Ардагерлермен кеңесті Избранное

Пятница, 08 Февраль 2019 04:27 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3632 раз

Шымкент қаласының ардагерлері және зиялы қауым өкілдері Шымкент қаласы мəслихатының депутаттарымен Елбасының «Ұлы даланың жеті қыры» атты мақаласы төңірегінде пікір алмасып, еліміздің ертеңі болар жастардың тəрбиесіне байланысты ойларын ортаға салды.

ардагерлер мен депутаттар

Дөңгелек үстелді Шымкент қаласы мəслихатының хатшысы Ғани Ташқараев ашып, мəслихаттың атқарған жұмыстары жайлы мəлімдеме жасады. Алқалы жиынға қалалық ардагерлер кеңесінің төрағасы Исамудин Рысбай бастаған Мамыт Құрманбеков, Бекет Тұрғараев, Махамбет Сапарбаев сынды ел ағалары мен Хабибі Есенқараева, Сайлаукүл Барахова, Балхия Көмекбаева сынды елге сыйлы ханымдар қатысты.

– Президентіміз Нұрсұлтан Назарбаев «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласында тарихты тереңнен қозғап, әлемдік деңгейдегі мәселенің түйінін ағытты. Елбасы мақаласына Түркия, Өзбекстан, Қырғызстан, басқа да елдердің қоғам қайраткерлері, ғалымдары, елшілері қуана үн қосты. Біз «мәдениет Батыстан басталады» дейміз. Олай емес, мәдениет те, өркениет те Шығыстан бастау алған. «Ұлы Жібек жолының» бойымен жүріп өткендерге жайлы қоныс болудың өзі қазақ жеріндегі қонақжайлылықты көрсетеді. Яғни, бүгінгі туризм деп атап отырған үрдіс сол заманда көрініс тапқан, – деді Бекет Тұрғараев.

Елбасы мақаласына орай баяндама жасаған Б.Тұрғараев бір ғана «Атқа міну мәдениеті» ұлы даланың ат баптау, атты әскерді қалыптастыру өнерінің отаны екенін атап өтті.
Күн тәртібіндегі екінші мәселе – «Жастары белсенді елдің ертеңі жарқын» тақырыбында өрбіді. Мыңжасар Асқаров жастарды отансүйгіштікке тәрбиелеу Мемлекет басшысының мақаласын дәл түсіндіруден, тапсырмаларын дұрыс орындаудан басталатынын айтты.

– Шымкентте тұрып кафе-тойханаға барсаң, олардың аты басқа елді еске салады. Аттап бассаң «Ташкент палауы». Күріші – Қызылордадан, суы – Шымкенттен, сәбізі мен пиязы да осы жердікі, еті – Қазығұрттан болса, тұзы – Аралдан. Жұмыртқасы болса да, болмаса да «Шымкент құстан» екені анық. «Шымкенттің палауы» десек, тақиямызға тар келе ме? Әрине, тарихи қала Ташкентті құрметтеу керек. Бірақ Шымкентті де ұмытпаған жөн шығар? Отанды сүю осындайдан басталады. Біздің кәсіпкерлеріміз де бұл жағын ойлана жүруі тиіс, – деді М.Асқаров.

Ардагерлер мен зиялы қауым өкілдері Шымкент қаласы мәслихатының депутаттарына кеңесін айтып, ұсыныстарын білдірді.
– Ұлттың болашағы жастар, ал діңгегі – бүгінгі басқосуда отырған біздің зиялыларымыз, ардагерлеріміз. Біз осы аға-апаларымыздың жанында жүріп, «Өмір» деген үлкен академияның сабағын алдық. Ағалардың баяндамасында айтылған өзекті мәселелерді ескереміз. Олардың орындалуына осында отырған Шымкент қаласының барша мәслихат депутаттары ықпал етеміз, – деді депутат Еркін Сатқанбаев.

Ал Шымкент қаласы мәслихатының хатшысы Ғани Ташқараев ел ынтымағының ұйытқысы деп білетін ардагерлерді сыйлап, жиынды қорытындылады.

Ақмарал МОЛДИЯРҚЫЗЫ

2004 жылы ОҚГА, журналистика факультетін бітірген. Бұған дейін «Ақиқат-Истина», «Оңтүстік спорт» газеті мен «Ерқанат-спорт» баспасөз орталығында, «Ернұр» корпорациясында және М. Әуезов атындағы ОҚМУ-да жұмыс істеген. 2016 жылдың мамыр айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі.