«Айбында» айбынды жігіттер қызмет етеді

Пятница, 01 Март 2019 04:17 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2639 раз

Шымкент қаласынан әскер қатарына шақырылған сарбаз Бағлан Кадиров Қазақстан Республикасының Мемлекеттік күзет қызметі Объектілерді қорғау қызметінің Астана қаласында орналасқан «Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімінде Отан алдындағы борышын өтеуде.

Кадыров

«Айбын» Президенттік полкі» 0112 әскери бөлімі Қазақстан Республикасы Президентінің және бірінші тұлғаларының қауіпсіздігін, маңызды мемлекеттік нысандардың күзетін жүзеге асыратын алдыңғы қатарлы әскери құрылым болып табылады. Мерзімді жауынгерлік қызметті бұл құрылымның қатарында атқару – сарбаздар үшін үлкен абырой, асқан жауапкершілік.

Біздің жеке құрам қатарына еліміздің түкпір-түкпірінен, әр облыстардан денсаулық жағдайы, мінез-құлқы, жеке қасиеттері тұрғысынан үздік деп танылған жастар таңдалып алынады. Жауынгер Бағлан Бауыржанұлының осы қатардан табылғаны – оның туған өлкесінде: отбасында және мектебінде, оқу орны мен еңбек ұжымында алған білімі мен тәрбиесінің жемісі деп білеміз. Кезекті шақырылым кезінде үздік жастардың біздің құрылым қатарына таңдалып алынуы – аймақтағы жергілікті Қорғаныс істері жөніндегі департаменттің тиянақты жұмысының нәтижесі екенін де айта кету керек.

Бағлан Бауыржанұлы – 1999 жылы 12 мамырда, Оңтүстік Қазақстан облысы, Сарыағаш ауданы, Абай ауылында дүниеге келген. Көкшетау қаласы №17 орта мектебінің түлегі, 2016 жылы Шымкент Әлеуметтік педагогикалық университетінің денешынықтыру мамандығына сырттай оқып жүріп, әскер қатарына шақырылған.

Ол әскери қызметінің бірінші күндерінен бастап, жауынгерлік өмірдің қыр-сырын үйренуге зор ынтамен кірісті. Отанға деген жоғары патриоттық сезімімен қарулас достарына үлгі-өнеге бола білді. Өзіне жүктелген міндеттерді атқару кезінде ол белсенді, жауапты азамат ретінде танылды. Сөзі мен ісі жарасқан еңбекқорлығымен қатар қарапайым мінезді.

Жауынгерлік және мемлекеттік-құқықтық дайындық сабақтарында командирлерінен үйренген білімдерін қызмет барысында дұрыс қолдана біледі. Жауынгерлік дайындық нормативтерін әрдайым ең үздік бағаларға орындайды. Өзіне сеніп тапсырылған қарудың құрылымын, тактикалық-техникалық сипаттамасын, қызмет көрсету тәртібін жетік меңгергендіктен атыс даярлығында үздік нәтижелер көрсетіп жүр. Жауынгерлік кезекшілікте әрдайым қырағылық танытып, әскери міндеттерін жауапкершілікпен атқарғаны үшін бірнеше рет марапатталған.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.