Жастарды бір мақсатқа біріктірген «U:hack» Избранное

Среда, 06 Февраль 2019 04:43 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 224 раз

Үшінші мегаполисте алғаш рет «U:projects» қоғамдық бірлестігі және «Shymkent» әлеуметтік-кәсіпкерлік корпорациясының ұйымдастыруымен  «U:hack» инновациялық идеялар фестивалі өтті. «U:hack» ағылшын тілінен аударғанда «Сен түзет» деген мағынаны білдіреді. Яғни, жастарға жалқаулығын жеңіп, өз өмірі мен қалаға өзгеріс жасауға шақырған мотивация. Жастар жылы аясында бастау алған жобаға көршілес Ресей, Өзбекстан, Қырғызстан және елімізден жалпы саны 1000-ға жуық адам қатысты.

DSC 1239-1-1

Екі күнге жалғасқан фестивальде ақпараттық технология, контент пен медиа, кино және видео, кәсіпкерлік тақырыбында секциялар ұйымдастырылып, танымал спикерлер арнайы тренинг өткізді.

«U:hack» инновациялық идеялар фестивалінің алғашқы күні әр секцияда өте өзекті мәселелер қозғалып, жастар тәлімгерлерді тапжылмай тыңдады. Әсіресе, контент және медиа, кәсіпкерлік бөлімдеріне қызығушылық танытқан жастардың қарасы қалың болды. Кездесу барысында кәсіп бастау мен медиа салаларын дамыту бойынша елімізге белгілі медиа-маман, блогер Әлішер Елікбаев WOWtоyotacamry70 жобасын мысалға ала отырып, жастарға қалай қызықты мәтін жазып, ол арқылы қаржы табуға болатынын айтты.

Зәуре Розмат «The steppe» жастар порталының жетекшісі ретінде бүгінгі онлайн журналдар туралы кеңінен әңгімеледі. Ал «Давай сходим» сайтының маманы Жәнерке Баубекқызы smm және копирайтертинг жайында толыққанды мағлұмат берді. Жас бизнесмен Фархат Әбдіқадыр болашақ кәсіпкерлерге қалай бизнес жүргізу керек екеніне тоқталып өтті.

Жастарды бір мақсатқа біріктірген ауқымды жобаға режиссер Серік Таласов пен Қыран Талапбек, колорист Виталий Бужан спикер ретінде қатысты. Олар кино жəне видео саласына қызығушылық танытқан əрбір жасқа идея беріп, тәжірибелерімен бөлісті.
Жастар қазақ киносының бүгіні мен ертеңі, режиссер мамандығының қыр-сыры, сапалы кино түсіру жайлы ұтымды кеңестерді тыңдады. Сондай-ақ өздерін қызықтырған сұрақтарға да жауап алды.

«ChocoFamily» холдингінің негізін қалаушы Рамиль Мухоряпов пен «Thousand IT» компаниясының жетекшісі Айболат Құлатай бағдарламалау, сайт және робот құрастыру жайын баяндады.
Айта кетейік, түнгі уақытта да жұмыс істеушілер үшін «Chaplin’s Coffee» және «Global Coffee» кофейнялары ашық болды.

DSC 0824

Бұл фестивалде жергілікті жастардың да туындылары таныстырылды. Шымкент қалалық №65 мектептің оқушыларынан құралған INO командасы қазақша сөйлейтін роботын таныстырды. Мобильді қосымшамен басқарылатын сервистік робот өздігінен қозғалып, қазақша қойылған сұрақтарға жауап бере алады. Жоба авторы Елдос Тұранның айтуынша, бұл робот құрастыруға 1 апта уақыт жұмсаған. Оны Ino.Lab инновациялық зертханасында жасап шыққан. Жас өнертапқыштар бүгінде аталған зертханада ақпараттық технология саласын меңгеріп жүр. Олар болашақта жасанды интеллектпен жұмыс істейтін осындай роботтарды көптеп жасамақ.

Осылайша бір жетіде құлтемірді қазақша «сайратқан» жасөспірімдердің еңбегін елге таныстырған фестиваль мәресіне жетті. 24 сағаттық бәсекеде үздік шыққан жоба авторлары анықталып, жас жеңімпаздарды Шымкент қаласының әкімі Ғабидолла Әбдірахымов марапаттады.
Іс-шараға қатысқан шаһар басшысы алғаш рет ұйымдастырылып отырған байқауға оң бағасын беріп, қаланың жалынды жастарына сәттілік тіледі.

– Республикалық маңызы бар қала барлық жағынан бәсекеге сай болуы керек. Бүгінгі байқауға еліміздің үздік жастары қатысып отырғанына сенімдімін. Біз жастарға қолдау көрсетуге әрқашан дайынбыз. Биыл Жастар жылы аясында ауқымды жобалар жүзеге асырылады, - деді Ғабидолла Рахматоллаұлы.

Сонымен IT бөліміне ұсынылған 50 жұмыстан үздік үш жоба іріктелді. Нәтижесінде бірінші орынды ақылды арба ойлап тапқан «Jastar-INOLAB» өнертапқыштар командасы, екінші орынды «Solvet team» тобы, ал ақылды жылыжай жобасын ұсынған «Creat IT» үшінші орынды иеленді. Контент және медиа секциясында 30 жоба ішінен білім беру саласын дамытуға бағытталған «Doge komek» командасының жұмысы үздік деп танылды. Екінші орын «Speak Up» тобына, ал үшінші орын заманауи граффит бейнелеу өнерін қолға алған «Steet art» қыздар командасына бұйырды.

Кәсіпкерлік бөлімінде 74 жоба әділ қазылардың назарына ұсынылды. Сабын өндіру бизнесін қорғаған «Tean dream» тобы бірінші орынды жеңіп алса, ұлттық нақыштағы зергерлік бұйымдар орталықтарын жандандыруға ниетті «Шашбау» командасы екінші орынға ие болды. Ал жастар арасындағы ажырасуды азайтудың оңтайлы жолын ұсынған тараздық «Kelin Master» командасы үштікті қортындылады. Кино және видео секциясында алғашқы орнынан «Cross crew» командасы көрінсе, «Hucking perfect» тобы екінші, елордалық команда үшінші орынды еншіледі.

Бұл реткі озық идеялар байқауының ерекшелігі өте қысқа уақыт ішінде ойда жүрген дүниелерді жобаға айналдырып, оны дамытуға қаржылай қолдау алуға мүмкіндік беріп отыр. Осы ретте жоба жеңімпаздарымен қатар үздік инновациялық жұмыстар ұсынған 3 командаға жалпы жүлде қоры 2 миллион теңгені құрайтын ақшалай сыйлық табысталды.

Ұйымдастырушылар фестивалді жылына екі рет өткізуді жоспарлап отырғанын және оның кез келген жастың креативті идеясын жоба прототипіне айналдыратын жастар алаңына айналатынын айтады. Аталған алаңда ең үздік әлеуметтік жобаларға баса назар аударылып, бастамашыл жастардың тың ұсыныстарына қолдау көрсетілетін болады. Бұл өз кезегінде жастарды кәсіпкерлікке баулуда тиімді құралға айналады. Іс-шара соңы Darkhan Juzz бен Chaplins music station тобы ұсынған музыкалық бағдарламаға ұласты.

DSC 1121