Шымкентте қалалық Қазақстан халқы Ассамблеясы жанындағы Аналар кеңесі демографияға үлес қосып жүрген аналарға құрмет көрсетті.
Мерекелік жиынға Аналар мен әйелдер кеңесінің мүшелері, «Алтын алқа», «Күміс алқа» иегерлері мен көп балалы аналар қатысты.
– Шымкентте әлеуметтік көмек алатын отбасы саны қазір таңда 20 мыңнан асты. «Нұр Отан» партиясының жуырда өткен съезінде көп балалы отбасыларға қолдау жасау, мүгедек балалардың жәрдемақысын көтеру және оларды баспанамен қамту мәселесі көтеріліп, қазір бұл бойынша жобалар дайындалуда.
Аналар кеңесі де көп балалы аналарға қолдау шараларын тұрақты ұйымдастыруды жоспарлап отыр, - деді Аналар кеңесінің төрайымы Балқия Көмекбаева.
«Алтын алқа» иегері Гүлзада Омашева жастарды көп балалы ана атануға шақырды.
– Әр бала өмірге өз несібесімен келеді. Балаларымның алды жоғары оқу орнын бітірсе, кейінгілері Назарбаев зияткерлік мектебінде білім алады. Біз секілді аналарға деген қолдау болашаққа деген сенімімізді арттырып, көңілімізді тасытты.
Ұрпақ үшін қамқорлық мемлекеттен болғанда, ұрпақ тәрбиелеу бізден болсын, - деді Г.Омашева.
Мереке барысында бір топ анаға қалалық ҚХА атынан алғыс хат және сый-сияпаттар табыс етілді.