БІРЖАН БАЙТУОВ: ШЫМҚАЛАНЫҢ ДАРЫНДЫ ЖАСТАРЫНА ҚОЛДАУ ЗОР

Среда, 23 Январь 2019 11:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 6755 раз

– Ұлы даланы мекен еткен бабаларымыз «Құсты қанат ұшырады, жасты талап ұшырады» деп ұлағатты сөз қалдырған екен. Жас толқынға үлкен үміт артып, бір жағынан оларға жігер беріп айтса керек. Қай дәуірде болмасын, жастар – қоғамның қозғаушы күші, аға буынның ізін басқан арқасүйер тірегі.

 

814

Астанадағы бүгінгі Елбасы Нұрсұлтан Назарбаевтың қатысуымен өткен салтанатты шараны шымкенттік жастардың ортасында отырып онлайн режимде мұқият тыңдадым. Елбасының сөзі жігерімізге жігер қосып, бәрімізге шабыт сыйлады. Президент өз сөзінде Қазақстанның болашағын жастарға сеніп тапсыруға болатынын айта келе, еліміздің ірі қалаларында жастар үшін жылына 1 мың пәтер салынатынын айтты, сондай-ақ білім сапасына ерекше назар аударып, әр өңірлерде үздік 10 колледжді құруды тапсырды. Бұл – жастарға үлкен қолдау болады деп ойлаймын.

 

 

Менің өзім де жаспын. Шымкент қаласының тұрғынымын. Білесіздер, қазір миллионды қала тұрғындарының жартысына жуығы – жастар. Елбасымыздың бұған дейін «Шымкент – жастардың қаласы» деп ерекше атап өткені есімізде. Жас буынының өкілі ретінде айтарым, бүгінде Шымкентте жастарға мемлекет тарапынан айрықша қолдау көрсетілуде. Кәсіпкерлік, ғылым, спорт т.б. салаларда үздік жетістікке жетіп жатқан замандастарым көп. Өткен айда қала әкімі Ғабидолла Әбдірахымов «Дарын» жастар сыйлығының иегерлерін арнайы қабылдаған еді. Сонда ұсыныстарымызды айтып, жастармен жұмыс істеу барысындағы жоспарлар жайында кеңірек сөйлескенбіз. Әкім мырза «Мегаполис шаһарда үлкен деңгейде айтыс өткізейік, соның жобасын дайындаңдар» деп нақты тапсырма жүктеп жіберді. Жаңашыл әкіммен жалынды жастар бірігіп жұмыс істесе, біраз белестерді бағындыратынымыз даусыз.

 

 

Түгел сөзді түйіп айтқан халқымыз «Білекті бірді, білімді мыңды жығады» дейді. Әрине, алға қойған мақсатқа қол жеткізу үшін қоғамға білікті де білімді мамандар керек. Шымкент қазіргі таңда республикамызда дербес қала мәртебесін иеленіп, сондай мамандарды даярлайтын орталық ретінде қалыптасуда. Көріп, байқап, көңілге түйіп жүреміз, Шымшаһарда білімді жастар өсіп келеді. Бір сөзбен айтқанда, қаланың дарынды жастарына қолдау зор. Таяуда Әл-Фараби ауданы әкімінің есеп беру жиынына қала тұрғыны ретінде қатыстым. Сол жиында қала әкімінің бірінші орынбасары Қайрат Нұртай Шымкентте «Рухани жаңғыру» орталығы ашылатынын айтты. Мұнда халқымыздың салт-дәстүрі, терең тарихы жан-жақты таныстырылмақ. Бұл орталықтың шымкенттік жастарға, яғни өскелең ұрпақ үшін берері мол болады деп есептеймін.

 

Біржан Байтуов,
айтыскер ақын,
«Дарын» жастар
сыйлығының иегері

 

Последнее изменение Среда, 23 Январь 2019 11:52
Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.