АДАМҒА АЛҒЫС АЙТА АЛМАҒАН, АЛЛАҒА ШҮКІРШІЛІК ЕТЕ АЛМАЙДЫ Избранное

Пятница, 01 Март 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 4543 раз

Бақтыбай қажы Бейсенбаев,Қазақстан мұсылмандары діни басқармасының Шымкент қаласыбойынша өкіл имамы:

maxresdefault

Құран Кәрімде: «Сонда Мұса өз еліне: «Алланың сендерді Перғауынның әулетінен құтқарып, өздеріңе жасаған игілігін еске алыңдар. Олар, сендерді – ұлдарыңды бауыздап, әйелдеріңді тірі қалдырып, ең жаман азапқа салатын еді. Міне, осында сендерге, өздеріңнің Раббыңнан үлкен сынақ бар», – деген еді. Әрі сонда сендердің Раббың: «Егер шүкір етсеңдер, сендерге оны міндетті түрде арттыра беремін.

Ал, егер күпірлік етсеңдер, шын мәнінде азабым өте қатты», – деп жариялады», –(Ибраһим сүресі, 6-7 аяттар) деген аят Мұса (ғ.с.) пайғамбар халқының басынан өткерген адам төзгісіз қиыншылықтарынан Жаратқан Алла құтқарғанын ескерте отырып, тұтастай бір елдің бейбіт өмір сүруі өлшеусіз бақыт екенін жеткізуде. Ал, осы мамыражай шуақты күндердің баянды болуы шүкіршілікпен жалғасын табатыны да айтылуда.

Алғыс айту күні қазақ тарихының сындарлы шақтарымен тығыз байланысты. Қазақ халқы қиын-қыстау заманды басынан өткізді. Бұрын-соңды болмаған зұлматты заман болды. Бұған қоса, тұтас ұлттың басына қара бұлт үйірілген шақта тілі басқа, діні бөлек қаншама ұлттарға пана бола білді. Тағдыр тәлкегіне түсіп, жан сауғалап, қазақ жерінен пана тапқан өзге ұлттар қазақ халқына шексіз алғысын білдіреді. Өйткені, олар дархан даламыздан жылу тапты. Бүгінде олардың ұрпақтары Қазақстанды өз отаны деп біледі. Осынау кең байтақ даланы мұра етуіміздің бірден бір себебі Алла Тағала ата-бабамыздың дархан пейіліне берген болса керек.

Бұл мереке тарихымыздағы ең ауыр да, шешуші кезеңін ұмытпауға шақырады. Сонымен қатар, бұл мереке қазақ халқының дархандығы мен даналығын көрсететін айтулы күн. Біздің халық бас сауғалап келген ұлт өкілдерін Хәкім Абай: «Адамзаттың бәрін сүй бауырым деп...» дегендей бөліп-жармай қолындағы барымен бөлісті. Бұл әкенің қанымен, ананың ақ сүтімен һәм асыл діннің нәрімен біткен тектілік пен адамгершілік, дархандық мен кемеңгерліктің ең биік үлгісі. Мұндай ерлікпен мақтануға міндеттіміз.

Сондықтан Алғыс айту күні жай кезекті ұрандармен емес нақты тәрбиелік және тағылымдық іс-шаралармен өткізу керек. Қазақ тарихының алтын әріппен жазылған парақтарын жастарға жеткізу күні ретінде өткізу қажет. Жас ұрпаққа өнеге болатын ғибраты мол мереке. Ұлттық кодымызды қалпына келтіруде қажетті құрамдас бөлшегі. Аталмыш мерекенің де басты міндетінің бірі осы деп ойлаймын.

Жер бетінің дамылсыз соғыс соқыларынан алған жарақатынан емделу үшін әрі адамзат бүгінге мейірімділікке аса мұқтаж уақытта мұндай айтулы күн ауадай қажет. Сондықтан, Алғыс айту күні еліміздің азаматтары қазақ халқына алғыс айтуымен қатар баршамыздың өз ата-анамызға, бауырларымызға да қала берсе барша отандастарымызға алғыс білдіретін күн екенін ұмытпайық!

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.