында студенттермен кездесу ұйымдастыруға да әзір екенін айтып, қуантты.
Ал жастар не дейді?

М.Әуезов атындағы ОҚМУ-дың Заңтану фаультетінің ІІІ курс студенті Жасурбектен кітап туралы пікірін сұрадық.
– Елбасымыз «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» бағдарламалық мақаласында «Бізге инженерлер мен дәрігерлер ғана емес, қазіргі заманды және болашақты терең түсіне алатын білімді адамдар да ауадай қажет» деді. Осы мақсатта әлемнің ең беделді оқу орындары қолданатын оқулықтар қазақ тіліне аударыла бастағаны әуелі біздердің, студент жастардың қуанышы. Қазір сабақтан тыс уақытта қолымыз қалт етсе, бүгінде жарыққа шығып үлгерген 18 кітапты біртіндеп оқуға бет қойдық. Әлемнің ең үздік ғалымдары мен профессорлары жазған кітап бойынша білім алуға қолымыз жетті. Қазір аударылған 18 кітапты оқып тауыспасақ та, келер жылы қолымызға тиетін тағы 30 кітапты асыға күтудеміз. Онда не айтылатыны, ол кітаптардың тағы қандай бағыттарға ынтықтыратыны бізге әрқашан да қызық, – дейді Жасурбек Жұматаев.

«100 жаңа кітап» жобасы аясында қазақ тіліне аударылған оқулықтарға қолы жеткен студенттерге қызыға да, қызғана да қарайсың. Қызғанғаның сол, «шіркін-ай, осындай жағдай жасалған заманда студент болсам ғой» дейсің. Қызыққанымыз да сол, студенттер сабақтан тыс уақытта бос және сол уақыттарын Оксфорд, Кембридж, Гарвард, Корнелл, Стэнфорд, Беркли сынды университеттерге белгілі кітаптарды оқуға жұмсай алады. Дегенмен, біздің қызығушылығымызға университет қызметкерлері құрмет танытып, «оқу залдарының есігі сіздер үшін де ашық» деп кітап оқуға шақырды. Мұндай мүмкіндікті неге пайдаланбасқа? Әлбетте, кітап оқуға барамыз!

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.