Версия для печати

Қазақтың әйгілі аналары Избранное

Среда, 06 Март 2019 04:12 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3446 раз
Оцените материал
(0 голосов)

Дина Нұрпейісова: Күмбірлеген күй анасы

9dTcTLleSXNx

Қазақтың әйгілі күйшісі, сазгері, халық әртісі Дина Нұрпейісова 1861 жылы Батыс Қазақстан облысы, Жаңақала ауданында дүниеге келген. Домбыраны әкесі үйретіп, бала кезінен ойнап өседі.

Бір жиында 9 жасар Динаның тартқан күйін әйгілі композитор Құрманғазы Сағырбаев естіп қалады. Содан өзі ұстаздық етіп, тәлім-тәрбие берген.

– Ауылда өткен мерекеде үлкендер домбыра тартып сайысты. Мен қатысуға жүрексініп тұр едім, үлкендер қоймай қатыстырды. Құрманғазының күйін орындадым. Өзі маған мұқият қарап отырды. Кейін үлкендер мақтау сөзін жеткізді. Осылайша өзінің қол астына алып, 11 жыл бойы дос болдық. Мені ең үздік шәкіртім деп үнемі мақтайтын. Әр айтқаны мен үшін заң еді, - деп еске алады ұстазын Дина Кенжеқызы.

Дина домбыра үйреніп жүріп, тұрмысқа 19 жасында шыққан. Бір қызығы – жұбайының аты Нұрпейіс. Құжат жазуға барғанда атасының атын айта алмай, күйеуінің атын өзіне фамилия ретінде алады. Қазақтың дәстүрімен атасының атын атай алмаған жас келін өз тегі ретінде күйеуінің атын жаздырған екен.

Күйеуі жастайынан қайтыс болған Дина әмеңгерлікпен қайнағасына тұрмысқа шығады. Өзі он бала дүниеге әкелгенімен, біразы шетінеп кеткен екен. Бала бағып жүргенімен домбырада ойнап, күй тартуынан қол үзіп қалмаған.

Ал 1937 жылы Ахмет Жұбановтың тапсырмасымен Дина Нұрпейісова халық таланттарының республикалық слетіне қатысып, топ жарды. Ал екі жылдан кейін 78 жастағы күйші Мәскеу көрермендерінің қошеметіне бөленді.

Дина Кенжеқызы соңғы концертін 91 жасында, 1952 жылы берген. «Бұлбұл», «Әсем қоңыр», «Байжұма», «Жігер», «Ана бұйрығы», «Той бастар», «1916 жыл» секілді күйлерімен танымал болған әйгілі күйші 1955 жылы, 94 жасында дүние салды. Өмірінің соңына дейін орамалын өзі тартып, сырт көздің алдында шешпеген дейді көзін көргендер.

 

Хиуаз Доспанова: Көкті бағындырған қаһарман

Хиуаз-2

Хиуаз Доспанова 1922 жылы Атырау өңірінде дүниеге келген. Оқуда озат болып, мектепті алтын медальмен бітірген. Сол кездегі ұшқыш-батырлардың ерлігіне тәнті болып, жастайынан ұшқыш болуды армандайды. Мектеп қабырғасынан жергілікті аэроклубта оқи жүріп, аттестатпен бірге запастағы пилот куәлігін қоса алады.

Бір өкініштісі, Мәскеудегі Жуковский атындағы әскери-әуе академиясы тек ерлер оқиды деп, талабы таудай қызды қабылдамаған. Хиуаз елге оралып, медицина институтына оқуға түседі. Бірінші курсты аяқтағанда Ұлы Отан соғысы басталып кетті.

Көп өтпей Хиуаз Марина Раскованың басқаруымен жаңа әйелдер авиациялық полкі құрылып жатқанын естиді. Қабылдауға жазылып, басқа қыздармен бірге Саратов түбіндегі училищеге оқуға аттанады. Ал 1942 жылдың мамырында КСРО тарихындағы жалғыз әйелдер авиациялық полкі ұрысқа аттанады.

Бұл полктің жаудың зәре-құтын алғаны соншалықты, басқыншылар оларды «Nachthexen» («Түнгі жалмауыздар») атап кеткен. Ұшқыштардың ерекше ұрыс тәсілі болған. Олар жеңіл ұшақтарымен жауға таяп келіп, қозғалтқыштарын сөндіреді. Ешкім байқамай тұрғанда жаудың үстіне төніп, бомбаларын тастап кетіп отырған.

Штурман-мерген болған Хиуаз Доспанова ұшағымен әуеге 300-ден астам рет ұшқан. Бір айта кетерлігі, қазақтың қаһарман қызы полктегі ұшақ кабинасында белдік тақпайтын жалғыз ұшқыш болған. Мүмкін, осы әдісі де өмірін сақтап қалған болар: 1943 жылдың түнінде Пашкова – Доспанова экипажы әуежайға қонар сәтте Макогон – Свистунова ұшағымен соғысады. Доспанова мен Пашкова ес-түссіз халде дала госпиталіне жеткізілген.

Юля Пашкова операция үстелінде көз жұмады. Хиуаздың бойынан да ешқандай тіршілік белгісі білінбегендіктен, оны да мәйіттің жанына жатқызып қояды. Дегенмен, санитарлар біраз уақыттан соң қазақ қызының денесі қуармағанын байқап, ем-дом жасай бастайды. Осылайша Хиуаз көзін ашып, беті бері қараған.

Аяғы қатты жарақаттанғанымен, дәрігері қыздың аман қаларына сеніп, кесуден бас тартады. Шынында да, кейіннен Хиуаз толық жазылып шыққанымен қоймай, қайтадан майданға аттанған.

Осынау ерлігі үшін Хиуаз Доспанова «Қызыл Жұлдыз», «ҰОС ІІ дәрежелі, «Қызыл Ту» ордендерімен, «Кавказды азат еткені үшін», «Варшаваны азат еткені үшін», «Германияны жеңгені үшін» медальдарымен марапатталған. Ал 2004 жылы Мемлекет басшысының жарлығымен Хиуаз Доспанова еліміздегі ең жоғарғы марапат – «Халық Қаһарманы» Алтын Жұлдызымен марапатталды.
Батыр ұшқыш соңында өшпес ерлігін қалдырып , өмірден 2008 жылы өтті...

Нұрлан БЕКТАЕВ

Қ.А.Яссауи атындағы халықаралық Қазақ-Түрік университетінің филология факультетін 2005 жылы тәмамдаған. Журналистика саласында 2006 жылдан бері еңбек етіп келеді. 2006-2017 жж аралығында "Отырар-TV" медиахолдингінде жұмыс істеген. 2017 жылдың қараша айынан бастап қалалық «Шымкент келбеті» қоғамдық-саяси газетінің тілшісі. 2018 жылдың наурыз айы мен 2019 жылдың тамыз айлары аралығында газеттің бас редакторының орынбасары қызметін атқарды.