Тарих тағлымы тұнған қала Избранное

Среда, 20 Февраль 2019 04:08 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4686 раз

Кез келген азамат өзінің туған өлкесінің тарихын білуі парыз. Бұл туралы Елбасы Н.Ә.Назарбаевтың «Болашаққа бағдар: рухани жаңғыру» атты мақаласында баса айтылған.

Ескі Шымкент

Әсіресе мақаладағы «Туған жерге туыңды тік», «Туған жерге тағзым», «Тарихи сананы жаңғырту» бағдарламаларына байланысты айтылған ойлар өлке тарихымен шұғылданатын зерттеушілердің кең көлемде жұмыс жасауына мол мүмкіндік беріп отыр.

Сонымен қатар, халқының өткен тарихына қызығатын әрбір адамға өскен ортасы мен кіндік қаны тамған аймағының, сондай-ақ ауылы мен қала-ауданының тарихи сырларын кеңінен зерттеуіне де барынша жол ашты.

Жуырда ғана тұрғындарының саны миллионға жетіп, Қазақстан Республикасы Президентінің 2018 жылғы 19 маусымдағы №702 қаулысымен республика көлемінде айрықша мәртебесі бар үшінші мегаполис атанған Шымкент қаласының тарихы тереңде жатыр.

Шымқаланың кешегі күннен бүгінге дейінгі тарихы, қаламызда өткен ғасырларда іске асқан барлық тарихи оқиғалар, сондай-ақ оның бергі кезеңдердегі өсіп-өркендеуі мен даму жолы туралы, Шымқаланың пайда болуы мен оның қалыптасуына, табиғи ерекшелігіне, кезінде бұл шаһардың кімдердің иелігінде болғандығына, өндірісі мен өнеркәсібінің қалай дамығанына, қалада іске асқан өзгерістерге қатысты деректердің барлығын Түркістан облысының мемлекеттік архивінде сақталған құжаттарынан көруге болады.

1932 жылы 10 наурызда Бүкілресейлік Орталық Атқару Комитетінің Президиумы Қазақстанда 6 облыс, оның ішінде Оңтүстік Қазақстан облысын құру туралы қаулы қабылдаған болатын. Осы қаулының негізінде Оңтүстік Қазақстан облысы құрылды.

Облыс құрамына: Арыс, Әулие-Ата, Бостандық, Жуалы, Қазалы, Қаратас, Қармақшы, Қарсақпай, Келес, Қызыл-құм, Ленгер, Мерке, Мақта-Арал, Сайрам, Созақ, Талас, Түркістан, Жаңақорған аудандары кірді. Облыс орталығы – Шымкент қаласында орналасты.

Бұрынғы Оңтүстік Қазақстан облысының әкімшілік орталығы – Шымкент қаласы – Қазақстандағы инфрақұрылымы жақсы дамыған ірі өнеркәсіптік және мәдени орталықтардың бірі. Ұлы Жібек жолы бойындағы керуен жолдарының қиылысында пайда болған бұл шаһар – Орта Азиядағы көне қалалардың бірі болып саналады.

Қала солтүстік кеңістіктің 42-ші градусы мен шығыс бойлығының 69-шы градусындағы Сырдария алқабына қарасты, Бадам және Сайрам өзендерінің аралығындағы табиғаты тамаша, тау бөктеріндегі жазық жерде, теңіз деңгейінен 506 метр биіктікте орналасқан.

Шымкент қаласының ежелгі тарихы қола кезеңінен, яғни біздің дәуірімізге дейінгі бірінші мыңжылдықтың басынан басталады. Ғалымдардың пайымдауынша, Шымкент алғашқыда Хурлуг, Нуджикес деп аталған екен. Жазбаша деректемелерде Шымкент қаласы тұңғыш рет 1366 жылы пайда болды.

Шымкент қаласы атауының мағынасы «бау-бақшалы қала», «жасыл қала», «шыммен қоршалған қала» - деген мағына береді. Мысалы, шымға қатысты қала атауы былай түсіндіріледі: Шымкент түркінің «Шым» және иранның «Кент» - қала, мекен деген сөздерінен құралған.

Жаңа шымкент

Қазақ халқының арғы тегі болып саналатын көне тайпалардың ата қонысы бергі ата-бабаларымыздың кіндік қаны тамған қасиетті мекені.

