Бес басқармада заманауи менеджмент қолданылмақ Избранное

Среда, 13 Март 2019 04:02 Автор  Опубликовано в Қоғам Прочитано 2021 раз

Шымкент қаласының әкімдігі тың басқармашылық тәжірибеге өтті. Қала әкімінің орынбасары Данат Жуминнің айтуынша, шаһар басшысы Ғабидолла Әбдірахымов кәсіпкерлермен кездескен. Онда әкімдіктің бес басқармасында пилоттық режимде менеджмент әдісін өзгертуді тапсырды.

кала менеджмент

– Бұл нені білдіреді? Біріншіден, қала әкімінің орынбасары, яғни - мен және бес басқарма кабинеттік жүйеден алшақтап, ашық кеңселік кеңістікке (open space) өтеміз. Бұдан былай бір-бірімізге жақын орналаса отырып жұмыс істейміз.

Біздің арамызда қабырғалар мен қабылдау бөлімдері, хатшылар мен көмекшілер болмайды. Басшылардың кабинеттері әйнектен болады, - деді Данат Жумин.

Оның жазуынша, алдағы уақытта ашық есік саясаты жүзеге асырылады. 6 хатшының орнына бірыңғай рецепция болады.
– Екіншіден, біз халыққа және оның қажеттілігіне жақындай түсеміз. Есік алдын полиция қызметкерлері күзетпейтін болады. Мейлі кәсіпкер немесе инвестор болсын, қарапайым азамат болсын, ешқандай тексерусіз қабылдайтын боламыз, - дейді ол.

Қала әкімі орынбасарының сөзіне сенсек, «ашық» кеңседе барлық мемлекеттік органдар мен ұйымдардың өкілдері жиналады.
– Үшіншіден, «пилоттық» басқармаларда заманға сай менеджмент тәжірибесін қолданамыз. Ең бірінші кезекте, осы тәжірибе арқылы бірқатар мәселеге назар аударсақ дейміз.

Біріншіден, заманға сай амал-әдістер жергілікті атқарушы органда қаншалықты тиімді болады? Мемлекеттік секторға әлемнің үздік тәжірибелері сіңісіп кете ала ма? Осы сұрақтарға жауап іздейміз, - дейді Данат Жумин.

Эксперимент сәуір айында басталып, жыл соңында аяқталады. «Кейін қорытындысын шығарып, халыққа міндетті түрде хабарлайтын боламыз», - деп түйді Д. Жумин.

Редакция

Қалалық «Шымкент келбеті» «Панорама Шымкента» газеттері 1990 жылдың 21 шілдесінен бастап шығады. Басылымның құрылтайшысы - Шымкент қаласы әкімдігі. Шығарушы - «Шымкент ақпарат орталығы» ЖШС-і. Қоғамдық-саяси газет қаланың тыныс-тіршілігін сипаттап, жаңалықтармен хабардар етеді.