Еліміздің Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрлігінің жоспары бойынша 2019 жылы әкімдіктер «Нұрлы жер» бағдарламасының 3 355 пәтерін «7-20-25» бағдарламасы бойынша сатуға бөледі. Бұл туралы «Баспана» ипотекалық ұйымының сыртқы коммуникациялар департаменті хабарлады.
Аталған департаменттің мәліметінше, “7-20-25” бағдарламасы үшін қолжетімді пәтерлердің ең көбі Шымкентте (1282 пәтер), Ақтөбеде (605 пәтер) және СҚО-да (411 пәтер) беріледі.
Еске салайық, осыған дейін «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша үйлер әкімдіктерде кезекте тұрғандар мен Тұрғын үй құрылысы жинақ банкінің салымшылары арасында бөлінген еді. Алайда пәтерлерді өткізу қағидаларына өзгерістер енгізуге байланысты жыл басынан «Нұрлы жер» бағдарламасы бойынша берілетін үйді «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар да алады.
Егер нарықта үйді сатып алу кезінде «7-20-25» бағдарламасына қатысушылар пәтерді құрылыс компанияларының сату бөлімдері арқылы таңдаса, мемлекеттік тұрғын үйді алу жағдайында пәтерлердің болуын және сипаттамаларын жергілікті әкімдіктерден нақтылау қажет. Бұған дейін Елбасы өз Жолдауында ел тұрғындарын «7-20-25» бағдарламасы бойынша баспанамен қамтуды тапсырған еді.