Бұдан басқа көне жазбалардың оңтүстік аймағына қатысты қандай да бір деректерінен шет қалмайтын қала іргесіндегі Қаратау мен Алатаудың, Бадам мен Арыстың, Сайрам мен Сайрамсудың тарихи мәні жарты әлемге жайылған, қала берді, біздің шаһардың даңқын көкке көтерген таулар мен өзен-сулар. Қалай десек те, Шымқала мен оның төңірегі құшағына талай жұмбақ сырларды сыйдырған мекен.

Расында, шаһарымыздың ашылмаған қаншама тарихы бар және зерттеу еңбектерден, ақиқат анықтамалардан сырт қалған сырлы дүниелері де мол.

Біздің қала көне замандарда іске асқан түрлі оқиғаларға куә болған шаһар. ХІХ ғасырдың екінші жартысында, дәлірек айтқанда 1882 жылы Ташкенттік көпес Громов және Орынборлық Савинков Чимкент қаласында қант зауытын салды.

Келесі жылы яғни, 1883 жылы орыс көпестері Савинков пен Иванов Сантонин зауытының құрлысын бастаған болатын, 1885 жылы 1 қаңтарында қомақтылау кәсіпорын ретінде Сантонин зауыты іске қосылды.

Мұндағы зауыттың негізгі де, жалғыз өндірісі дәрілік жусанның гүлшоқтарынан сантонин өндіру болып табылды. ХХ ғ. 30-40 жылдары, облыстың құрылған уақытында екі кірпіш зауыты, макарон, тігін және аяқ киім фабрикалары, жеміс-жидек өңдеу, май айдау зауыттары, цемент зауыты, Шымкент қорғасын балқыту зауыты құрылып, алғашқы өнімін берді. Қуаты жөнінен ол Одақта бірінші, әлемде үшінші орында болатын.

Қазіргі таңда Тәуелсіздігімізді алып аяққа нық тұрған сәтте адамдардың ұлттық сана-сезімі оянып, ұмыт қалған дәстүрлерімізді қайта жандардырып, ғасырлар бойы жиналған қазыналарымыз – тіл, мәдениет, салт-дәстүрімізді келер ұрпаққа жеткізу мақсатында қаламызда ұлттық мәдени орталықтар көптеп ашылуда.

Айта кетсек хайуанаттар бағы, 4 кинотеатр, көркем сурет галереясы халыққа тұрақты мәдени қызмет көрсетеді. Сондай-ақ, Абай саябағында Ұлы Отан соғысының 65 жылдығына орай мәрмәр тасқа Оңтүстік Қазақстан облысының 142 мың майдан ардагерлерінің есімдері қашалып жазылған «Даңқ» мемориалы мен «Мәңгілік алау» обелискісі бой көтерді.

Қазақ халқы үшін есімдері қастерлі саналатын Төле, Қазыбек, Әйтеке билер есімдерімен аталатын көшелердің қилысқан жері Ордабасы алаңында бой көтерген Тәуелсіздік монументі «Жер-Ана» және «Тәуелсіздік алаңы», Ж.Тәшенов көшесінің бойы, көл маңында «қазақ вальсінің королі» атанған Шәмші ағамызға арнап «Шәмші әлемі» демалыс орны мен заманауи үлгіде бой көтерген Неке сарайы, Ж.Шанин атындағы қазақ драма театры, Түркістан сарайы, «RIXOS-KHADISHA» қонақ үйі, «Шымкент-plaza» орталықтары салтанатты түрде ашылды.

Ш.Қалдаяқов атындағы филармониясы мен Абай және Дендро саябақтары күрделі жөндеуден өтіп халық игілігіне ұсынылды. Сондай-ақ, «Асар» шағынауданында Шымкент қалалық балалар ауруханасы ашылды және «Шымкент-сити» мөлтек ауданының құрлысы қарқынды жүріп жатыр.

Шымқала маңы ежелден суларында ерекше қасиет бар бұлақтар шығып жатқан нәрлі жер, жері құнарлы, шөбі шүйгін, мал жайылымына қолайлы, өзен-сай жағаларында өздігінен өнген табиғи жеміс-жидектері мол, қамысы мен түрлі ағаштар нуының арасында аңның мың түрі өрген көрікті алқап, табиғаты мен климаты адам тіршілігіне жайлы мекен.

Осының барлығы ертедегі ата-бабаларымызға Шымқала аумағын жиірек қоныстануға ықпал етсе керек. Қай заманда болса да, адамдар ең бірінші сулы алапта көбіне орныққан. Бұл сұраныста да Шымқала аймағы барлық талаптарға сай келген.

М.Әмірбекова,
Түркістан облысы
мемлекеттік архивінің археографы

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.