Жүзден жүйрік шыққан шәкірт

Среда, 06 Март 2019 04:52 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 3107 раз

Таяуда шымкенттік өрен «Зерде» XIV республикалық жас ғалымдар байқауынан жүлделі оралды. 1-7 сынып оқушылары арасындағы зерттеу жобалары мен шығармашылық жұмыстарының сайысында химия-биология бағытындағы Назарбаев Зияткерлік мектебінің оқушысы Әсем Әлімқұл екінші орынға ие болды.

558858

ХХІ ғасыр – зияткерлік пен жаңашылдықтың дәуірі. Заман өзгерістерінен тыс қалмай, өзінің жаңа технологиялық жетістіктерін паш ету – бүгінгі жас ұрпақтың үлесіне тиген үлкен мүмкіндік. Осыны ұғына білген Әсем де мектепте жүріп-ақ жаңалық ашуға болатынын тағы бір мәрте дәлелдеді. Нақтырақ айтсақ, ол аталған сайыста күнделікті тұтынатын ас-ауқаттағы C дәруменін тауып, әр түрлі тағамдағы витаминнің мөлшерін көрсеткен.

– Менің дәруменді нақтылау әдісім тек зертханаларда жүзеге асырылмайды. Оны үй жағдайында да кез келген адам сынап көруіне болады. Өзіме келер болсам, бір айды зерттеу жұмыстарына арнадым. Алдымен мектепте оқушылар арасында сауалнама жүргіздім.

Белгілі болғаны, біраз оқушылар дұрыс тамақтанбайтын болып шықты. Енді сыныптастарым бұл әдісті өз тәжірибесінде қолданып, тамақтанар алдында дәрумендердің мөлшеріне мән беретін болды, - дейді ол.

Әсем – оқуда озат, ізденімпаз оқушылардың бірі. Сондай-ақ, ол сабақтан тыс уақытта тенниспен кәсіби түрде шұғылданады. Болашақта химиялық зерттеу әдістерін меңгеріп, зертхана ашсам, дейді. Бұл жолғы жеңісін анасына арнап, барша нәзік жандылар мен аруларды алдағы мерекемен құттықтады.

– Көктем мерекесімен барлық қыздар қауымын шын жүректен құттықтаймын. Нәзіктік пен әдеміліктен тұратын арулар үнемі гүлдей құлпырып жүрсе деймін!