АТА ДӘСТҮР – ҰЛТТЫҚ МӘДЕНИ ҚҰНДЫЛЫҚ

Пятница, 08 Февраль 2019 04:40 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3483 раз

Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Ұлы даланың жеті қыры» бағдарламалық мақаласы қоғамда, әсіресе, өнер саласының майталмандары арасында кең көлемде талқыланып, рухани мұрамызды және мәдениетті жаңаша бағамдауға, заман талабына сай өркендей түсуіне жол ашатын ауқымды жобаны іске асыруға бағыттады.

55

Елбасы мақаласының, әсіресе, «Тарихи сананы жаңғырту» атты екінші бөлімінде көтерілген мәселелер жан-жақты ой елегінен өткізіп, терең зерделеуді талап етеді. Сондай-ақ біздің дүниетанымымыздың, халқымыздың өткені мен бүгінгі және болашағының іргелі негіздеріне тікелей қатысты. Бұл жұмысты бірнеше ірі жобалар арқылы бастауға болады деп атап өтті.

«Ұлы дала» атты ежелгі өнер және технологиялар музейін ашуға толық мүмкіндігіміз бар. Оған озық өнер мен технология үлгілерін – аң стилінде жасалған бұйымдарды, «Алтын адамның» жарақтарын, жылқыны қолға үйрету, металлургияны дамыту, қару-жарақ, сауыт-сайман дайындау үдерісін көрсететін заттарды және басқа да жәдігерлерді жинақтауға болады. Онда Қазақстан жерінен табылған құнды археологиялық ескерткіштер мен археологиялық кешендердің экзпозициялары қойылады. Бұл заттар тарихи дәуірлердің қандай да бір кезеңіндегі әртүрлі шаруашылық салаларының даму үрдісін көрсетеді.

IMG 8617

Елбасымыздың бағдарламасы аясында және көркем еңбекті зерттеуші ғалымдардың тұжырымдарына сүйене отырып, халық арасындағы дәстүрлі қолөнерін, яғни кілем тоқу өнерін жаңғыртып, жаңаша әдіс технологиялармен шығармашылық жұмыстар істеп, көрмелерге қатысып жүрген суретші-гоболенші Құттыбек Жақыптың шығармашылығын халық арасында көрсетсек, келешек жастарға көркем білім беруде құнды дүние болары даусыз.

Халық арасында «Текеметтi төрге шығарған Құттыбек» деп айтылып жүруінің өзі өнер адамының бәріне бұйыра бермейтін бақыт. Сол бақыттың құсын басына қондырып, өнер өлкесінде үздік үлгісімен дараланған азаматтардың бірі – шымкенттік белгілі суретші, ҚР Суретшілер Одағының мүшесі, ҚР Мәдениет қайраткері Құттыбек
Жақыпов. Ол – кәсіпқой қолданбалы қолөнер шебері, кілемді өрнектеп, киізге ою басқан, қазақи дәстүрлі өнерге жаңаша леп әкелген азамат.

– Дәстүрді, тарихты ешқашан аяқ асты етпеу керек. Қолөнер дегеніміз – бұл ата-бабадан мұра болып келе жатқан шоқтығы биік өнер. Бұл туындылардан қазақ халқының жүріп өткен жолын аңғаруға болады, - дейді шебердің өзі.

Осы айтылған төл өнерімізді жаңғырту мақсатында Шымкент қаласындағы облыстық бейнелеу мұражайында Құттыбек Жақыповтың Қазақ хандығының 550 жылдығына арналған «Жаңғырық» атты шығармашылық көрмесі халыққа ұсынылды. Өнерсүйер қауымға ерекше сюжетті текемет, тоқыма, гобелендік шығармаларын таныстырған шебердің көрмесіне көрермен көп жиналды. Суретшінің, әсіресе, «Жекпе-жек», «Сүйінші», «Құйын», «Шағылыс», «Тұңғиық» атты гобелендері келушілердің көңіліне ой салып, сүйсінісін тудырды.

Айта кетейік, Жақып Кұттыбектың еңбектері Мәскеу қаласындағы Шығыс мемлекеттік музейінде, Түркіменстан бейнелеу өнері музейінде, Қазақстан Республикасының Тұңғыш Президенті музейінде, Түркия мемлекеттік өнер және мүсін музейінде, Қазақстан Республикасы Ұлтық музейінде сақтаулы. Сонымен қатар Тәуелсіздік сарайы және Мәдениет және спорт министрлігінің көркемсурет көрмелер дирекциясында, Атырау облыстық тарихи өлкетану музейінде, ТМД және шетел галереяларынан орын алған.

2018 жылы 10 тамызда Бішкектегі Г.Айтиев атындағы Қырғыз ұлттық сурет өнері музейінде қазақтың майталман суретшісі, гобелен-түкті тоқыма өнерінің хас шебері Құттыбек Жақыптың «Ұлы Дала әуені» атты көрмесі ашылды. Көрме заңғар жазушы Шыңғыс Айтматовтың 90 жыл¬дық мерейтойына және III Дүниежүзілік көшпенділер ойындарының қарсаңында ұйымдастырылды. Көрмені қырғыз жұртшылығы, өнерсүйер қауымы жылы қабыл алды. Суретшінің қолдан тоқылған гобелендерінің көркемдігіне сүйсінген көрермен көп болды.

Көршілерді Құттыбек Жақып туындыларының өзіндік өрнегі, пәлсапасы қызықтырды. Құттыбектің құтты қолынан шыққан суреттердегі ою-өрнектер мен айшықтардан бауырлас қазақ пен қырғыздың қолөнерінің бастауы бір екені айқын аңғарылды. Көрмеге суретшінің «Ұлы Дала», «Балдәурен», «Қансонар», «Ақ түйе», «Тұйғын», «Ұршық», «Ағаш өмірі», «Театр» және басқа елуден аса түкті тоқыма полотносы қойылған.

ҚР еңбек сіңірген өнер қайраткері, ҚР Мемлекеттік сыйлығының лауреаты Амандос Ақанаев «Құттыбек ұлттық құндылықтарға жастайынан сусындап өскен. Ол шежірелерді, аңыздар мен ертегілерді, өсиет әңгімелерді терең білетінімен ерекшеленеді. Сондықтан болар, оның шығармалары нағыз құндылықтарға, Отанына, халқына және оның мәдениетіне деген шынайы махаббатпен астасып жатыр», – дейді.

Дамыған 30 елдің қатарындағы елдермен бірге іргелі ел болуға, ұлт болуға, мемлекеттік тілді, халқымыздың тарихы, мәдениетін, өнерін жаңғырта білетін, қазақтың жанын ұға алатын, елінің саясатынан хабардар, өз саласының бәсекеге төтеп бере алатын нағыз маманын дайындау – Елбасымыздың алдымызға қойған басты міндеті.

М.Тәңірбергенов,
ОҚМПУ кәсіптік-шығармашылық
факультетінің деканы, п.ғ.д., профессор

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.