Еріктілердің еңбегі еленсе...

Пятница, 08 Февраль 2019 04:53 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 136 раз

Қоғамда өзгеге көмектесіп, игі іске жақын жүретін жандар аз емес. Олар әртүрлі іс-шараларға қатысып, ерікті болып қызмет етеді. Сондай іске жастық ерік-жігерін арнаған жастың бірі Данара Сарановамен әңгіме «ASAA» жастар қоғамдық бірлестігі төңірегінде өрбіді.

Москва1

Ұйым президенті облыс, қала көлемінде үздіктер қатарында көрініп, нәтижелі жұмыс жүргізіп жүрген жастар қоғамдық бірлестігінің қалай құрылғанын, бүгінге дейін жеткен жетістіктерімен бөлісті.

– Бұл ұйым 8 жыл бұрын жастарды дамыту мақсатында құрылған болатын. Қоғамдық бірлестік өз жұмысын бастағаннан күні бүгінге дейін жастармен бірге өсіп, өркендеп келеді. Бұл – бізді оқытқан ұстаздардың идеясынан туындаған ұйым, – дейді Д.Саранова. – Дәлірегі мектепті бітірер жылы Access бағдарламасы арқылы екі жыл тегін ағылшын тілін үйрену грантын жеңіп алып, сәтті бітіріп шықтым. Ұстаз тілегі біздің қатысуымызбен жастардың дамуына септігін тигізетін ұйым құру болатын.

Ол біз үшін бастапқыда қорқынышты болып көрінді. Ол кезде елімізде жастар қоғамдық ұйымын құруға көмек беріп, қажетті құжаттарды толтыру, басқа да мәселелермен ақыл-кеңес айтып, жөн сілтейтін орталықтың болмады. Бірақ бұл біздің аяқтан нық тұрып кетуімізге, өз жобаларымызды жүзеге асуына кедергі бола алмады. Құрылған жылдардан бастап-ақ, АҚШ елшілігі ұйымдастырған гранттарын жеңіп алып, түрлі салалардың спикерлерінің тренингтерін ұйымдастырып келеміз.

Біздің қоғамдық бірлестік әртүрлі саланың өкілдерінен құралған. Еріктілер сапында Өзбекстан, Қырғызстан, Ресей, АҚШ елдерінің белігі ұйымдарымен серіктес болып жұмыс істейміз. Бұл ұйым менің екінші отбасыма айналып үлгерді. Тіпті, ортамызда жүріп өз бақытын тапқандар бар. Қазір олар болашақ перзенттерін күтіп жүр (күліп).

Армения 2

«АSAA» жастар қоғамдық бірлестігі өткен жылдың өзінде 2000-ға жуық жастың қатысуымен түрлі іс-шаралар ұйымдастырған. Жылда жұртшылықты ең көп қызықтырған тақырыптар аясында оңтүстіктегі аудан-қалаларда тернингтер өткізіп, өңірдегі жастар мәселесін шешуде жан-жақты атсалысуда.

– Былтыр «Самұрық Қазына Trust» қолдауымен әлеуметтік-кәсіпкерлік бағытында өткен «Әрекет» байқауында жеңіске жеттік. Біз «Дамыту орталығының» жобасын ұсынған едік. Аталған жоба аясында қызықты тренингтер ұйымдастырып, жастарды жұмысқа тарту көзделді. Бұл жоба биыл да жыл соңына дейін жалғасады.

Жақында жастарды дамту орталығын ашу жоспарда бар, - дейді жастар көшбасшысы. – Бұл мақсаттарды іске асыруда жастар ұйымдарының көмегі аз емес. Өйткені, жастар саясатындағы басты орынды алатын, жастар тарапынан көтерілген мәселелердің қыр-сырын білетін солар. Жастар ұйымдары әлемдік тәжірибеде жастар саясатын орындаушы аса маңызды субъектінің қызметін атқарады.

Оларға тиісті құқықтар беріп, тең қарастыру, пікірімен санасу қажет. Бірлестіктердің жұмысы көлеңкеде қалып қоймауы тиіс, сонда ғана олардың жұмысы жемісті болады.
Үш тілді жетік меңгерген Данара Саранова студенттік кезінен бастап ерікті болу арқылы өзіне жарқын орта қалыптастырып, үлкен тәжірибе жинағанын айтты. Сондай-ақ, Мәскеуде заңтану мамандығы бойынша магистратурада оқып жүріп, елшілікте тағылымдамадан өту мүмкіндігіне ие болған.

– Университет бітіргеннен кейін бір жыл заңгер болып жұмыс істедім. Кейін Мәскеуде магистратурада оқуға шешім қабылдап, көп уақыт созбай сол жаққа аттандым. Сабақтан тыс уақытты бос өткізбеу үшін Қазақстанның Мәскеудегі елшілігіне барып, тегін тәжірибе алдым. Тәжірибе жинау барысында түрлі ауқымды жиындарға қатыстым. Австрия, Швецария, Сербия, АҚШ сынды елдерді көріп, танымым кеңейді. Бастысы адамның өзіне деген сенімділігі. Бұл кез келген адамды алға жетелейді.

Өзіңе толық сенімді болу үшін білімің мен қатар өмірлік тәжірибең де мол болғаны абзал. Еріктілік бұл жәй ғана хобби деп қарайды. Ал негізінен бұл қоғамдық қызмет. Елдің игілігіне еңбектену деп түсінемін. Елбасының Үкіметке еріктілер қызметімен белсенді айналысатын ЖОО студенттерінің стипендиясын 30%-ға дейін көтеруді тапсырғанына қуаныштымын. Бұл үлкен қолдау деп есептеймін, - дейді Данара.

«АSAA» жастар ұйымы жастардың бойындағы көшбасшылық қасиетті дамытуға және оларға бүкіл әлем бойынша тәжірибеден өтуге жағдай жасауға бағытталған. Бұдан бөлек, АҚШ елшілігі ұсынған әлеуметтік жобалар байқауына шымкенттік жастардың тың идеяларын қосып, жеңген жағдайда оны жүргізуге көмектеседі. Аталған үкіметттік емес бірлестіктің Жастар жылына арналған жоспарлары айқын әрі сол ойға алған жобалардың жүзеге асыруға дайын.

Последнее изменение Понедельник, 11 Февраль 2019 06:26